Жалаңаш Кафка

6.jpg

Франц Кафка өткен ғасырдағы әдебиет әлемінде Ирландиялық жазушы Джим Джойс (1882-1941), Ангилиялық жазушы Вирджи́ния Вулф (1882-1941) және  франциялық жазушы Марсель Пруст (1871-1922)  қатарлы жазушылармен бірге  модернистік әдебиетті  қалыптастырған. Кафка  туралы Англиялық белгілі жазушы «Жазушы және ол жасаған дәуір тұрғысынан айтқанда, Кафканы Данте, Шекиспир және Гете қатарлы ұлылармен тең атауға болады» деген екен. Кафка қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында әдебиет үшін үн-түнсіз қызмет етті. Ол өзіне ғана тән жазу мәнерімен күллі адамзат әдебиетіне зор әсерін тигізіп, жирмасыншы ғасыр әдебиеті тарихында өшпес еңбектер қалдырды.

Франц Кафка 1883 жылдың 3 шілдесінде  Прага қаласындағы саудагер отбасында өмірге келген. Кафканың шыққан тегі еврей ұлтынан болғанымен, сол кездегі қоғамдық, әлеуметтік жағдайларға байланысты неміс тілінде тәрбиеленген және шығармаларын неміс тілінде жазған.

Кафканың әкесі өз табандылығының арқасында кедейліктен құтылып, ортаңқол саудагер дәрежесіне көтерілген, дегеніне жетпей қоймайтын, қарадүрсіндеу, қатал адам болған екен. Әкесінің осы қатал мінезі бала Кафканың психологиясына жаман әсерін қалдырады. Кейін Кафка «Әкеме хат» деген шығармасында: «Сенің кесіріңнен мен өзіме деген сенімімді жоғалттым. Тек өзімді өмір бойы кінәлап, жазғырумен өтетін шығармын», –  деп жазады. Ал Кафканың анасы болса жуас, ақкөңіл, ошақ басындағы әйел болған. Кафканың ата-анасының алдындағы дәрменсіздігі, қатал әкенің берген рухани соққысы оны өзіне-өзі сенімсіз, күмәнқор, түңілгіш болуға мәжбүрлеген. Ол үшін жарық дүние өле-өлгенше мәнсіз, мағынасыз сезіліп, бар өмірі аңырумен өткен. Ол соңғы демі үзілгенше өз ортасына деген жеккөрушілігін баса алмай кеткен.

1901 жылы орта мектепті бітірген жас Кафка Прага университетінің неміс әдебиеті факультетіне түседі. Бірақ Кафканың әдебиетке бейімінің барына қарамастан әкесі оны заң факультетіне түсіп, оқуға мәжбүр етеді. Кафка осы оқуды аяқтаған соң сақтандыру компаниясында қарапайым кіші қызметкер болып,  жазатайым оқиғалардан жарақат алғандарды сақтандыру және олады зерттеу ісімен айналысады.

Әр күн сайын қайталана беретін қызмет борышы, қайғы жұтып, алдына келетін адамдарды қабылдау онсызда түңілуге бейім Кафканың жан дүниесін одан ары азапқа сала түседі. Осы кезде оның жанын кемірген азаптан қашып, паналайтын орны, әрине, өнер еді.  Кафка былай деп жазады: «Олардың барлығы әдебиетті ұната бермейді. Мен жек көремін… Маған оларға қонаққа бару қызық емес.  Туыстарымның қорқыншы мен қуанышы да маған шексіз көңілсіздік сыйлайды. Олармен әңгімелесу мен ойлаған дүниелердің түп мәнін, мағынасын ойрандайды».

Кафканың әдебиетпен айналысуы отбасында ешкімнен қолдау таппағандақтан оған әдебиетпен жасырын айналысуға тура келді. «Мен үшін бұл қорқынышты қос өмір. Онда, бәлкім, тек бір ғана шығу жолы болса, ол- нақұрыстық», – деп жазды ол күнделігіне. Әкесі жұмыстан қайтып келгенде Кафканы қайдағы жоқ маңызы жоқ іспен айналысасың деп өз дүкеніне жұмысқа салатын. Осындай кездердің бірінде ол өзін өлтірмек болып, жақын досы Макс Бродға хат жазады.

Макс Брод өзінің «Кафканың өмірі» деген шығармасында: «Соңғы кезде маған Кафканы өзінің «сүйікті ата-анасынан» ұялмастан қорғауға тура келді. Егер ата-анасы Кафканы жақсы көрсе, оған ақаша беріп, тар кеңседегі жұмысынан босатып, Ривьерерден үй жалға алып, Құдайдың  Кафка арқылы осы әлемге  жіберген шығармаларын жазуына жағдай жасауы керек еді ғой…» деп ақтарылады. Бродтың Кафка ханымға жазған хатының әсерімен Франц дүкеншілік жұмыстан босайды.  Бірақ, баяғы азапты қызметін амалсыз жалғастыра береді.

«Кафка әкесінің қысымынан өзінің қысқа ғана ғұмырында құтыла алмай кетті. Тіпті ол өлім табалдырығында жатқанда да оған әке-шешесінен келген ақшалар, азық-түліктердің өзі әрең жеткен дербестігін бүлдіретін секілді сезінген», – дейді досы Брод.

Кафка негізгі шығармаларының жарияланғанын көрмей кетті. Мұның себебі оның өзіне өзі сенімсіздігі, өзіне жоғары талап қоюы, сол кездегі әдеби ортамен араласпай саяқ жүруі деуге болады. Ол тіршілігінде белгісіз жазушы болып өтті.

Кафканың тағдырының ауыртпалығы оны атаққа немқұрайлы қарайтын адамға айналдырды. Шығармашылық ол үшін «Құдайға сиынудың басқа бір жолы» болды ( Кафка өз күнделігінде солай жазған).

Кафканың жарық көрмеген қолжазбаларын сақтап қалған – оны сүйген әйел. Жалпы, Махаббат тақырыбы Кафканың жеке өмірін түсінуге септігін тигізеді.

Кафка өмірінде  Фелиция Бауэрмен екі рет және Юлия Вохрыщекпен некелескен.  Ол сүйе білген, сүйікті де бола білген. Бірақ әр реткі неке қиятын кезде ол қашып кете берген. Неге қашып кете берді? Оның себебі күнделігінде жазылған. Фелициямен неке тойының  қарсаңында ол күнделігіне «менің үйленуімнің және үйленбеуімнің себептері» деп жазады. Ақыры ол үйленбеу туралы шешім қабылдайды. «Маған жиі жалғыз қалуға тура келеді. Себебі, менің осыған дейін жасаған дүниелерімінің нәтижесі – жалғыздықта… Үйлену менің жазуыма кедергі етпей ме?»  Фелиция Кафканың үйленуден бас тартқанын сезіп, көз жасын көл қылып, оған хат жазады. Хатты оқыған Кафка күнделігіне: «Мен оны шамамның барынша сүйемін, бірақ махаббат мені үрейлендіреді. Келесі күн ол күнделігіне тағыда былай деп жазады: «Бұдан шығудың жолы терезеден секіру ғана сияқты». Осы оқиғадан кейін олардың байланысы үзіледі.  Юлиямен болған некесі де дәл осылай аяқталады.

1920 жылы Кафка талантты журналист, өз шығармаларын алғаш чех тіліне аударушымен  танысады. Кафканың көзі тірісінде шығармашылығын бағалаған азшылықтың ішінде осы әйел де бар болатын. Кафка да Миленаның әдебиеттегі қабілетін бағалай білді. Ол Миленаға шексіз ғашық болды. Бірақ Милена мықты банкир күйеуімен ажырасуға асықпады.

Өте тапқыр, жалынды да, қажырлы Милена өмірден қорғаншақтап қалған Кафканың жандүниесін сілкіп оятты. Алдын-ала белгіленген кездесу туралы Кафка: «Милена, өтінем сенен, мен күтпеген істермен мені қорқытпашы» деп хат жазды. Ол шексіз сенімге ие болды. Өмірде тұйық Кафканың өзі онымен ашық сөйлесе бастады. «Мен рухани аурумын. Мына өкпе ауруы рухани аурудан құтылудың жолы ғана»,- деп хат  жазды ол Миленаға өкпе ауруы белгі бере бастаған 1917 жылдың бір күнінде.

Кафканың Прагадан мүлде кетіп, Венада тұрып жатқан Миленаның қасына оралуға жігері жетпеді. Сол бір табиғат аясында бірге сейілдеген төрт күн Кафканың өміріндегі ең бақытты шақтардың бірі болып қалды. Ол: «Мен бір ормандағы лас кеңістікте жатқан аңмын. Кенет сонда жатып, барлық ғажайыптан да ғажайып сені көрдім… Бәрін ұмыттым… Өзімді де ұмыттым… Мен өзімді бақытты сезіндім, аңсаған үйімді ақыры тапқандай болдым», – дейді бірде егіліп.

Кафка хатында оның күйеуінен ажырасуын талап етті. Бірақ Милена бұл істі ұзаққа созып, жүріп алды. Миленаны Кафканың мінезінің кейбір ерекшеліктері ұстап тұрған болуы мүмкін. Ол Кафканың «Айнуын» аударды. «Мен адамдарды үрейлендіремін, өзімді олардан көбірек үрейлендіремін», –  деп жазған автордың мойындаулары туралы да ойлана алды. Оны болашақ туралы Кафканың хаттарында жазылған дүниелер тоқтатқан болуы мүмкін. Ол Миленаға былай жазған еді: «Менің ойымша, біз бірге өмір сүргеннің орнына тыныш қана жатып, бірге өлетін сияқтымыз».

Кафкаға Миленаның күйеуі оны құпия түрде өз билігінің астында ұстап отырғандай сезілді. Ол бұл уақытта өз өмірінің қиындықтарын өзек етіп, оны басқаша долбарлап «Қорған» романын жазып шықты. Романда қайдан, не үшін келгені белгісіз К… атты жер өлшеуші ауылға келіп жұмысқа тұрады. Ауылдың қасындағы қорғанға кірмек болып ұмтылыс жасайды. Романда Кламм атты билеуші сол ауылды ақылға сиымсыз билігінің қармағында ұстап отырады.  Әуелі жер өлшеуші сөз байласқан Фрида да Кламмның айтқанын екі етпейді. Енді ғана бақытты бола бастағанда Кламм Фридаға өз дегенін істетеді. Фрида шартсыз бағынады. Фрида К-ға опасыздық істеп, Қорғанға қайтып кетеді. Бұған бола К…  наразылық білдірмейді де, Кламмның үстемдігіне бағынады. Шығармада қорғанды мекендеуші біреуді Қыранға, ал Кламмды қөртышқанға теңейді.

Кафка бір хатында Миланға былай деп жазады: «Сенің онымен болған өміріңде мен білгілі бір қуанышты сәтте ғана кілем үстінде еркін жүгіре алатын тышқан секілдімін».  Кафканың шығармашылығын зерттеушілер Фриданы Миленаның, Кламмды оның күйеуінің көшірмесі деп қарайды.

1921 жылы Кафка күнделіктері мен «Қорған», «Америка» романдарының қолжазбасын Миленаға береді. Миленаның қатысуымен 1926 жылы «Қорған», 1927 жылы «Америка» романдары автор қайтыс болғаннан кейін жарық көреді. Бұл шығармаларының жарық көруі оған үлкен даңқ әкелді. Оның иррационалды, өмірден десі қайтқан, қорқынышты, үмітсіз кейіпкерлері – бірінші дүниежүзлік соғыстан кейінгі адамның торыққан, қорыққан көңіл күйді дәл ашып көрсетті. Бірақ әлемдегі торығушылардың бірде-бірі адамның бейшаралығын Кафканың «Құбылу» повестіндей көрсетіп бере алған жоқ. «Талассыз, бейнелік тұрғыда  «Құбылу»  сенімнің жоғалуы, сол сәттегі адамның этикалық принциптерінің мәні көрініс тапқан», – деп жазады Камю.

«Бір күні таңретең масасыз түстен оянған Грегор өзінің қоңызға айналып кеткенін байқады», –  деп бастайды жазушы. Көтермеші саудагер, жасқаншақ кішкентай адам ол мүлде өзінің бақытсыздығына қарсы наразылықты білдірмейді. Шығармадан Греордың құбылуы – өзін заттанған адам ретінде сезіну деп бағамдау қиын емес. Грегордың құбылуы айналасындағыларды таңдандырмайды. Әуелі олар бұның себебін іздеп, бас қатырмайды да. Олардың қамқорсуы қоңызға айналған Грегорды жат көздерден жасыруы секілді. Ақыры «Қоңыз» жабық бөлмеде аштықтан өледі. Отбасындағылардың ауыр жүктен құтылғандай болып, бұны тағдырдың ескертуі деп қабылдайды.

 Өмірдің өзі үкім деген осы тақырып «Сот орындаушы» новелласында да жалғасын табады. Новеллада жас офицер саяхатшыға өзі қызмет ететін жазу машинасын қалай пайдалануды көрсетеді және оны әділдік үшін пайдаланып жатқан дүние ретінде көрсетуге тырысады. Қылмыскерді қорғауға мүмкіндік бар ма деген сұраққа офицер: «Егер үкім шығарылған болса, «кінәсі шүбәсіз» деген әділдікті ұстанамыз. Дәл осы сөз Кафканың «Әкесіне хатында» айтылған өінінің әлемдік түйсінуіндегі «шексіз кінәлілік сезімімен» сәйкес келіп, Кафканың жазмышына қарата айтылып тұрғандай.

Мұндай сезінумен ұзақ өмір сүру мүмкін емес. Кафка қырық бір жасында өкпе ауруынан көз жұмады. Оның ең сүйікті философы «Үмітсіздік – өмірлік дерт» деген нақылды айтқан Кьеркегор болған екен. Кафка өзінің үмітсіздігіне адал болып өтті және оны шығармаларында ашып көрсете білді. Сөзімізді Миленаның Кафка туралы ойымен аяқтағымыз келеді: «Біз өмірге дағдыланған секілдіміз. Біз өзімізді жалғандықтан, көрсоқырлықтан, өмірге құштарлықтан құтқаратын дүние тапқандықтан өмірге дағдыланған секілді болып көрінеміз. Бірақ Кафка ешнәрседен өзін құтқаратын жол іздемеді. Өмірде қанағаттана алмағаны секілді, өтірік те айта алмайды. Ол өзін ыңғайлы сезінетін қорған жоқ. Ол киімі бар адамадар арасындағы жалаңаш адам секілді».

 

«Солақайлар»  әдеби клубы



Ұқсас тақырыптар