Тағдыр лабиринтінде адасқандар...

5.jpg

Жазушы Дархан Бейсенбектің «Қылтұсау» (Алматы, «Жалын» баспасы, 2015) романы оқырман қауымды бей-жай қалдырмайды деп ойлаймыз. Басты кейіпкер – Баддиды 1998 жылдары америкалық Ричард пен Марияна сатып алған. Өз елінде өгейлік күйік кешкен Бадди шетелдік мейірімді ата-анасының қамқорлығының арқасында балалық шағы алаңсыз өтеді. Ол енді бокс үйірмесіне барып жүр. Күндердің күні Бадди Америка Құрама Штаттарының іріктеу турниріне қатысу үшін Далласқа кеткенде, әкесі Ричард пен анасы Марияна портты қала – Гальвестонға туысқаншылап кетеді. Алапат торнадо да дәл осы қалада болады да, ата-анасы сонда қаза табады. Туғанда тағдыр талқысына түскен Бадди осылайша Америкада бақытты ғұмыр кешіп жатқанда тағы да жалғыз қалады. 

Қаламгердің оқиғаларды жеткізу тәсілі де ерекше. АҚШ пен Қазақстандағы оқиғалар кезек-кезек өріліп беріліп отырады. Екі жақта да жастардың оңай ақша тапқысы келіп, бұрыс жолға қалай түскендерін байқамай қалатын нашақорлық мәселесі суреттелген. «Жамандықтан да сабақ алуға болады» дегендей, автор адамдық жолдан айнымаудың жолдарын олардың басынан кешкен күрделі оқиғалар арқылы жақсы жеткізген. Бізге керегі – осындай ой саларлық дүниелер ұсыну ғой, қазіргі қоғамдағы келеңсіздіктерді тілге тиек етпеу – азаматтық ұстанымға да жат. «Ауруын жасырған арам өледі» деген сөз бар, қоғамдағы дертті бүркемелеп, бізде бәрі керемет деп көрсету – советтік қасаң қағиданың қанды сиясына қаламын малғандардың машығы, бұл бүгінгі жазушылар да ескерер нәрсе, ондайдан, әрине, арылу керек... Мысалы қаламгер Бекежан Тілегенов «Тұйық өмірдің құпиясы» романында советтік қаламгерлердің шығармасында «арақ, темекі, наша» сияқты тағы да басқа жағымсыз сөздер кездесіп қалса, кітап цензурадан өтпей, бірден туралып кететіні не «өңделетіні» туралы жазылған... 

Ал Дарханның қаламы мұндай жазылмаған ережелерге бағынышты емес. Еркін көсіледі. Ол екі елдегі оқиғаларды кезек-кезек ауыстырып беріп отырады. Аралары ұзақ та емес, оқырман орманда адасып кетпейді. Мәселен, алматылық журналист Әмір мен студент Тамшының кездейсоқ танысуынан басталады. Әмір қалалық газетпен қатар, жатақ мәселесін шешу үшін Университет газетіне де қосымша жұмысқа тұрған. Әмірдің жатақханадағы бөлмелесі – Ғабит. Әмір осы Ғабит туралы: «Не жұмыс істейтінін жұмбақтап айтпайды. Қызық жігіт өзі. Университеттің жатақханасына қалай тұрып алған? Өзі оқымайды. Сөзінің аунаына қарағанда байдың баласы. Алайда өз әкесінен қашқақтап жүреді» (26-бет), - деп іштейгі таңданысын жасыра алмайды. Осы кішкентай ғана детальдің өзі сізді де ынтықтырып қояды, кітап өзіне тарта түседі, әрі қарай не болар екен деп оқи түсесіз. Ғабит – марқұм анасынан қалған қос бөлмелі үйін жылға жеткізбей сатып жіберген. Университет проректоры анасының жақсы танысы болғандығының арқасында жатақхананың жалғыз бөлмесін паналап жүрген жан. Әуелде Ғабитте бәрі де болған. Анасымен ажырасып кеткен әкесі – ірі кәсіпкер. Ұлының жаман жолға салынбауын ол талай мәрте ескерткен, тіпті сол үшін бар жағдайын жасайтындығын да айтқан. Бірақ нашақорлыққа тәуелділіктің кесірі – кесапатқа ұрындарарын Ғабит ол кезде түсінгісі де келмейді, оған құлқы да жоқ. Қолдағы барын шашып, шалқып өмір сүреді. 

Ал Америкадағы Бадди ақырындап қалпына келе бастайды. Ата-анасы мына дүниені тәркі етіп кеткеннен кейінгі отыз алтыншы күні пошта жәшігіне несиеге алынған үйдің ай сайынғы төлемінің кешіктірілгенін айғақтайтын хат келген. Жағдай ушығып барады. Баддиге енді қалай да бір жұмыс табу керек. Не істеу керек? Кенет оның ойына қара нәсілді Фрэнк досы түседі. Себебі ол бұрын досына жұмыс ұсынып жүретұғын. Фрэнкке Бадди: «Осы уақытқа дейін ешкімге жалынып көрмеппін. Тіпті біреуге өтініш те айтпаппын. Алайда, әке-шешем кеткен соң абдырап қалдым. Өмір сүру қиындап кеткендей. Қысқасы, Фрэнк, маған жұмыс керек тез арада. Үйдің несиесі, басқа да толып жатқан қарыздар бар. Енді ес жимасам болмас. Маған осы ретте сенің көмегің қажет, достым» ( 22-бет), - деп өтініш білдіреді. Фрэнк келісімін береді де, досын пицца сататын жұмысқа орналастырады. Шым-шытырық өмір енді басталады. 

Қазақстандағы оқиғаға аусайық. Әмір Ғабиттің достарының сауық кешіне барады. Әрине, әуелгіде Әмір барғысы келмегенімен, Ғабиттің қызы – Сафура өтініш жасаған болатын: «Ғабит достарымен көңіл көтерем деп қызып қалуы мүмкін. Бұл қызып алса көшедегі көрінген адамға соқтығып бәле қылады» (26-бет), - деп. Ғабит тек нашақор ғана емес, сонымен қатар ішімдікке де әуес. Осы кеште Ғабиттің Америкада оқып жүрген қарындасы Айару да болады. 

Өмір-өзен өзінің арнасымен ағып жатады. Әмірдің журналистік зерттеу жұмыстары басталады. Бас редакторының бастамасымен мафия тақырыбын жазады. Келе-келе сондай бір дөкейдің отбасындағы өміріне қанығады. Сөйтсе, шетелде оқып келген ерке ұлы қызтекеге айналып келіпті... Өмірден алынған шындық. Нашақорлық, жезөкшелік, тағы да басқа толып жатқан осындай мысқалдап кіріп жатқан аурулардың бәрі де Батысқа еліктеген жастардың тағдырын талқандап жатқан жәйттер. Осындай әр түрлі дерттерге табанды түрде қарсылық танытқан азаматтарымыз тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде қоғам тәртібін бақылау әлсіз болған тұста бар күштерін аянбай салысқандары белгілі. Қаламгер сол тоқырау шақта сыртқы күштерден тосылмай «жалаңаш қолмен жауға шапқан» қазақ жігіттерінің қазаққа қормал бола білгендерін тілге тиек ете отырып, оларға деген құрметін білдіреді. Ал олардың ізін басқан кейінгілердің тірліктері тіпті ұсақталып кеткенін де өкінішпен еске алады... 

Америкадағы Бадди болса пиццасын сатып, нәпақасын өзінше тауып жүр. Бір күні Фрэнк досы екеуі үйінде ішімдік ішіп, көңіл көтереді. Таң ата басы ауырып тұрған Бадди досының шегіп отырған темексін сұрайды, досы бергісі келмейді. Жұмбақтың шешуі осы жерде айқын бола түседі. Темекі дегені – наша. Әуестігі жеңген Бадди сол «темекіні» бір тартып көруден бас тартпайды. Есірткіге еліткен екеу осы кезде ашық диалогқа көшеді. Фрэнк оған: «Азиат, біздің айрықша мәртебелі клиенттеріміз – наркомандар. Ал біздің пиццамен бірге беретін дәмдеуішіміз – есірткі. Сондықтан олар пиццаға он есе артық ақша төлейді» (37-бет), - деп бар сырын бір-ақ ашады. Бұл бизнесті дөңгелетіп отырған – «түрме төрінде» отырған Джош деген зэк. Бұл АҚШ-тағы оқиғалар. 

Қазақстанда өтіп жатқан оқиғаларға келейік. Ғабит әлі де «әләуләйлімінен» арылмай, құмарлықтың құлақкесті құлы болып жүр. Есірткінің екінші құлы – Сафурамен уақытша жүріп жүрсе де, Ғабит бұрынғы қызы Тамшыны сүйеді. Ал Тамшы – Ғабиттен жүкті... Осы жерде нағыз нашақордан қандай ұрпақ туарын елестетудің өзі қорқынышты... 

Америкада отырып, Ауғанстанды азсынып, кәсібін Қазақстанда да дөңгелетпекші болған Джош Фрэнк арқылы тапсырма береді. Джоштың ойы – «Қазақстандағы Шу деген жер арқылы қарасораның аса қуатты жабайы түрі бар екен, енді сол жаққа канал ашу керек». Басында қанша қиналса да, бір иірімге түскен соң қашу қайда, басы пәлеге шатылған, бір жағынан тұрмыс илеуіне түскен Бадди амалсыз келіседі. Ендігі міндет – қазақша тіл үйрену. «Джош келісімін беріп, іске кірісіңдер деген бұйрық түскен соң Фрэнк пен Бадди әлеуметтік желі арқылы Қазақстан деген елдің Хьюстонда оқып жүрген студенттерін іздестіре бастаған. Талап бойынша тіл үйретуші тек қыз бала болуы керек» (57-бет). Бірнеше қыздың ішінен ең қолайға жаққаны – жоғарыда атаы аталған Айару есімді студент болып шығады. Ол нашақор Ғабиттің туған қарындасы. Бірақ Айаурудың ой – ізгі. Ол Бадди мен Фрэктің негізгі жоспарынан бейхабар. Мақсаты – өл ұлтының тілін білгісі келіп тұрған жанға барынша көмектесу. 

Оқиға осылайша тереңдей береді, шиеленісе түседі. Мына кездейсоқтыққа қараңыз – Бадди Шуға есірткі тасымалдауға еркін жол ашу үшін келді, бірақ жергілікті қылмыскерлердің құрығына түсіп, полицияларға ұсталып қалған Баддиді құтқаруға да осы Айару келеді. Ал Ғабит – Баддиді бұйрық бойынша Америкадан күтіп алып жол көрсетуші. Екі жақтағы көлеңкелі бизнес өкілдерінің алтын көпірі. Бірақ ол – Баддиге қиянат жасайды, оңай олжаға құныққан жергілікті мафия америкалықты жасыл қағаз үшін құрбан қылмақшы. Бұл арам істеріне олармен «бірге жұмыс істейтін» полиция басшысын да араластырады... Соның қолымен қарасора алқабында жүрген Баддиді тұтқындау арқылы бар ақшасын сыпырып алмақшы. 

Бөлмелесі Әмірді де өз ішінде отау тіккен осы мафиясымақтардың күшімен екі-үш досын ертіп келіп тепкілеп өлімші етіп, аурухана төріне түсірген де осы – Ғабит. Бірақ Ғабиттің осы соңғы әрекеті Әмір үшін пайдалы да болды... Әмір ауруханада жатқанда Жетімдер үйінде 1999 жылы меңгеруші болған апайы жолығып қалады. Меңгеруші жастайынан жетім қалған Әмірді танып, әңгімелесе келе оның інісінің 1998 жылы америкалық бір отбасы асырап алғандығы жайлы құжатты тауып алғанын айтады. Осылайша күндер өте береді. Енді ағалы-інілі Әмір мен Бадди бір-бірін қалай таппақшы? 

Іс насырға шапқанда АҚШ елшілігі араласпай ма енді бұл іске, олар Баддидің туу тарихы туралы қағаздың көшірмесін ала келеді. Жергілікті полиция өкілдері ол қағазды Айару мен Ғабитке көрсетеді. Содан олар Бадди тәрбиеленген жетімдер үйіне келеді. Әмірді ауруханада кездестірген апай барлығын да айтып береді. Әмірдің қай ауруханада жатқанын да айтады, жазып алған нөмірін де береді. 

Арада шамалы уақыт өткен. Осы кезде нашақор Ғабит тағы да есірткі қызығына елітіп жүрген еді... Есіріткіге еліткен ол не істеп, не қойғанына жауап бере алмайтын хәлде болатын. Жанына таяп келген Тамшысын, болашақ баласының анасын қақ шекеден бір переді де, ішінен тепкілей береді, тепкілей береді. Ғабит осылай істейінші деп істеген жоқ еді мұның бәрін. Бәрі де сана көзін тұмшалаған, соқыр еткен сойқанның, ішіндегі «сайтанның» кесірі еді. Бір есін жиғанда, жан шошырлық көрініс. Мең-зең болып есі кетіп тұрған Ғабит тағы да есірткі ұнтағын ауызына жанталаса тықпалай береді, тықпалай береді... 

Бір кезде дәл осы ауруханада Бадди-Батырды күтіп отырған Айару өз көзіне өзі сенбейді: қиқулаған жедел жәрдем көлігі ағасы Ғабит пен Тамшының өлі денелерін әкеле жатыр... Бәлкім, Тамшы Ғабиттің нашақор екенін біле тұра тәуекелге бармағанда, аман қалар ма еді?!. Ақын Сұлтанмахмұт Торайығыровтың «Жақсылық көрсем – өзімнен, жамандық көрсем – өзімнен» дегеніндей, тағдыр лабиринтінен әр кейіпкер өз ниетінің ақтығына қарай осылайша жол тауып шыққан... 

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ

Әдебиет порталы



Ұқсас тақырыптар