Арман Әділбек. Классиктерден пұт жасау – олардың адами болмысын қорлау

1.jpg 

Әдеби ортадағы жастардың ішінде өзіндік ізденісімен ерекшеленіп келе жатқан, Шалқар Дәулеткелді, Бауыржан Майтай, Тілек Ырысбек, Еділбек Дүйсен, Абзал Сүлеймен, Санжар Бекжан, Әділхан Асан, Арман Әділбек қатарлы бір топ жас буын өкілдері бар. Олар проза, поэзия мен қатар аударма саласымен де тынбай еңбектеніп жүрген, жаңаша көзқараста қалыптасып келе жатқан талантты жастар. Бүгін өздеріңізге поэзия, проза мен қатар аударма мен де айналысып жүрген Арман Әділбекпен арадағы сұхбатымызды ұсынбақпыз.

- Арман, поэзия, проза, аударма... сынды бірнеше салаға қалам тартып жүрсіз. Өзіңіз әлі отызға да толған жоқсыз, бірақ қалам алды туындыларыңыз аға буынның мақтауынада ілігіп жатыр. Әдебиетке осындай тас түйін қалыпта келуіңізге қандай орта әсер етті?

 - Тас-түйін болып әдебиетке келу деген ұғымның қандай шарт астында айтылуы маңызды болып тұр. Әдебиетке келу деп шығарма жаза бастауды айтар болсақ онда бұндай ұғым жоқ болуы мүмкін, болды деу мистика, немесе адамның өзін, өз мүмкіндігін жоққа шығаруы болып саналса керек. Ал, әдебиетке келу деп шығарманы жариялай бастауды, шығарманың оқылымға шығуын айтатын болсақ, онда түсінікті, мұндай жағыдайда тас-түйін қалып аңғарылуы да әбден мүмкін. Бұл қарапайым ғана шындық, машықсыз жасалған нәрсе өнер сипатын беруі қыйындау деп ойлаймын, Шопенгауэр айтқан мынадай сөз бар: ”Музыка ешқашан адамзат әлемінің қосымшасы болмаған, ол өзі бір әлем”. Ендеше, өнер өзі бөлекше уақыттың, әлемнің иесі деуге де болар, адамды өнермен жалғастыратын білім болса керек, түйсік ғажайып мұғжизаны да байқай алады, қателесуі де таңғаларлық жәйіт емес, сондықтан да білім-сүзгі, білім-таразы. Ендеше менің жазып жүргендерім менің осы кезге дейінгі машығымның көрінісі, азды-көпті ізденіс сымағымның сыйы. Сол сөз өнері әлеміне бір жалғаса жаңағы тас-түйін дайындалуға деген ынта мен ұмтылыс жалғайтын шығар. Әлем әдебиеті де, оның ішіндегі қазақ әдебиеті де бұл сөзімді толыққанды растай алады, қайсы ақын, қайсы жазушы болсын туа бітті шебер бола қоюы адам сенгісіз дүние емеспе, мен мұнда таланытты жоққа шығарып отырғамын жоқ, таланыттың мүмкіндігінің шектеулі екенін ғана айттым, Фрейдтің “Ақын және ұйқтамай түс көру” дейтін мақаласы бар. Онда да адамдық мүмкіндіктер таразыланады. Ғайыптан, тәңірден шабыт, болмаса, сый келсе келер, бірақ себепсіз келмес. Тіпті, келе де қоймас. Өйткені қаншалаған мыңжылдықтар бойында оның бізге еншілеген дүниелері мүлде аз емес, соларды сарқып ұғып, сүйегімізге сіңіріп алмай тұрып тағы қол жаю дегеніңіздің өзі ұяттау нәрсе болар.

Ағалардың оң пікір білдіріп жүргені рас, әсіресе, Дидар Амантай ағамызға алғысымыз шексіз, кішкене ғана дүниемізді бағалап назарын салды. Жоқ пен бардың шегінен ептеп көріне бастағаным болар, қанаттанып, арқаланып та қалғанымызды қалай жасырайық. Осы жерде Ницшенің сөзімен әзілдегім келіп тұр: ”Басқалар сені мақтаса қуана көрме, өйткені ол сенің сол адамдарға ұқсайтыныңды, өзіңді табудан шалғайда екеніңді көрсетеді”,- депті. Әрине, бұл маған қуаныш, өйткені жылы пікірді мен өзім үлгі-өнеге тұтатын кісілерден естідім. Менде қазірше Ницшенің тілін ала қояйын дейтін ой келіп үлгірген жоқ. Адам адамнан мүлде жаттасып кетуін де ақылым қабылдамайды. Ұқсап жүруден гөрі ұқсастықтың себебі қызықты емес пе. Біздің қатардағы жастар аға буынның сын пікіріне мұқтаж. Ал өз басым бүкіл жазарман қауымға ізетпен ғана қараймын, сол қауымға қарап ойлаймын, мен үшін ең маңыздысы менсіз де барлығы болатынын ұдайы еске алып отырудан танбау секілді.

Орта туралы айтар болсақ, мен аңыздарда айтылатын әдеби ортаны көре қоймадым. Ал жазарман жұртпен таныса бастауымның өзі жақынғы жылдары болған, онда да кітаптың көмегімен. Бұл сөз ешбір ықпалға ұшырамадым, ағалар тәрбиесін көрмедім дегендік емес. Шүкір, мен ағадан, қаламдас ағайыннан кенде емеспін, Іледе жүргендегі әңгіме бөлек, қазір Ықылас Шалғынбайұлы дейтін ағамыз бастаған “Солақайлар әдеби клубының” саясы жанға жәйлі тиіп жүр. Ал, мүмкіндік болса әдеби орталардан сәл алыстау жүргенді оң санар едім. Әлде, менде әдеби ортаға қарата дұрыс түсінік болмаса керек.

- Сіз өлең жазуды Ардақ Нұрғазыға еліктеуден бастаған сияқтысыз, өйткені өлеңдеріңізде ұқсастық басымдау?

- Әрине, еліктеймін. Бірақ еліктеп өтпеймін ғой. Осы еліктеу дегеннен шығады, ықпал ету дейтін ұғым бар, бәрімізге де таңсық емес, бірақ, өзіміздің қалай қалыптасқанымызды, қалыптасуды қойып, кімнен үлгі-өнеге алдық, кімнен тәжірибе қабылдадық, айтқымыз келмейді. Дәл осы қалпымызда аспаннан түстік дейтін қызықты пиғылымыз бар, пайғамбар болғымыз келетін шығар, әлде гени болғымыз келе ме, білмедім. Бірақ осыған кім сенеді, алдымен өзіміз сенеміз бе екен? Бір Кафканың ықпалы неге тұрады, Эдгар Поның ше? Борхестің ше? Борхестің бір сөзі еске түседі: ”Біздің барлығымызды Эдгар По жаратты.”,- депті. Ал, сол Борхестің өзі осы сөзіне бола аласарып қалып па? Ол кісі неге пайғамбар болғысы келмеді екен? Мүмкіндігі жетер еді ғой. Мүмкін, пайғамбарлар туралы жақсы білген соң да шығар. Сосын, үйрену деген бар, еліктеу сол үйренудің ішінде қамтылса керек. Күні кеше өткен Мұқағали, Жүмекен ақындар мен бүгінгі Тыныштықбек, Есенғалилар қаншама ақынға ықпал етті, қаншама шарапат шашті. Ендеше, Ардақ Нұрғазы ағамыз да біз үшін білім іздеу, шығармашылық, тіпті ойлау жағынан болсын ұстаздарымыздың бірі. Оның сыртында аға ретінде болсын Ықылас Шалғынбайұлының мен үшін және менің маңайымдағы біраз жігіттер үшін қадірі артық, ол кісі де ізденуге меңзеп тұрады. Ардақ Нұрғазыдан соңғы абсурдтық театр жағында тартынбай қалам тербеп жүрген білімдар аға. Ақын Тоқтарәлі Таңжарық өз ағамыз іспетті, қолдап, қадағалап, қанаттандырып отырады, сосын әрине, Шалқар Дәулеткелді, Бауыржан Майтай, Тілек Ырысбек, Еділбек Дүйсен, Абзал Сүлеймен, Санжар Бекжан, Әділхан Асан сияқты қаламдас аға-іні, дос-жарлар да әрқашан үйренуге, үңілуге демеп отырады, бұл қатар осылайша жалғаса бермек. Иләйім бұл қатардың соңына нүкте қойыла көрмесе екен деп тілеймін.

- Өлеңдеріңіз мифология мен тарих қойнауына иек артып жатқандай сезіледі. Әдебиет пен мифологияның, әдебиет пен тарихтың сіздің ойыңыздағы ара қатынасы қандай? Бұл таптаурын болған үрдіс деген сөзге не айтар едіңіз?

- Таптаурын болғаны рас, бірақ таптаурын болғалы неше мың жылдар өтіпті, әлі де таптаурын бола беретін шығар. Адамзат жойылғанда сезім мен эстетика да ада-күде жоғалуы мүмкін. Сол кезде мифте үшті-күйлі ғайып болады. Писихологияда мынадай айтылым бар: «адам толық ашылмайды», толық ашылса жойылады да. Осы толық ашылу орындалмайынша өнер өлмейді, оған қоса миф те өлмейді. Өйткені миф сол жұмбақпен байланысады. Мифтің өзі символика, семиотика, тарих, әдебиет. Серікбол Қондыбайдың «мифке оралатын кез келді» дейтін ұлы сөзі бар. Мифке оралу, текке оралу. Баба бітімді түйсіну, тіпті өзіңді іздеу деседі. Әдебиет «мен кіммін?» деген сұраққа жауап іздеу екен, «мен қайдан келдім, қайда барамын?» деген сұраққа жауап іздеу екен. Ендеше, мен осыншама ғажайыпқа толы мифке арқа сүйемей жүре алмаймын ғой. Мәселен, қазақта «мықан ағашы» (алып бәйтерек) мифі бар ғой, үш дүниенің тұтаструшысы, кәдімгі айдаһар үнемі өрмелеп барып, шыңрау құстың (самұрық) балапандарын жеп қоятын. Бұл аңызға тартылған «шыңырау» дейтін халық күйі де бар. Сол «мықан ағашы» мифін бейнелейтін сурет – басы үш бұтаққа айырылған ағашқа өрмелеп бара жатқан жылан бейнесі екен. Бұны Тұрсын Жұртпай ағамыз Бейжинге барып лексия оқығанда айтқан. Кейін қолымызға сол лекцияның жазбаша мәтіні де түсті. Сол кезде Таласбек Әсемқұловтың мақалаларының арқасында танысқан теңдесіз жиһангез, арғы дүние зерттеушісі Жеймс Черчуарттың еңбегімен танысып бір нәрсеге таң қалдық. Топан суды бейнелеген рәміз тұп-тура сол басы үш бұтаққа айырылған ағашқа өрмелеп бара жатқан жылан бейнесі. Серікбол Қондыбайдың айтуында жылан «ил» және «ан» деген сөзден құралған, ил-ылғал дегендегі ыл, яғни су, ал ан болса тісті мақұлыққа қаратылатын арсылан (арстан), арлан дегендердің соңындағы -анмен мәндес. Ал, Мысырдың бейнелі жазуында суды жылан секілді ирелеңдеген сызықшамен жазған. Черчуарттың айтуынша бұл рәміз топан суда ғайып болған Му, Элмурия, Атлантис үшеуін меңзейді. Осыған қарап ойласақ, қазақтың «мықан ағашы» мифі топан судың бүгінге дейін жалғасқан азанамасы сияқтанады. Қалай болмасын менің бұған сенгім келді. Осылай миф әрдәйім басталуға жуық өткен дәуірдің елесін силап сүйіндіреді. Бір ғана айқыш таңбаның, күн басты адам суретінің қаншама мәні ашылды, қаншама мәні құпия сана қатпарында бізді күтіп жатыр. Қытайдың төріт классикалық романының бірі “Батыс сапарнамасы” бүкіл үнді-қытайлық мифтік аңздардың аса сәтті тұтастрылып шығуы екені айтылады. Романда үнділік кейіпкерлер қытайлық кейіпкерлерден басымдау тұрады. Мұның өзі У Чың дәуіріндегі дауизм бастаған қытайлық дәстүрлі дүние танымдардың Буддизм тарапынан ығыстрыла бастағанын аңғартады екен. Ал Агута Гауа болса бүкіл буддалық, күншығыстық аңыз-әфсаналарды мейлінше пайдаланғаны айтылады. Орта азия, көшпенділердің ұлы даласы сан алуан мәдениеттердің әсері шарпыған күрделі кеңістік. Ендеше біздің тіпті де бай болуға мүмкіншілігіміз бар секілді... Ал, менің кішкене ғана мұратым осы дүниені тану арқылы өзімді тану үшін құлшынып бағу. Әрине, қолыма ептеп қалам алған болып жүргенім де осы мақсатта ғана деп түйемін.

- Бүгінгі әдебиетте қара өлеңді жақтаушылар мен ақ өлеңді ақтаушылар арасында қайшылық бар. «Қара өлең де тұтастық, сонымен қатар екі, үш тармақты формасы мен ұйқасы бар» деумен ерекшелеп, алға сүйреуде. Ал сіз жазып жүрген ақ өлең, кей оқырман үшін көркем сөздің үйіндісіндей ғана көрінеді. Осы ақ өлеңнің ой еркіндігінен басқа, біз біле бермейтін тағы қандай ерекшелігі бар?

- Қара өлең өлең формасы ретінде қалай келді? Қазақ жыр-өлең өнерінде қара өлеңнің басымдылықты қашан иеленгені, қандай себептер болғаны жөнінде ойланып көрейікші. Артық айтсам айып етпессіздер, десе де жауап беру міндет. Эволюция тәбиғат дүниесінде дау жүрмес шындық, қара өлең де адамзатпен, біздің ата-бабаларымызбен әлмисақтан бірге жасасып келе жатқан жоқ. Бұны қоя тұралық, біздің қолымыз жеткен ең байырғы қара өлеңдердің авторларының тізімі Қожаберген жырау, Тәтіқара ақындардан басталады екен, ал, жыраулар жырының соңғы авторлары Махамбет, Зар заман ақындары деп түйсек, қара өлеңнің жырдан үстем орынға өту себептері де қылаң бере бастайды. Біріншіден, ұлы жорықтардың аяқталуы, хандықтың құлауы жырдың кеңістігін тарылтып жіберген. Екіншіден, бұл дәуір дәстүрлі ән өнерінің шырқау шыңға шыққан алтын кезеңі. Ал, ән әуезі тәбиғи түрде қара өлеңді жақын тұтады. Үшіншіден, алып Абай әсері, Алаш ұранды әдебиетшілердің ықпалы. Мен білетін осы үш себеп сонау Оғызнама, Орхон-Енисей құлыптастары, Қорқыт ата жырлары, ілкі эпостар, жыраулар поэзиясы секілді ұлы тұтастыққа ие жыр үлгісін тақтан түсуге мәжбүр етті. Қара өлеңнің салтанатты кезеңі басталды. Бұл арада ұғыспастық туылмауы үшін бір нәрсені ашып айта кетейін, жыр дәуірінде қара өлең болмады, қара өлең сән құрғалы жыр үрдісі жойылды деуден аулақпын. Мәселе, үстемдікте ғана. Енді келіп ақ өлеңнің дәуірі басталуы мүмкін бе дегенде, мен бұған тек жымиып қана жауап бергім келеді, ақ өлең қара өлеңді жояды дейтін ұғым жоқ болса да, бастысы табиғат, қоғам заңдылықтары қызық, ол ұдайы дамуды ғана қалайды.

Ақ өлең өзіңіз айтқандай мейлінше еркін. Иә, бұл арада ақ өлеңнің өзінің парадокстық сипаты барын көру керек, онда мейлінше еркіндік бар. Бірақ соншама шектемелілік те бар, онда, мейлінше күрделілік, тығыздық та бар, және соншалық қарапайымдылық та бар, сонымен қатар жаңашылдық та жеткілікті. Оның дәстүрсіз қаны да жүрмейді. Ол жаңа және ең ескі. Мұндағы шектемелілік сөздің әуезділігі мен сөздер арасындағы, тармақтар арасындағы музыкалы байланыстың кем болса болмайтындығында. Жалпы өлеңнің өріліуінде қашанда салыстырмалы ғана еркіндік болатынында. Ақ өлең алғаш рет Уолт Уитмен тарапынан ресіми түрде әдеби ортаға жол алды. Мұнда біз бүкіл тарих қойнауындағы ақ өлеңге қатысты детальдарды ақтаруымыз қажетсіз ғой. Сол Уитменнен кейін бұл бейнелеу формасы бүкіл әлем кеңістігіне қанат жайды. Әрине, қарсы тұрғандар болған, бірақ, бәрібір ешкім кедергі бола алмады. Себебі, ақ өлеңнің адамға жақындығында. Оның үстіне Камюдың: ”Дәстүр ұғым-түсініктерде сақталады, форма да сақталмайды” – дейтін сөзі бар. Камюдың айтпағы форма өлді, үйткені ол сахналанды, енді сол байырғы түсінік идеяда, ойлау формасында сақталмақ, осыдан кейін, қалай ғана дәстүрлі адам туралы ауыз ашуға болады. Бір жағынан бұл ақ өлеңді дәстүрге қарсы қоюшы аға сындарға жауап бола алатын секілді. Мен дәстүрдің түбегейлі жойылатынына сенбеймін. Бейне Қапез сал айтқандай: «жер бетін топан қаптап кетсін, мейлі, түбінде өзен ағар арнасында». Ақ өлең жалпы органикалық бітімді талап етеді деседі. Басты қасиеті де осы болса керек. Өлең өнері музыка, сурет және мүсін өнерімен парықты. Бұл парық мазмұнды беру әдістемесіндегі іш пен сырттың ара қатынасындағы заңды теңсіздіктен байқалады. Былайша айтқанда, өлең үшін мазмұн бірінші де, форма екінші. Сондықтан бұған таласудың қажеті шамалы ғой деймін. Оның үстіне осы арада шығарманың бейнелеу тәсілі жөнінде айтқан британ ақыны, өнертанушы Хел Жорждың: "Шығарманың бейнелеу формасы автордың ой-қиялында, болмыс әлеміндегі идея аумағында алдымен пайда болады, әлдеқандай машина тақылеттес нәрседен жасалып шықпайды” – деген сөзін қоса кетуді жөн көрем. Ендеше, бәрі де ойлау формасына барып тірелмекші ғой. Ақ өлең ойлау формасының өзгеруінен, қиял кеңістігінің өзгеруінен, мүмкін, адамның өзіне жақындауынан. Өйткені адам да парадокс емес пе?!

- Елімізде әлем әдебиеті 60-жылдан бастап, кеңінен талқыланып, насихатталып келеді. Соған қарамастан қазақ әдебиетінде дамымай келе жатқан жанрлар (фантастика, дедектив) бар. Тіпті стиль мен формалық ізденістер тұрғысынан да жаңалық байқалмайды. Сонда қазақ қаламгерлерінің бір-біріне еліктеу мен қайталаудан аса алмай отыруына не себеп...

- Менің көзқарасым бойынша ғана емес, негізінен фантастика тіке қиялдаумен қатысты болғандықтан ол адам санасы қалыптасқаннан тартып бірге жасап келеді. Шумер мифінде құдайлардың көктен түсіп, жерде тіршілік жаратқанын, соның барысында өздерінің де өмір сүргені айтылады. Махабхаратадағы соғыстың бейнеленуі де бір жағынан қарасаңыз тап-таза ғылыми фантастика. Құдайлар да екіге жарылып, адамдармен бірлікте соғысады. Соғыс барысында қолданған қару жарақ, ұрыс тәсілдері күні кеше өткен жаһандық екінші соғысты көз алдыңызға келтіреді. Қазақтағы “Сиқырлы жүзік”, ”Ер Төстік”, ”Керқұла атты Кендебай” сияқты ертегілер, «Мың бір түн», осылардың барлығы да фантастика жанырының бастапқы үлгілері, кемінде негіздері есептелсе керек. Адамның дамуы, қоғамның дамуы фантастиканы да қоса дамытып, күрделілендіріп, жіңішкелеп отырды. Жюль Верн секілді ғылыми фантастиканың атасы, Герберт Уэллс секілді ғылыми фантастиканың шеберлері көктен салбырап түспепті. Тіпті бұлардың шығармашылығы қоғам дамуының алдында жүріп отырыпты. Детектив жанрының жанр ретінде қалыптасуында Артур Конан Дойл, Агата Кристи, Эдгар Аллан По, Жорж Сименон сияқты кісілердің еңбектері үлкен рөл атқарыпты. Бұлардың ішінде Эдгар По детективтің атасы атанса, Агата Кристи детективтің ханшайымы атанған екен. Өмірінде 400-ден астам кітап жазған Сименон шығармаларына Фолкнер, Хемингуэй, Томас Элиоттар қатты қызыққан. Ал, фэнтези жанырында кеше ғана Казуо Ишигуро «Нобель» сыйлығын алды. Оның “Жер құшқан алып” романын оқып шықтым. Әсері терең болды. Іздеу тақырыбы біздің тақырып, көз алдыма Ер Төстік немесе Асан қайғы келді. Және соларды іздеген өзіміз. Оның үстіне онда әкені – текті іздеу емес, әкенің баласын немесе ертеңді іздеу сапары, ондағы уақыттың жүйесіздігі, жолдың өткен дүниеден өтуі тіпті қызықтырды.

Ал, бұл жанрлар бізде неге кенже қалды? Менің қарабайыр ойым біздегі ғылымның кенжелігін, немесе ғылым абройының қоғам алдындағы төмендігі себеп деп табады. Сосын көшпелі өркениеттен отырықшы өркениетке өту ол қалайда тоқырау алып келмей қоймайды. Фантастиканы, детективті жазу үшін құлашын кеңге жайған білім қажет. Қараңызшы, фанастикалық әдебиеттің бір уәкілі есепті Марк Твен әрдайым Никола Тесланың зертханасына барып тұратын жақын досы болыпты. Сол Тесламен еркін пікірлесіп тұратын кәнігі ғылым білгірі болмаса Марк Твенде “1904 жылдан басталатын Лондон уақыты” деген бүгінгі интернетті болжаған шығармаларды жазар ма еді? Әсілінде дитектив бізде мейлінше дамуға тиіс сияқтанады, біз қалайда тыңшылық жүйеден шықтық қой.

Ал, стил тақырыбы әсілі таласуға татымаса керек. Әр түрлі ойлау формасы әр түрлі бейнелеу тәсілін көрсетуі мүмкін екен. Таласбек Әсемқұловтың ”біз постмодернистік бостандыққа әзір болмай шықтық” дейтұғын сөзі бар. Бұл сөздің мәні – әртүрлі ой, әртүрлі идеялардың біздің ортамызда өмір сүруіне түсінікпен қарай алмадық. Барлығымыз бір-бірімізден аумайтын ғажайыпты мұрат етуден танбадық дегендік көрінеді. Ал «изім» деген сөзді жынға ұқсататынымыз да шындық. Біздің дүние, біздің қоғам, біздің кеңістік қабылдаған дүниелерді жан әлеміміз қабылдағысы келмесе, онда ол әлемнің бек тар екенінен болса керек.

- Әдебиеттегі жастар неге әлі күнге ауылды жырлай береді?

- «Кеңес дәуіріндегі ауылды жырлау үрдісі, ауылды идеал санау себебінен», - депті философ Қанағат Жүкешеев ағамыз бір мақаласында. Бұл ауыр сырқаттың тамыры аса тереңге кеткені де байқалып жатады. Орыстар да деревнияны жырлапты, бірақ олар есін тез жиып алған көрінеді. Себебі олар батыстық мәдениеттің ықпалында болған жұрт. Біз оларға ұқсамаймыз. Мың жылдықтар бойында Еуразия даласын емін-еркін шарлаған көшпенді өркениеттен ешқандай дайындықсыз, төтелей отырықшы жұртқа айланып шыға келдік. Біздің бойымызда атамзаманнан қалған қаланы ұнатпау, тіпті қор санау бар. Жиембет жыраудың Есім ханмен араздасқанда айтатын жырында мынадай тармақтар кездеседі «...Тас қалада отырып, тасқан екен мына хан...» көшпенділер әлемінің қала әлеміне деген көзқарасы осы жерде тайға басқан таңбадай анық байқалып тұрғандай. Біздің жұрт өзі сол санадан арылмай, арылып үлгермей тұрып, кеңестік ауылдарды жырлау саясаты желкемізге қара бұлт болып қона қалыпты. Шүкір, бұл қара бұлт та ыдырау алдында тұр. Қалаға кіріптарлық қаламен санасуға, оны еріксіз түсінуге, ұнатуға алып келді. Жастардың бұл тұйықта ұйлығып қалуына себепкер біздегі қайсыбір кездерден қалыптасқан, және, соншама құлашын кеңге жайған «біздің әдебиет әлем әдебиетімен ыйықтас, немесе, әлем әдебиеті қазақ әдебиетінің алдында түкке тұрғысыз», - дейтін алдамшы пікір. Ал, керемет болса олар неге бізді оқымайды? Тіпті аудармайды да! Мен бұл жәйіт турасында ештеңе де айта алмаймын, өйткені, түкте түсінбеймін. Мүмкін бұл бізде нақтылық ұғымының шынында таныс болмауынан шығар. Кеңес тұсына дейін біз мифологиялық санадағы жұрт едік. Кеңес дәуіріндегі тірлігіміз, өздеріңізге анық, плагият, ұран, көпірме сөз... Қысқасы, сөз көпіріп, көпіршіктеніп өзінің шын мағынасынан далиып, алыстап кетті. Тіпті, кей сөздердің осыдан бір ғасыр бұрынғы мәні мен қазіргі мәні кісі нанғысыз айырмашылықпен алшақтап кеткен. Бұл сөздің көпіруі әрине тікелей ойлауға әсер ететін сияқты. Әсіре қызыл сөз – әсіре асқын ойлау формасы. Осыдан соң тікелей сөзбен қатысты әдебиетке күмәнсіз үңілу мүмкін бе? Бұл дерттен әлі де сол қызыл сөз лагерінде отырған қытай әдебиетшілері әлдеқашан құтылып алған. Сөздің дәлдігі, қарапайымдылығы, тұнықтығы алдымен ескерілетін әдебиет жасалып қойған. Мо Ян мен Юй Хуаның романдары, Күңгірт поэзия ағымындағы ақындарының жырлары бұл сөзімізге дәлел бола алады деп ойлаймын. Қытай әдебиетінің әлденеше мыңжылдықтар бойында қалыптастырып алған қуатты тағанының демеуімен болды деген себепті де айтуға болады. Біздің жазба әдебиеттің арғы дәуірлерде деталдары болды десек те, Абайдың жазба әдебиеттің үзілмес жалғастығының басында тұрғаны, мүмкін біздің тағанымыздың орнығып, тамырымызға сіңіп үлгірмегеніне де себеп болар. Бірақ қалай болмасын бұл кеңістікке еркіндік беріліп қойылғаны өтірік емес. Өнердің алдын қызыл тілге тәуелдеп қойған жұртты мен түсінбеймін. Айтуға болмайтын және айтпаса болмайтын бір нәрсе классиктердің шығармаларын қайталай саралап, нағыз әділ бағасын беруге ұмтылу керек шығар. Олардан пұт жасау – олардың адами болмысын қорлау емес пе? Қазір өзі классиктердің есімдерінен басқасын көп адам оқи қоймайды-ау шамасы.

 - Сіздің қатарластарыңыздың көбі аудармамен айналысып жүр. Соның ішінде өзіңіз де барсыз. Бізде қазір әдеби аударма саласы бойынша шығармашылық бірлестіктер бар ма? Қазіргі әдеби аударманың деңгейін кімдер қарап, реттеп отырады?

- Мен “Солақайлар әдеби клубының” ең басты мақсаты аударма жасау екенін білемін. Деседе, бұл клубтың қанша уақыт өмір сүретінін білмеймін. Ондағылардың барлығы жастар. Барлығы әлдері жеткенше шығармашылықпен айналысады. Бірақ олар аудармаға өтемсіз тер төгіп жатыр. Еңбекке ақы төленбейді. Бәрі өз еркімен, өнерге деген сүйспеншілікпен аударма жасауда. Төлемсіз терді кім қаншалық бағалауда? Бұл ары айтқанда адами мүмкіндікке де салмақ, бері айтқанда қоғамның түрлі қысымы бар. Өйткені аударма ешқашан да оңай дүние болмаған. Ал, аударманың деңгейін ешкім қарамайды десе болады. Жігіттердің өздері жауапкершілікпен істемесіне әдді жоқ.

- Бүгінгі қазақ тілді оқырман әлемнің жас әдебиетшілерінен қаншалықты хабардар? Соңғы 20-30 жылда әлем әдебиетіндегі жас буыннан қазақшаға кімдер аударылды?

 - Шет тілінен тікелей оқитындардың хабары бар болуға тиіс, ал өз басым шет тілінен аударылған жас қаламгерлердің шығармаларын қазірше көзім шалған жоқ. Әдебиетшілер үшін де ең маңыздысы осы еді. Әлемдегі жас әдебиетшілердің қарым-қабылетінен хабардар болып отыру бүгінгі біздің әдебиетке ұшан теңіз пайда әкелер еді. Өкінішке орай ондай мүмкіндік болмай жатыр. Ал өзім қытай жастарын әлім жеткенше қадағалауға тырысамын. Онда жастарға арналған екі бірдей үлкен сайт бар. Оның бірі 90-жылдардан кейінгі әдеби буынға арналған. Қателеспесем, 2016 жылы құрылған. Соның алдында ғана бүкіл қытайдағы 1990-2000 жылдары туған әдебиетшілерді саралау болған. Олардың ішінен 20 жас әдебиетші іріктеліп алынған. Солардың өресіне қараймыз. Әрине, мықтылар. Қытайда әдебиет жаңарып кеткен. Аударма саласы кісі сүйінерліктей даму үстінде. Адамның жаңарғанын, өнердің адам үшін және өнер үшін екенін түсінген. Оларда тіпті әдебиетті екіге бөлуді қуаттайтын ұғым бар, таза көркем әдебиет және халықтық әдебиет деп. Бұл жәйіттермен салыстырғанда, біз әлі кеңес әдебиетін мәңгілік идеал санап жүрміз бе деп ойлап қаламын.

- Сұхбатыңызға көп рахмет.

Сұхбаттасқан: Айжамал Көпеева

Әдебиет порталы

 

 

 

 

 



Ұқсас тақырыптар