Жас ақын Ұлмекен Лесбекованың «Арман аралы» атты жыр жинағының тұсаукесер рәсімі өтеді

4.jpg

20 қыркүйек күні сағат 14.00-де Алматыдағы Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасында жас ақын Ұлмекен Лесбекованың «Арман аралы» атты жыр жинағының  тұсаукесер рәсімі өтеді. 

Шараға белгілі ақындар Қазыбек Иса, Әлібек Шегебай, Бекжан Әшірбаев және марқұм болған ақын Әмірхан Балқыбектің жұбайы Мархабат Шойбекова және т.б. ақын-жазушылар, әнші-композиторлар қатысады.  

Кешті белгілі ақын, журналист Алмат Исаділ жүргізеді. Сырласу, сұхбаттасу түрінде өтетін кеште  жас ақынның поэзиясы мен өмірбаяны таныстырылып, өлеңдері оқылады. Кеште сонымен қатар Ұлмекен Лесбекованың қызмет атқаратын республикалық  «Қазақ үні» газетінің ұжымы, ұстаздары және Жазушылар Одағының өкілдері сөз сөйлеп, ақжарма тілектерін білдіреді. Шығармашылық кештің соңында кітап оқырмандарға тегін таратылады.  

Бұл кітап жас ақын Ұлмекен Лесбекованың балалық армандарынан, жастық сезім мен махаббатынан және туған жері Сыр өлкесіне деген сағынышынан туған. Сондай-ақ тарихи толғаныстары да жас таланттың тырнақалды туындысы ретінде еніп отыр. Жас та болса ақындығымен оқырмандарын тәнті етіп жүрген Ұлмекенннің өлеңдерінен патша көңілдеріңіз жан сусындатар поэзияны табады деген сенімдеміз. 

Ұлмекен Мырзабекқызы Лесбекова  - Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің 2017 жылғы түлегі, қазір Сүлеймен Демирель атындағы университетінің магистры. 1995 жылы 4 тамызда ОҚО, Шардара қаласында дүниеге келген.

Өлең жазуға 10 жасынан бейімделген ол мектеп қабырғасында жүріп-ақ ақын қыз атанады. Республикалық М.Мақатаев оқуларының Бас жүлдегері болумен қатар, Абай, Шәкәрім, Яссауи оқуларында жүлделі орын алып, бала кезінен әдебиетке деген ғашықтығы, білімге деген ынталылығы қалыптасады. 

Өзі туған өлкесі Шардара ауданының «Шартарап-Шарайна», «Өскен өңір» газеттерінде мектеп жасынан өлеңдері  жарияланып келеді. Жас ақын өлең өлкесіне қанат қаққалы «Қазақ әдебиеті», «Таң-Шолпан», «Жалын», «Ана тілі», «Әдебиет порталы», «Массагет», «Қасым.кз», «Білім ал.кз», «Жамбыл» және т.б. БАҚ беттерінде өлеңдері жарық көрді.

Ұлмекен Лесбекова осы уақытқа дейінгі ақындық жолында Ы.Жақаевтың 125 жылдығына орай өткен мүшәйраның Бас жүлдегері  «Шабыт» шығармашылық жастар фестивалінің, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай өткен бірнеше мүшәйралардың жүлдегері атанған.



Ұқсас тақырыптар