Шерхан Мұртаза шындықтың шырақшысы еді – Нұрлан Оразалин

1.jpg

Шерхан Мұртаза депутат болып тұрған кезде қалың қазақ басқадан күтпесе де, одан әділ, отты, жалынды және шын сөзді күтетін. Бұл туралы ақын, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин жазушымен қоштасу кезінде айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«90 жылдары үлкен алып империя ыдыраудың алдында тұрған кезде «Социолистік Қазақстан» газетіне Шерағаң келді. Оған дейін «Қазақ әдебиеті» газетінің тамырына қан жүгіртіп, ұлттық мәселенің бәрін көтеріп жүрген кезі еді. Орталық комитетің шешімімен бұл кісі орталық газетке келді, «Социолистік Қазақстан» деген аты 97 жылы «Егемен Қазақстан» болып өзгертілді. Міне, сол кезде бұл кісі Парламентке депутат болып сайланды, сонда қалың қазақ басқадан күтпесе де Шерхан Мұртазадан әділ, отты, жалынды және шын сөзді күтетін еді. Ол кездегі 360 депутаттың басым көпшілігі қазақтың интеллектуалдары еді. Солардың арасынан дауысы ең жарқын шыққан және шындықтың бәрін шыңғыртып айтып, көшімізді басқарған бірден-бір тұлғалардың бірі осы Шерхан Мұртаза болатын. Қалың ел теледидардың алдына Шерханды тыңдау үшін жиналатын. Өйткені ол айта білетін еді және ол ешкімнен жасқанбай, ешкімнің алдында бүгежектемей ұлттық құндылықтар жөнінде, ұлттық мәселе жөнінде дәл сол көштің басында тұрды. Кешегі Алаштың арыстары секілді қазақтың намысына қайрақ, жігеріне қамшы сала білген адам, сонысымен қадірлі бола білді», - дейді Н. Оразалин.

Сонымен қатар ол, Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» кітабын жазу үшін отыз шақты жылы кеткенін, бүкіл Ташкеннің, Омбының, Санкт-Петербургтың, Мәскеудің, Орынбордың архивтерінің бәрін ақтарғанын айтып өтті.

 «Рысқұловтың өмір сүрген кезеңі өте күрделі еді. Алаш арыстарының барлығының сөзі бір жерден шығып жатпады ол кезде. Осындай күрделі заман туралы ешқайсысының алажібін аттамай, сол кездегі ұлы тұлғаларымыз туралы ақпарат алуға болатындай және сол кездегі өмірдің тарихи шындығын көркем жазған шығарма осы «Қызыл жебе» болатын. Сондықтан біз бүгін қатардағы жазушыны ғана емес, қазақ дейтін халықтың ұлы перзентін, кешегі «Алаш» дейтін ұранды көтерген ұлы жұрттың жалғасы болған перзентін соңғы сапарға аттандырып отырмыз. Шерхан қазақтың, халықтың перзенті болып қазақпен бірге мәңгі жасайтыны анық», - дейді ол.

Жамбыл облысынан келген мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді жазушы жайында естелігімен бөлісіп, Шерхан Мұртазаның шындықтың шырақшысы, қиналып жүрген адамдардың сүйеніші бола білгенін жеткізді.

«Өмір деген қарап тұрсаң ағып тұрған үлкен өзен сияқты. Күніне миллиондар келеді, миллондар кетеді. Бірақ соның ішінде келген, кеткен ұлы адамдар халықтың есінде мәңгі сақталады, халық оны ерекше атап өтеді. Қазір елімізде ірі тұлға, ұлы кісі өмірден өтіп отыр. Бүкіл халқымыз қайғырып жатыр. «Аз өмір сүрді, ерте кетті» деп қайғырып жатқан жоқ, өйткені Шерхан жақсы өмір сүрді, 86 жас жасады. Үлкен адам кетіп қалды, таза адам кетіп қалды. Халықтың сүйеніші, ақылдысы кетіп қалды, деп соған өкініп жатыр. Шерхан шындықтың шырақшысы болды, қиналып жүрген адамдардың сүйеніші бола білді», -дейді ол.

Сонымен қатар ол, жазушы өз халқының нағыз патриоты болғанын, өзін емес, бірінші халқын ойлағанын айтып өтті.

«Мен Сенатта төраға болып тұрғанда ол кісі депутат болды, сонда «мына кісіге төрт бөлмелі пәтер беріңдер» дедім. Сонда «неғылам мен оны, үйсіз адамдар, бала-шағасы көптер алсын», деп алмай қойды. Сондай таза, халықты ойлайтын адам еді. Жұртшылық осындай адамның кеткеніне қайғырып отыр. Бір жағынан бұл дұрыс та шығар, бұл да елге үлгі. Ел осыны көріп сол адамдай болайық дейді. Жазушы көпті тәрбиелеген адам, ұлы болған адамдардың көбі «Шерағаңның шекпенінен шығып едік» деген сөздерді жиі айтатын. Бұл сирек кездесетін құбылыс. Мықты адамдардың өзі «Шерағаңның шекпенінен шығып едік» деп мақтанышпен айтқанын көріп мен таңқалатынмын. Сөйтсем бәрі де шынын айтқан екен. Қанша таланттарды ашты, Қазақстанның әр түкпірінен әкеп тәрбиеледі. Солардың бәрі ұлы адамдар болды, міне сондай еңбегімен қалған кісі. Содан кейін күйіп-пісіп халқын ойлады. Сондықтан әрине халық ол кісіні жақсы көреді, сол үшін де бүгін қайғырып жатыр. Ондай адам болмайды емес, тағы да туады. Қазақтың қасиетті жері, қасиетті елінде ұлылар келеді. Бұл кісі де соған жол босатқан шығар деп ойлаймын. Енді жаңа ұлылар келеді, Шерханның осы өмірін ары қарай жалғастыратын таза адамдар келеді дүниеге, жақсылық заман болады деген ойдамын», -деді Өмірбек Байгелді.



Ұқсас тақырыптар