Арман Әділбекұлы: Құдай менің ішімде...

6.jpg

ӨЛАРА

Мен таңырқаудан бас тартқалы,

Таңым жазиралы шөлге,

Кешім мөлдір әйнекке ұқсап барады,

Кенезем кебеді,

Қолым жетпейді,

Көзім жасық.


Мен таңырқауды ұмытқалы

Төрт маусымда парық жоқ,

Күн мен түнде есім жоқ,

Шарапта дәм жоқ,

Ермен иісі бұрқырап тұрған анау беткейдегі мазарларда

Келешек жоқ.


Мен таңырқауды ұмытқалы

Тіршілік мені тым алыс мекенге жетектеп барады,

Ол тіршіліктен де алыс дүние.

Сонан бері шығыс ішіме еніп,

Батыс мүсіркей бастады,

Жел соғады әнтек кекіл көтеріп,

Көкірекке сіңбейді.


Жолдың бәрі еске алуға бастағанымен,

Өліммен аяқталмайды,

Өлімнің шексіздігі соншалық

Жұмақ пен тозақты

Фәни мен бақиды

қақпақыл етеді.

Бірақ,ол ешқашан әнеу ауада бұйралана қалқып жүрген ой толқындарын үзе алған емес.


- Сен мені түсінесің бе? -дейді бір елес сонда,

Мен болсам тоқталмай сөйлеу үстіндемін,

Ол қайталап сұрай береді,

Мен де сөйлей беремін.

Аралығымыз қаншама алыс болса да

Оның қолындағы шылым түтіні қолқамды қабады.

Бейне, мен Құдайдың жанында отырған сәби сияқтымын.


Кенеттен ойыма оралған əлдебір көлеңкенің күбірі,

Әлде таулардың шытынай үгілгені,

Дариялардың қыстыға буылған көмейі,

Иесінен адасқан даланың мең-зең тынысы…

Тоқтатар,

Жоқ,

Жолыма салады мені.


Бірақ, мен ешқайда бармаймын,

Әкем салып кеткен,

Анам от жаққан,

Ессіз күнім қалған

Аяулы алтын үйімді

қия алмаймын,

Іштей мұның абақты екенін мойындасам да.


Иə,солай,

Мен өткен емеспін,

Мен ертең емеспін,

Мен келесі ұрпаққа адасу туралы айтылатын әфсанамын.

Мен-

Құрбандықпын.


Мен таңырқаудан бас тартқалы

Қаншама ғасыр өтті?

Таңырқау да өзін ұмытқан болар?

Дегенмен,адаспауға жақындай беретінімді біліп,

Құм басып кеткен үйімнің ішінде

Тасқа айнала бастаған тереземді іздеп жүрмін.


Бұл сапардың аяқталмасын сезсем де.



БІРІНШІ БАСПАЛДАҚТЫҢ ҮСТІНДЕГІ ЖЫР

 

Таң ағарып келеді,

Дидарынан сыбызғы түсі тамшылап,

Кеш батып барады,

Сүтке тойған жетім қозыдай

Бәрін ұмытып.

 

Бұл көпірдің шет-шегі торғын бұлытқа байланған,

Аяқ іздерін шырмауық бүркеген.

Із жанында

Сүйретілген қайқы қылыштың табы,

Зеңбірек оғының күлі.

Менің бабаларым қалдырған,

Олардың бабалары қалдырған белгілер.

 

Маңдайшаға ойылған

Крест жүзінен жұмбақ күбір тамады,

Салқын,

Әлде жылы екенін білуге қолым жетпейді.

Ауада қалқып тұрған

Айқыш жүзінен жуықтап қалған ажалдың мұңы аңқиды,

Дұрыс,

Әлде бұрыс екенін білуге тәлімім жетпейді.

 

Көзімді жұмсам болды жарғақ қағазды қан тамшыларымен бояп жатқан Анахарсис,

Қобызынан шумақ-шумақ қасірет тарап жатқан Қорқыт,

Оққа сүйенген арқардай қаламымен жер тіреп отырған Абай сұлбалары қарауытады.

 

Жоқ,үнсіздік емес бұл- күбір!

Бұл күбір-менің өзім,

Топырақ бауырына басылған бағдарым.

Ол ешкімге анық естілмейді.

Ешқашан...

 

Аттанар алдында кімнің рухына тәжім еткенім есте жоқ,

Тек, күннің тезірек шығуын тілей бердім,

Шыны қабырғаларға соғылған дыбыстарымның мәйітінен аттап өтіп

Ілесемін ғой деп.

 

Ту алыста аруақтай ағараңдап Хантәңірі көрінеді,

Кебіні тұманға айланып.

Тортөбелі шұлғып басқан әлдебіреу

Әлі ешкім оқымаған

Таумен бірге сырғып бара жатқан

Алып кітаптың ішіне сіңе берді,

Сорабын жел жуып.

Ал,бүгінгі уәжім өзгеше,

Семсер туралы емес,

Парасат туралы емес,

Көпірдің кісі сүйегінен қаланбағаны жайында.

 

Сірә еш бағытқа қарамаспын,

Көзімді тас жұмып алып

Шараппен алғаш жүздескендей,

Және,

Шарапқа құныққан сәттегідей сезімдермен

көпірге шығармын.

Әзәзіл күтеді онда мені

Адам ата хақында шыт жаңа хикая шертпек болып.

 

Нұхтың арқасына мінген мінәжат,

Мұхаммедтің керуеніне ерген сенім,

Сиддарханың әуенімен мастанған үміт...

құлағыма естіртті бір үнді

"құдайдың жүзперделері өлді!"деген,

Сонда барып жұлдыздар әлеміне

Бәйтерек бұтағындағы миллиондаған жапырақтардан гөрі

Айдаһар оралған тамыры жуық екенін сездім.

 

Саған да,

Маған да анық бір дүниелер

Қураған гүлдей жапырақ тастап жатты,

Жаңа ғана жанып кеткен жалау секілді.

Шылым түтінінің ішіне жасырынған көкірегім

Жүз жыл бұрын су шайып кеткен мазарға тура қарай алмай жасқанды.

Абақты ішінде дүниеге келген әндердің және бір абақты ішінде асқақтата шырқалып жатқанына таңданды.

Сосын,

Төбемнен шаншыла қарап тұрған ай суретін қойын дәптерімнен шимайлап тастауға ұмтылдым.

 

Бұл көпір мені

Жамыраған көп көлеңкемнен алыстатады.

Бұл көпір мені

Саған деген теңдессіз мейірімге бастап барады.

 

Таң ағарып келеді,

Анары әппақ гүлге айланған.

Кеш батып барады,

Жүзінде жүректің бояуы бүлкілдеп...

 

МЫЛҚАУДЫҢ  МІНӘЖАТЫ

Тәңірім мені ешқашан

Зәру етпеді айту мен естуге,

Зәру етпеді өсектен қажыған жандардың қайғысына,

Зәру етпеді уәдеден қобалжыған жүректің лүпіліне.

 

Әлгі бір қурайдың кездіктен келген ажалы үшін тамсанғандардың қаттылығына қайран қалсам да,

Гүлдердің үнін тыңдағым келді.

Анамның әлди жырын ести алмасам да,

Мен ғашық  аруды алған әзірейіл естірлік

Жоқтау айта алмай тұншықтым.

 

Мені Тәңір жалғанның үнсіздігіне батырғанымен,

Дыбыссыздықтың дүниеге парық емесін ұқтырды.

Сөйлеудің де

Өмір сүрумен қатыссыздығын сездірді.

 

Қашанда мән үзілмес жанарымнан

Басқалар айта алмас

суретті байқадым буалдыр.

Сонан тартып

Жүректің күбірі ғана екенін білдім әлемнің мәні,

Сонан тартып

Махаббаттың өзімшілдігіне сенімім жоғалды,

Сонан тартып

-Мен мылқаумын-, деп айғайлай бердім іштей...

 

ШЫҒЫС ЖҮРЕГІНДЕГІ СЕРПІЛІС НЕМЕСЕ АДАМ ЖЫРЫ

Мынау дүние құдіреті шексіз құдайдың ішінде,

Ал, құдай менің ішімде.

Сыртымда айнала созылған сəулелер-Ойларым,

Күбірім,

Сезігім,

Тағы,уақыт-

Таң сайын жапыраққа тұнған зілмауыр шықтың жұмбақтан арылған түсінде

Күмілжіп тұрады ұдайы

Қартайған қазанат пішінде.

 

Асатаяғыма самұрық ұялап,

Абдырама аспан мен жер түнегелі,

Ақ пен қараның,

Жас пен қарттың,

Дұрыс пен бұрыстың шегінде тұрған ғибадатханадан

Кеудемнен жасалған күмбірі,

Әуен естідің бе?

Ендеше,

Соңғы мұң сол ілкі мұң.

 

Иə, ешкімді де құшақтамадым,

Ештеңені де сүймедім.

Себебі,олар тағдырын іздеп жолға шығарда-ақ таусылған..

Гүл қауызында туылған өзімнің кешегі мәйітім секілді,

Тілемедім және ешқашан кешуді.

 

Аз-ақ едім әлмисақтан,

Әлмисақтың әфсанасы сияқты,

Жадыларды сескендіріп тасқа сіңген әсердей.

Өлетіндер ғана сүретін ғұмыр жайында үндеудің өзі ұятты,

Парықтауға мүмкіндігі жетпей қалған өлім мен өмірдің іреңін.

 

Ей, шығыс пен батыстың тұтқындары,

Сендер кешеден бері ұйықтадыңдар өтірік,

Ояндыңдар өтірік.

Ол сендердің көлеңкеге бей-жәй қарар

Сәттеріңді тозақ деді әу баста…

Күңірену гүлденгелі,

Көз жұмуды ұмытқалы,

Күйдің бәрі алмасқан.

 

Көздерім жарықты көрген жоқ,

Таратты.

Көздерім қараңғыға түскен жоқ,

Жаратты.

Барды жоқ қылатын,

Жоқты бар қылатын

Қасиетті қос жанарымнан өзге маңызды түк те болмаған,

Әрбір тынысым ғана осынау үрдісті жалғаған.

 

Мына дүние құдіреті шексіз құдайдың ішінде,

Ал,мен уақыттың аумағынан мәңгі бақи шықпау жайлы үндейтін рауаяттардың барлығын өртке тастаймын да,

Шарапқа тоғытпақпын түмен жыл бұрын Нұх пайғамбарға ішілген.

Соңында,

Тост айтып өзіме сиынам,

Өзіме табынам,

Өзімнен сұранам…

Құдайдың есендігін тілеп.

Өйткені,

Құдай ішімде.

 

ТІЗЕ БҮГУ

 

Аспанға іңкәрміз!

Шексіздік,

Сұлулық,

Тазалық…

Сонда деп.

Біздің махаббат тұнған жанарымыздың ішінде

Жұлдыз қонады,

Ай қалқиды,

Күн жүзеді…

Сосын,

Өртейді мықан ағашын

Албырт лебімізден тамған от.

 

Уақыттың қалтарысындағы жадынамадан жаңғырған бір үн

Солқылдатып өтеді сабырлы жүректерді,

Солқылдатып өтеді тұңғиық гүлінен бүрлеген ойларды,

"Жалғыздар  жарыққа ұшып кетсе де,

бәрібір олар қашықтықтың құлы. "

 

Топырақта туылып,

Құмға батып өлеміз,

Ескі мен ертеңнің парқын таба алмай ақыры.

Ал,аспанға іңкәрлігіміз соншама,

Қылтиып келе жатқан майсаның ғаламаты үшін де емес,

Көңілімізді

Көкте аунап бара жатқан бұлытқа бөлеміз.

 

Анасы бар жетімектер екенін сезбейді ешкім де,

Өйткені, біз өлгенде де шалқалап жатамыз.

Жер үшін орын тек қана сөзде,

Ол сонда да бізді бойына сіңіріп алады,

Жұлдыз қонған,

Ай қалқыған,

Күн жүзген жанарымыз

бара жатады мәңгіге солай өшкіндеп.

 

КӨКТЕМ

Өрік бұтағында қонып отырған шымшықтың көзінде,

Кеше ғана үсіп қалған гүлдердің рухы құлазиды.

Тұйықсыз жауған қар шешектерінің арасында шаттанған титімдей жүрек,

Бүгін аза тұтып томсыраюда...

 

Өрік бұтағында қонып отырған шымшықтың көзінде,

Кеше ғана үлбірей жауған қардың рухы құлазиды.

Күн шуағымен мастана балбырай қалқыған титімдей жүрек,

Бүгін аза тұтып томсыраюда.

 

УАҚЫТТЫҢ УАХИЫ

Алқара көктен төгілген торғын сауленің

Топыраққа сіңгені,

Ғарда туылған абыз лепесінің

Түн мен күн шегін шалғайға шегіндіргені,

Тасқа сызылған тағдыр ырғақтарының

Ғасыр арасына әлсін-әлі таусыла тамғаны,

Жапандағы жалғыз бәйтеректің

Жапанда жалғыз қалғаны,

Семсер жүзіндегі сері сөзінің,

Шырақ жанғанда шалғындай жайқалғаны,

Таулардың асқақ иығын із қайшылағанда

Көк теңіздің күңірене шайқалғаны,

Көлдің жүзінде қалқыған қайықтардың,

Қаңсыған шөлде қабықтай қурағаны,

Әулиелер қалдырған əлмисақ мәтінін,

Жақұт моншақты құлдар жырлағаны,

Батыста аяқталған жолдардың,

Шығыстың шыңдарынан басталғаны,

Шығыста аяқталған жолдардың

Мұхиттың маңғаз бауырын жастанғаны,

Менен өрбіген үнсіздіктің

Жаңғырықтан жеңілгені,

Махаббаттан жаралған адамзаттың

Айна артында аласұрғаны,

Айна алдында егілгені,

Сенен сұралған ескі сұрақтардың

Алтын түрмеге айланғаны,

Күнге көз салған көкірегіңнің

Келесі бір сәттер жайында ойланғаны,

Оның өзегіндегі теңіз жағасы

Жанында жайғасқан кісідей алыстағаны,

Аңыздай алыс меңіреу мəндердің,

Таңғы тағылымдармен табыспағаны,

Тұманның шеті сөгіліп келе жатса да

Мәңгірулердің мәңгілік екені,

Ешкімнің ешқайда бармайтыны,

Және,

Болмағандығы жерден басқа мекені...

 

Бәрі де менің көзімнің алдында,

Бәрі де менің есімде…

Тәңірдің ішіндей шексіз уақытпын мен.

Құм кешіп топырақ шайқаңдар енді

Бір тамшы жарық сіңген

Кеше ғана.

 



Ұқсас тақырыптар