Талғат КЕҢЕСБАЕВ: ЛЕНИННІҢ БӘТЕҢКЕСІ

Такем.jpg

А, дүние, дүние, 

Ақылға сонда кім ие?

Шәкәрім

Шошып оянған...

Осыған өте ұқсас қорқынышты түсті бұрын да көрген. Бес жыл бұрын облыстық мәслихатқа депутаттыққа үміткер болғанда. Нақтысы сайлаушыларына қытайдың қантын тегін таратып жүрген кәсіпкермен үзеңгі қағыстырып мәреге жеткен кезде. Сегіз адам. Алтауы төбе басына шыға алмаған. Көтерілген кәсіпкер мен Жазушы. Алда екінші айналым. Шешуші. Сайлау комиссиясы мен төрағасының шешімі баспасөзде жарияланды. Жазушы өзін жеңіске жеткендей сезінді. Кәсіпкермен тең түсті. Тіпті, біраз дауыс артық алды. Қолдаушы, тірегі жоқ Жазушы екінші айналымға шықты. Теледидар, газет, радио күндіз-түні ақша шашқан Кішкентайды мақтады. Бұл жаяу жүрген. Тоңған. Әу баста республикалық беделді газеттің меншікті тілшісі, бір прозалық кітаптың авторын жігіттер, студенттер қолдауға келген. Ақшасы жоқ екенін біліп біразы Кішкентайдың компаниясына кеткен, қалғандары теріс айналған. Бұл жалғыз қалды. Бірақ... бірақ... екінші айналымға шыққан. Халық қолдаған. Сол күні қорқынышты түс көрген.

Бүгін тағы көрді. Түсті. Шошып оянған. Баяғы сол базар екен дейді. Ағыл-тегіл адам екен дейді. Жалаң аяқ, жалаң бас қалың саудагерлердің алдында қайыр сұрап сұңқылдап отыр.

Терісаққан. Адамдар. Ала қап арқалаған, арақ, темекі сатқан өңкей жайсандардың ортасында Жазушының жалғыз өзі. Домбырасының құлақ күйін келтіріп алды да, әнге басты.

Бәрі аңтарылып бір сәтке қарады. Қарады. Ән салған шерлі қайыршы Жазушыға. Жұлым-жұлым жүдеу адамға.

Дертімді менің қозғама

Онсызда ғұмыр аз ғана,

Бәрі күбірлеп сөйлей бастады. «Апыр-ау, дауысы таныс». «Мынау, әлгі...».

Адасып жүрген ақбөкен,

Қайжаққа ауып барасың,

Қай жерден пана табасың.

Өзегі өксік дүние-ай,

Өртеніп іштен жанасың.

Ақбөкен-ау, ақбөкен...

«Ей, бейшара-ай».

«Осы жігітті қайдан көрдік...»

«Полигонда ақбөкен қырылып жатыр деп алғашқы дабыл қаққан осы жігіт емес пе?»

«Бір кезде жап-жақсы жазушы еді».

«Иә, әлгі миллионердің карманный жазушысы емес пе?»

Бәрі бұған мүсіркеп бір-бір доллардан тастады. Мың-миллион адам. Көк қағаз аспаннан жапырақтай жауды. Байқап тұр, тұп-тура 30 кг болды. Бұндай қуанбас. «Мамама үй әперем». Қайдан шыққаны белгісіз, бастығы жетіп келсін. «Сен сияқты бичке доллардың керегі не, сен менің идеологиялық құлымсың...»

Жазушы басын изеді.

«Мен саған бес жыл бойы айлық төлегем».

Басын шұлғыды.

«Сен мені сатып кеттің, оңбаған сатқынсың, жақсылықты білмеген итсің».

Бірдеңе айтқысы келген. Тілі күрмелді. Кішкентайдың мысы басты. Кір-кір тырнағымен жұлым-жұлым кеудесін тырналай берді.

-Ха, ха, жыласаңшы, сенің көз жасыңды, жалынғанынды көрсем, жаным рақаттанып қалады. Жалын кәне, жыла, жыла.

Бір тепті де, алдындағы доллардың бәрін жинап алып кетіп барады.

Жазушы зар иледі: «Мамама үй әперейін деп едім. Тым құрмаса үш килосын тастап кетші... Бес жыл күндіз-түні шапқылағанымда үш килограмдық еңбегім жоқ па?».

Тағы тепті. «Мен саған айлық төлегем».

Жазушы зар еңіреп жылады.

Кішкентай ұзап барады...

Шошып оянған. Ағыл-тегіл жылап жатыр екен. Қуанды. Түсі болғанына. Түнемелден шығып мұздай суға жуынып алды. Гүлім мен ұлы диванда жатыр. Быжылдап тұрған телевизорды өшірді. «Мен жаман түс көріп жатқанда, шешесінің бауырына тығылып ұйықтап жатқанын қарашы» деп ұлына іштей кіжініп алды. Келіншегі оқушыларының дәптерін қарап тастапты. Ac үйге кіріп, суық шәй ішті. Радионың құлағын бұрап еді, гимнді баяғыда ойнап кеткен сияқты. Үнсіз.

Жылы жамылғы жапты. Гүлім ұйқысырады. «Ертең айлық бере ме екен?» Жүрегі шым етті. «Айналайын, Гүлім менің, мені сен ғана түсінесің». Гүлім - Күнім сенен басқа кімім бар?» Жүрегі шым-шым етті. Қапсыра құшақтады. «Папасы, қойшы, таңертең бірінші сабағым бар». Қоймады. Гүлімді құшақтап жатып ұзақ ойланды. «Мен неге осындай бейшара болып қалдым, адал жұмыс істемедім бе, еңбегім неге жанбайды». Жүрегі шаншып-шаншып кетті. Думан шешесін іздеп қыңқылдап жылады. «Бар, түнемелге барып жат, мен қазір...» Сүйретіліп орнынан тұрды. Балконға шықты. Аспаннан сол сәт бұны тосып тұрғандай жапалақтап қар жауды. Алғашқы қар. Әппақ. Есіне түсті. Баяғыда Алматыдан «День Валентинада» Гүлімге хат жазған. Жауап жоқ. Телефон шалған. «Аға, сізді тыңдап тұрмын». «Аға, бір құрбымның туған күніне бара жатыр едім...» қатты қызғанатын. Сол Гүлімге екі жылдан соң қолы жеткен. Думан дүниеге келгенде жер бетінде бұдан бақытты адам жоқ еді. Ұлын перзентханадан көтеріп алып шыққан. Сол кездегі қуаныш. Жүрегі бұлқынды.

-Папасы, тоңасың ғой.

Екеуі аппақ қар құшағына құс болып бірге ұшатындай. Қалықтап, сонау ғажап әлемге ұя салатындай. Келіншегі оның иығына курткасын жапты да, кұшағына ене түсті.

Гүлімнің шашынан сипады. Көзінен, ернінен сүйді.

-Ақылдым менің.

-Не ойлап тұрсың?

-Кімді деші? Сені, Гүлім! Тек сені ғана!

-Қойшы.

-Рас айтам, баяғыда «День Валентинада» саған жазған хатымды ойлап тұрмын.

-Жаным менің!

Гүлім күйеуінің мойнына асылды. Еркеледі. «Қойшы, сенің Алматыдан жазған хатың есімде жоқ курстастарыңның біреуіне жазған хатынды айтып тұрған жоқсың ба?»

Жазушының жүрегі тулап-тулап кетті. Зымыраған уақыт-ай. Кеше ғана екі бөлмелі үй алған сияқты еді. Думан биыл мектепке барды. Тек жұмыс... бәрі жақсы еді, бастығы...

Қар. Аппақ. Әдемі. Момын. Сонша нәзік. Ақырын-ақырын жауып тұр. Мәңгілік тыныштық. Сұлулық. Осының бәрін өзі бұзды. Бір-ақ ауыз сөзбен.

-Думанға қысқы етік...

Келіншегі құшағынан шығып, үйге кіріп кетті. Жазушы алғашқы қарға қарап ойланып тұр. «Адам қызық, бір сұлулықты көрсе, бір байлықтың шеті көрінсе мәңгілік екен деп ойлайды. Мына жауған қарды боран ұшырады, аяз қатырады, көктем келіп ерітеді. Жаз болады. Маса, шыбын-шіркей. Күзді аңсайды. Одан қайтадан қыс келеді. Өстіп быжырынып-тыжырынып жүргенде, өмірдің өткенін де білмей қалады». Өзіне-өзі ыза болады. «Осы менің басым істемейді, әйтпесе жұмыстан босаймын ба?». Шашына қонған қарды сілкіп тастап еді, мұрнына жарған қауынның исі келді. Тоңып кетті. Ішке кірді. Кеш болса да Гүлім телефонмен сөйлесіп жатыр.

-Мама, ренжімеңіз, папам ұйықтап жатыр ма? Жо, жо-жоқ... ертең бірінші автобустан ақша, ет, күріш, егер бар болса, біраз май беріп жіберші. Думанға етік...

Түнемелге кіріп кетті. Басын жастықтың астына тығып, ештеңе естігісі келмеді. Бірақ кеудесін тырнаған ыза-кек маза бермеді.

«Баяғыда,- деп ойланды Жазушы, -Жеңіске жетіп тұрғанымда ағаларым алдыма келгесін, Кішкентайға жолымды бердім ғой. Бұл жолын бермесе, Нәуке ағасы Парламентке өте алмайды екен. Екі күш, екі кандидат Нәукең мен Кішкентай бірігуі керек. Әйтпесе дауыс бөлінеді.»

Сайлау біткесін Жазушы онсыз да сұрқы кетіп тұрған қаланы алабажақ қылғысы келмей, өзінің суреттері, бағдарламасы ілінген жерлердің бәрін тазалап шыққан.

Ой. Ой. Ойлар...

Күн-түн демей жұмыс істеді. Республикалық басылымның бәріне шығарды. Мақтады. Болашағына сенді. Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде бүкіл ел білді. «Қайырымды. Білімді қазақтың азаматы осындай болсын. Қалай бағасын білмей жүргенбіз». Тандайын қаққандардың қатары көбейді. Кішкентайдың имиджі көтерілді. Мерекелі, даталы күндерде бастығы теледидар мен радио, газет бетін босатқан жоқ. Осының бәрін Жазушы жазған. Жазушы жасаған. Оны бір құдай мен бастығы ғана біледі. Енді, міне, жұмыстан бос. Ешкімге керегі жоқ. Бес жыл. Бақандай бес жыл күндіз-түні шапқылаған. Өзімен бірге істеген жігіттер бір үй, бір мәшине алған. Жазушыға велосипед те бұйырмады. Енді, міне, баласының аяғына етік алып беруге шамасы жоқ. Жұмыссыз. «Жоқ. Жоқ...»

Далада алғашқы қар жапалақтап жауып тұр.

Жазушы үнсіз жылады.

Қорланып...

***

Жазушы күйіктен ішіп кетті. Басқа амалы құрыған. Өзгерген. Нұр шашып тұратын көздері кіртиіп, сөйлеген сөздері бұзылып көшеде кездескен танысына тура қарамай алға тарта беретін болтан. Тозған. Бір жақсысы таңертең келіп, кешке сүріне-қабына төсегіне кеп құлайтын көрінеді. Айықтырғыштың босағасынан аттап, халық әндерінің біразын сонда орындапты. Таныс полицей үйіне әкеп тастапты. Бірде ұрлық жасады. Кәдімгі мемлекеттік деңгейдегі ұрлық. Оған өзі ұялған да жоқ. Ол былай болған. Ертістің жағасындағы күн көсем Лениннің ескерткіштерінің біреуін әлдекімдер көтеріп алып кетіпті. Білетіндердің айтуынша түрлі-түсті металл сынықтарын қабылдайтын жерде өңделіп, қытай асып кететін көрінеді. Ұрлағандар өзі сияқты тәжірибесіз екенін Жазушы сезген. Өйтпей ше, күн көсемнің екі үлкен бәтеңкесін қалдырып кетіпті.

Ол ұзақ ойланды. Бәтеңкеге қарап. Таза мыс. Тәп-тәуір ақша. Расында мол ақша екен. Қол шанаға салып алып, қабылдау пунктіне тапсырғанда оған көзі анық жетті. Содан бері аузы аққа тиіп, қолы ұзарып, паркте саяси әңгімелерді бірге айтып, бас жазатын жігіттердің алдында беделі өсіп-ақ қалды.

Тағы бір байқағаны – ешкімнің ештеңеде жұмысы жоқ екен. Лениннің бәтеңкесі салынған шананы көшеде сүйретіп келе жатқанда бір адам «Шырағым, мынауың не?» деген жоқ қой.

Кеше драматургияны қолға алып жүрген бір жігітпен кездесіп қалған. Әй, бір жақсы азамат. Жазушыны керемет сыйлайды. Бұл да оның 50 беттік пьесасын бастан-аяқ қайта жазып, тыңнан кейіпкерлер қосып, жөндеп берген. Екеуден-екеу отырып бір сілтеген. Арғы жағы бұлыңғыр. Есінде қалғаны...

-«Аға, менің пьесамды үстінен қарап шыққаныңызды ешкімге айтпаңызшы... Сізді жұмыссыз қалдырмаймын. Жігіттерге айтып бірдеңе қылармыз.

-«Рахмет, бауырым, маған сенің жаның ашымағанда кімнің жаны ашиды. Қай жерге барсам да «Кішкентайдың советнигі едің ғой»- деп бетіме басады.

-«Сізге Волга беріп еді ғой».

-«Әй, әкеңнің»... – деп ыза болғаны соншалық, алдында тұрған қырлы стақандағы көкпеңбек арақты тартып жіберген.

... Шөлдеп жатып оянды. Түсінбей қалды. Өз құлағына өзі сенбеді.

«Жай шақырттың ба?»

«Қайдан жай болсын, анау әлі жатыр, айдан асты жұмыссыз. Оны қойшы, күнде үйге мас...» Екі беті ду ете түсті. Орнынан тұрмақ еді, онысынан ештеңе шықпады. Бір қырына аунап түсіп, жата берді. Мұрнына сәлден соң тамақ иісі кеп, жұтынып қойды.

-Сені шақырады,- деп ұлы түнемелге кіріп шықты. Соңғы уақытта әкесіне бұрынғыдай еркелеуді қойған. Жазушы соған ыза болады. Ішкен кезде бір-екі рет құлағынан тартып: «Сен менің ұлым емессің», -деп жылатып қойған. Орнынан зорға тұрып, ваннаға кіріп біраз бөгеліп шықты. «Қайдан ғана жетіп келіп еді?»

-Сәлеметсіз бе?- деді қарсы кездескен енесіне.

-Балам, қалың жақсы ма?

-?

Дастарқанның шетіне барып отырды. Буын-буыны дір-дір етеді.

Енесі үлкен кесеге құрт қосылған көже құйып әкеп берді. Қара бұрышты сеуіп-сеуіп жіберді. «Шіркіннің иісі, бір жүз грамм болса».

Ойын ұға қойды ма, енесі ортаға бір бөтелке арақ қойды.

-Жақында омыртқаға көршілерді шақырғанбыз, сарқыт қой, өзің құйып ішерсің, балам.

«Молодец, теща». Бата алмай біраз отырды.

-Ойбүй, газға сүт қойып едім,- деп енесі ас үйге қарай кетті.

Жазушы бір кесе арақты бір-ақ төңкерді. Борша-борша тер кетсін.

-Ненавижу тебя! –Гүлім күйеуіне жиіркене қарады. -Алкаш несчастный.

Жазушының беті бүлк етпеді. Көжені баппен ішіп отыр.

-Кәне, балам, ыстықтай құйып әкелейін, терінді сүртші,- деп ас үйден қайтып келген енесі гүлді орамал берді. Жазушы белуарынан тұрған бөтелкенің түбін әп-сәтте көрсетіп тастады. Ағыл-тегіл терлесін.

-Думантай, тамақ ішпеуші ме едің?

-Жоқ, апа, ертең екеуіміз «Собачий бойға» барайықшы.

-Онысы несі, тағы?

-Стадионда иттерді төбелестіреді.

-Әкең екеуің бармайсыңдар ма?

-Онда ақша жоқ.

-Қой, үлкен кісіні мазалама,- деп Жазушы баласына зекіп тастады.

Енесі екеуі шай ішіп отыр. Бағанағыдай емес, ол өзін еркін сезінді.

-Таймас қалай, үре ме?

-Енді, ит болғасын үреді ғой... Әйтеуір қораға ұры-қарыны жолатпайды. Соған шүкір дейміз. Қазір не көп, екі аяқты қасқыр көбейді ғой.

Ауылдың адамдарына қиын боп тұр.

Думан шиқылдап күлді. Әкесіне қарап. Жазушы ыңғайсызданды. Атасы есіне түсті.

-Ағам қалай?

-Ағаң сол, жүр, шал болғасын ептеп ауырып қояды. Жақында пенсия берген, өткен екі-айдың... сосын өздеріңе келіп кетейін дегеніміз ғой.

Шайді ұзақ ішті. Екеуден екеу. Гүлім мен ұлы өз бөлмелерінде. Тым-тырыс.

-Гүлім ванна дайындап қойыпты. Қазір күн аяз, жастықпен байқамайсындар, аяқтан өткен суық қиын болады,- деді енесі.

Сол күні Жазушы тұяқ серіппей ұзақ ұйықтады.

***

Стадион толы қазақ. Шу-шу етеді. Көбінің қолында көк бөтелкеге құйылған қытайдың сырасы. Жазушы жұтынып қойып, нағыз итше таласып жатқан иттерге қарап отыр. Жеті атасы Шыңғыстаудың қасқырынан қасқыр қоймаған дәу төбеттің неміс овчаркасынан жеңіліп қалғаны. Жеңілгенде қан жоса болды. Қан. Қып-қызыл. Бірақ төбет қыңсылаған жоқ. Құлақ шекесінен қан сорғалап жатыр. Иесі одан да өткен намысқой екен, қонышынан жарқ еткізіп кездікті суырып, төбеттің дәл жүрек тұсынан бір-ақ ұрды.

Қазақтар ал кеп шуласын.

«Нағыз азамат, жақсы ит өлігін көрсетпейді деген осы».

«Жеңілген иттің керегі не?»

«Сол үшін алып қоялық...»

Жазушы жұтынды. «Жүз грамм болса ғой». Бір кез шуылдап отырған адамдарға көзі түсті. Таныды. Ағалары. Жерлестері. Кішкентайды жеңіп тұрғанда бәрі кезек-кезек келіп: «Бізді тындасаң, Кішкентайға жолынды бер. Елден ұят. Кейін өзіңе бәрін жасаймыз». Кандидатурасын алған. Ағаларын сыйлаған.

...Кішкентайдың банкетіне осы ағалары қауқаулап бұны апарған еді. Жомарт екен. Кішкентай: «Жазушы ініме бір – «3129», қызметке шақырамын». Бұл балаша қуанды. Әкесіне берем деп қуанды. Ауырады ғой. Қалаға ауруханаға келіп жүрсе болды. Керемет қуанған. Бірақ... бірақ сол «Волганың» өзі түгілі доңғалағы әлі күнге дейін жоқ. Бастығына бір-екі рет айтып еді, «Кредитті жаба алмай жатырмын»- деген. Бес жыл күндіз-түні жұмыс істеген Кішкентайға. Рас, айлық алды. Бірге істеген жігіттер де айлықпен бірге... Бұған түк те жоқ.

Осы қорлықтың бәріне Жазушы төзді. Шыдамай кеткені де бар. «Менің еңбегімді қайсың бағалап жатырсың?»- деген. Бастығы: «Қой, Жазушы мырза, өйтіп айтпа, сен біз үшін керексің»,- деді.

«Сен халыққа керексің, - деді көмекші бала. Жазушы оларға сенген. Аферистерге. Алданып қалған. Ұрысқан. Өзіне-өзі. «Осы менің жоқ жерден бала сияқты болып кететінім-ай...»

Қазақтар шу-шу етеді.

Иттер қан-жоса болып таласып жатыр.

Ол ағаларына қарады.

-Нәуке, Нәуке, сізді қайтадан сайлаймыз,- деді біреуі.

-Нәуке, бүкіл Парламентте сізден алғыр ешкім жоқ,- деді екіншісі.

-Нәуке, Нәуке, көптен бері келмей кетіп едіңіз, бізге өкпеңіз бар ма?- деді үшіншісі.

-Кешке біздің шалдың үйіне барып осы мәселені жақсылап тұрып ақылдасамыз,- деді жылп-жылп еткен қара жігіт.

-Өздеріңе сеніп келдім ғой,- деп Нәукесі сақалын бір сипап, көзілдірігін орамалмен ұқыптап сүртіп, жан-жағына қараған кезде бір бұрышта бүрісіп отырған Жазушы інісін көріп жүзі жалтарып кетті.

Иттер таласып жатыр.

Ыр-ыр...

Жазушының басы айналды. О, құдірет, құлағына шу-шу еткен көп қазақтың даусы емес, марқұм Жәнібек ағасының үні келді.

Ағалар-ай,

Көңілін інілердің жараламай,

Бірге ұшып, бірге қонып жүрсеңдерші,

Қатарын бұзбайтұғын бал арадай

Өздерің қонақтайтын бәйтеректің,

Тамырын балталамай, араламай

Әттең, әттең, ағалар-ай!

... Кешкісін театрға бару ойында жоқ-тын. Оның үстіне Жазушы дел-сал күйде еді. Оған енесі болды ма? Билет алған. Баяғыда депутаттыққа кандидат боп тіркелгенде күйеу баласына әперген костюмді үтіктеп, жарқыратып қойыпты.

Басынан ақ орамалын тастамайтын, жүзінен үнемі бір мейірімділік шуағы білініп тұратын енесі үлкен-кішіні сыйлайды. Сондықтан Жазушы енесіне жақын. Атасы да жақсы. Бірақ кісі жұмсағыш. Сосын бұл да жоламайды. Театрға баруын барғанмен өң мен түстің арасында отырды. Өзі жазған драма. Дұрысы қайта жазып шыққан дүниесі.

Шымылдық жабыларда көрермендер «Автор, автор!»- деп сахнаға алқызыл гүлдер лақтырды.

Жазушының маңайынан пана іздегендей қанаттарын сатыр-сұтыр қағып, мың-миллион кептер пайда болды. Теңселіп барып түзелді. Енесінің иығына басын сүйеп:

-Тәте, такси ұстаңызшы,- деді. Үйге келісімен сұлқ түсті. Қай жері ауыратынын білмейді. Біресе денесі күйіп-жанып, біресе тісі-тісіне тимей қалш-қалш етеді. Енесі бәйек болып жүр. Жазушы баласын жанына алып жатып: «Ұлым менің»,- деді. Маңдайынан иіскеді. «Құлыным. Өмірімнің жалғасы...» Ұлын бауырына басқан әкеден бақытты кім бар?! Думанды қатты құшақтады. Әрі қарай...

«Папа, саған не болған?»

Иттер таласып жатыр.

«Әттең, әттең, ағалар-ай.»

-Апа , апа, папамды қа-р-а-ааа».

«Қара, қара, қа-р-а-ааа».

Думан қол-аяғы мұздап бара жатқан әкесін құшақтап жұлқылап жатыр:

Өлмеші, папа, өлмеші...

***

Жазушы екі күннен кейін аурухана төсегінде көзін ашқан болды. Гүлімді көрді. Анық. Жағы суалып жүдеп кетіпті. Бота көздерінен мөлт-мөлт етіп жас тамды. Жазушының кеберсіген ерніне бір тамшы жас тамды.

-Папасы, есіңді жинашы.

Гүлім күйеуін қолынан мықтап ұстады.

-Гүл...

Жазушы сөйлей алмады. Бірақ есін жинады. Бір тамшы жас. Шөлдеген жүрегіне нәр берді. Тілі күрмеліп қалған. Көзі бақырайып келіншегіне қарап жатыр. Енесі келді. Сөйледі. Бұл ұқпады. Әне, Гүлім бірнеше дәрі-дәрмектің қорабын шешесіне көрсетіп жатыр. Екеуі бастарын шайқап-шайқап қояды. Бір кез енесі қолынан сақина, білезігін шешіп қызына берді. Гүлім жылдам шығып кетті.

Жазушының көз алды бұлдырады...

Екі кісілік палатаға көшірілгеннен бері жағдайы жақсара бастады. Жанындағы орыстың шалымен бір-екі партия шахмат ойнады. Шал мықты. Ойыншы. Ойлы. Күрсіне береді. Ол бірде сұрады Жазушыдан.

Осы қазақта иттің киесі деген ұғым бар ма?

-Бар,- деді Жазушы.

-Онда мені құдай атты,- деп шал өз-өзіне «мат» жасап, орнынан атып тұрды. -Преставляешь, мені атып өлтіретін адам жоқ.

-Неге?

Шал айтты. Бәрін. Стадионда дәу төбетке әлсірететін дәрі салған. Текті итке. Өте сирек кездесетін асыл тұқым Қазақы төбетке. Таластырудың алдында иесі көп өтінген. «Менің итім бәрін жеңеді. Бірақ біреудің овчаркасынан жеңілуі керек». Көп ақша берген. Бұл салған. Уколды. Енді, міне, сол ақшаға дәрі-дәрмек укол алып, өзінің жаны қалған.

Жазушының безгегі ұстағандай қалтырады. Шалға: «Итің жаман десе, намыстанған қазақ, бүгінде...»- деп айтпақ болған. Айтпады.

Шал сөйлеп отыр, сөйлеп отыр. «Әттең, әттең, ағалар-ай».

***

Жазушы жұмысқа шықты. Он күннен кейін. Ауруханадан жазылып шыққан соң, ауылдан анасы келген: -Құдағи, сізді қорқытып аламыз ба?- деп, хабар бермегенімізге ренжімеңіз. Анасы жылаған. Ұлының маңдайынан сүйген. «Жарығым, аман жүрші, соңғы уақытта түсіме жиі кіріп жүрдің. Жүрегім сезіп еді». Маған үй әпермей-ақ қой, балам, өзің аман болшы». Жылаған. Анасы. Жұбатты. Енесі. Шай ұзақ ішілді. Жазушы байқамай жүр екен. Думан суретші. Тәп-тәуір. Әсіресе, Ертіс жағасындағы балықшыларды салғаны ұнады. Шәйді келіні қайыра бір демдеп әкелгенде, «Құдағи, кұлағыңа тәуір сырғанды неге тақпай жүрсің?» - деп сұрады.

-Құдаңыздың бір жас келіншекке көзі түсіп, соған сыйлап кеттім, - деп жауап берді Жазушының енесі.

Күлді. Бәрі. Үйдің іші шаттық. Жылылық. Жазушыға осындай туыстық жылылық ерекше ұнайды. Енесінің жауабына ерекше риза болды. Басқа біреу болса: «Сенің ұлың ауырып жатқанда дәріге ақша таба алмай сатып жібердік»,- деп бір емес, бірнеше рет айтар еді. Енесі өйтпеді. Әзілге бұрды. Жасырды. Сыйластық. Шынайы. Бірлік. Татулық. Екі жастың шаңырағын сақтап тұрар туысқандық қасиет.

Екі кемпір жарысып ән айтты. Балаларының үйінде. Сосын. Екеуі екі бағыттағы ауылдарына қайтқан.

Жазушы жұмысқа шықты...

***

Жанын салған. Жұмысқа. Бір күні қызық болды. Түскі үзіліске таман қағаздарын реттеп отыр еді, ақ телефон шар етті. Гүлім. «Тез кел». Тастай салды. Құстай ұшты. Үйге . Кіріп барды. Ентелеп. Өз көзіне өзі сенбеді. Ағалары. Дәл бір әкелерінің үйіне келгендей тайраңдап жүр. Жазушының жүрегі тоқтап қала жаздады.

-О, біздің бауырымыз келді!

-Ой, сағындық қой сені!.. - Бармысың, бауырым - деп құшақтады депутат ағасы. Халың қалай, көптен көрмедік қой...

-Жазушы ас үйде жүрген келіншегіне шүйлікті.

-Мыналарды кім шақырды?

-Мен қайдан білем...

-Неге кіргіздің?- деді кіжініп.

-Ағаларың ғой...

-Болса қайтейін.

-Папасы, қойсаңшы, одан да маған көмектесіп жібер.

-Мен саған...

-Доғар енді, -Гүлім күйеуіне тіктеп қарап. - Менің қайбір төркінім келіп жатыр, келсе өзіңнің ағаларың.

-Жазушы жым болды. Дастарқанға отырды. Туыстарымен. Ішті. Арақты. Ағалары айтты.

-Сен бізге жақын жүр.

-Сені мақтан етеміз.

-Сен нағыз талантсың.

-Әкең жарықтық, қандай кең еді, осы отырған бәрімізге студент кезімізде көмектескен. Сен нағашыларыңа тартқансың ба, нашарлаусың,- деп Нәуке көзіне жас алды. Жазушы ағасының бетінен сүйді. –Ағалар,- деді толқып, -Сіздер үшін, аман болыңыздар!

Бәрі орнынан тұрып, алып қойды.

-Бауырым, рахмет!

Туыстар. Тартып-тартып жіберді. Арақты.

Думан сабақтан келді.

Арқасындағы арқалаған сөмкесін жерге қойып:

-Ассалаумағалейкум!- деп жағалай үлкендермен қол беріп амандасты.

-Шалдың ұлы,- деді Жазушы маңғазданып. -Атасына тартқан. 

-Алтынның сынығы, асылдың тұяғы ғой,- деп Нәуке ағасы баланың қолын алды. Бірақ. Иіскемеді. Маңдайынан.

-Гүлім, ағаларыңа бірдеңең бар ма? - деп айғай салды Жазушы.

-Жоқ-керегі жоқ,- деді ағаларының біреуі. -Келген шаруаларымызға көшейік, мына ағаң келер жылы қайта сайлауға түспек, сенің ойың қалай, қолдаймыз ба? Намысымыз қайда? Елдігіміз... әруақтан ұят емес пе, өз туысымызды өзіміз қолдамасақ... Не болғанымыз?.. Елдіктен кеткеніміз ғой...

Олар ішкен. Түнімен. Туыстар.

Ертеңіне одан да қызық болды. Келген. Түстен кейін жұмысқа. Бірінші шақырған. Барды. Отырды. Бастығы бір кезде:

-Сіз,- деді нығырлап ақ қағаз ұсынды. -Жұмыстан кету туралы маған өтініш жазыңыз. Он күннен кейін қол қоямыз ба, жоқ әлде... бір айдан соң оны хатшы қыздан білерсіз, әзірге орныңызға барыңыз.

Жазушы екі қолымен басын ұстады.

«Әттең, әттең. Ағалар-ай».

Жегені желім болып бір ай жүрді. Өзіне тапсырған жұмысты атқарып жатыр. Хатшы қыздан хабар жоқ. Жұмыстан кететіні есіне түссе, жанын қоярға жер таппайды. Кей күндері дөңбекшіп ұйқы көрмеген кездері болды. Уақыт емші. Ойламады. Ештеңе. Өйткені жұмысы көп. «Ел мен Жер» бағдарламасын жасап, қабылдау бөлмесіне апарып берген. Тым-тырыс. Серт берді. Өз-өзіне. Ешқашанда ағаларына жоламауға. «Тек, аман болсын...»

Кабинетіне үлкен бастықтың өзі келді. Жымиып қана жылы амандасты. Үндеген жоқ. Қайта шығып кетті. Осы үндемегені ескі жараның аузын жұлды.

...Ауруханадан шыққан күні бастығы кімнен телефонды алғаны белгісіз, өзі хабарласқан. «Ертең келіп кетсеңіз». Барған. Сөйлескен. Қызметке кіріскен. «Не болды сонша, кім жұмыстан кешікпей жатыр, кім үйіне қонақ келсе ұрттап қоймайды екен». Іштей бастығын қимады. Жақсы жігіт. Көп уәде бермейді. Айтқанын орындайды. Сөзінде тұрады. Енді, міне, үш-төрт ай үйреніп қалған жерінен кетпек. Не үшін? Ағаларын үйінде қарсы алғаны үшін бе? Жоқ, әлде осыдан біраз жыл бұрын бүгінгі бастығы Кішкентайдан теперіш көргені үшін бе? Өткен сенбіде түс көрген. Түсінде жаман түс көрген. Түсінде жаман іс көрген Жазушы. Қарлы боран арасында жалаң аяқ қалған бұдан қараң-құраң етіп біреу қашып барады. Аяғына Лениннің бәтеңкесін киіп алыпты. Жалынды. Жазушы: -Бәтеңкені тастап кетші. Үйде нан алатын ақша жоқ...» Сол түс осыған көрінген екен ғой. Телефонға жармасты.

-Алло.

-Иә, папа, тыңдап тұрмын.

-Мамаң қайда?

-Жұмыста.

-Сен мамаңа айтшы, бізде жұмыста қысқарту жүріп жатыр.

-Ну, папа, қызықсың ғой, мен сурет салып отырмын,- деп Думан трубканы тастай салды. Жазушы аласұрды. Кабинеттің ішін шыр айналды.

Қоңыр телефон шар етті. Бар күшін жинап буынын бекітті. Көтерді.

-Тындап тұрмын.

-Маған кіріп кетіңізші.

«Маған кіріп кетіңізші». «Кетіңізші». «Кет...» Бастығына келе жатып есіне түсті. Пенде емес пе? Жаны танауының ұшына келгенде... Ойлады. Өтінішін орындаған. «Әкем туралы естелік жазып берсеңіз. Көзі тірі адамдармен әңгімелесіп, мағлұмат жинасаңыз. Еңбегіңізді жемеймін».

Жазушы айтқан: «Бірге істеп жүрміз, сөзіңіздің садағасы». Жазған. Кейіпкерінің өзі тамаша адам болған екен. Мол мағлұмат жинады. Он күн отырып жазып тастаған. 1500 жол. Үш тарау. Ой келген. Үшке бөлді. Үш үлкен мақала. Алматыға жіберген. Суреттерімен. Құдайға шүкір, беделді журналистердің бәрі Жазушының сөзін екі етпейді. Керемет сыйлайды. Айдың аяғында үш мақала беделді үш газетке жарқ-жарқ етіп шыға келген.

Қуанған. Бастығы. Көзіне жас алған: «Осы жақсылығыңызды өмір бойы ұмытпаймын»,- деген.

-Отырыңыз.

Креслоға жайғасқан болды. Бастығы кнопканы басты.

-Шай әкеліңіз. Жазушының есіне әкесі марқұм:

«Балам, қабырғаң сынып кетсе де сыр білдірме» деген сөзі түсті. Бойын тіктеді. Қарсы алдында отырған басшының көзіне тура қарады.

-Тыңдап отырмын.

-Әңгіме былай, Жазушы мырза, Сіз жасаған «Ел мен Жер» бағдарламасы біздің фирманың, анығырақ айтсақ, менің болашағым...

Өз құлағына өзі сенбеді. Көпке дейін мең-зең күйде отыра берді. Шай ішкен соң, өз-өзіне келді.

-Сіз басқадай ойламаңыз,- деді бастығы, -Мынау қаламақыңыз, он бес мың доллар...

Жазушы орнынан атып тұрды.

-Жо, жоқ, ал...

-Отырыңыз,- деді әмірлі дауыс, -Мен капиталиспін, өзіме еңбек еткен адамға тиісті ақшасын беруге міндеттімін. Оның үстіне әкем марқұмның:«Балам, біреудің маңдай тері мен табан ақысын өтеусіз қалдырма»,- деген өсиеті бар еді...

Он бес мыңы бар болсын. Жазушы қара терге түсті. Кішкентайға бес жыл еңбек еткенде далада қалып еді. Төрт айға толар-толмаста он бес мың. Өңі ме? Түсі ме? Білмеді...

-Таза еңбегіңіз, алаңдамай жұмысыңызды істей беріңіз, айтпақшы, мынау ана жолы жазған арызыңыз, жеке архивіңізге сақтаңыз керек болады. Жазушы бірдеңе айтпақ болған. Хатшы қыз кірді.

-Шетелдіктер келіп тұр.

-Кешіріңіз, - деді бастығы, - Уақытым жоқ, бір өтінішім, арақ ішпеңіз, сосын менен доллар алдым деп жалпақтамаңыз, алсаңыз - өзіңіздің қаламақыңыз...

Шықты. Сыртқа. Қар жауып тұр. Наурыз қары. Жұмсақ. Әдемі. Ұлпа. Жел жоқ. Құстай ұшты. Үйге.

Үш күн Гүлім екеуі табанынан таусылып мамасына үй іздеді. Сатылатын үй баршылық. Бірақ бәрі ескі. Кешкісін Думан ұйықтап қалған еді, есіктің қоңырауы соғылды. Ашты. Орта бойлы мығым келген немістің шалы.

-Вам кого?

-Ассалаумағалейкум,- деді таза. –Босағада өстіп тұра берем бе?.

-Жоғарылаңыз, -деді таңқалған ерлі-зайыптылар.

Шал үйін сатпақ. Ертең келіп көрулеріне болатынын айтты. Мекен-жайын жазып алды. Таңды әрең атқызды. Екеуі барды. Көрді. Керемет. Алты бөлме. Он төрт мың доллар. Бір цент түсірмей қойды. Шал. «Алмасаңдар өздерің біліңдер, негізінде бұл үй жиырма бес мыңның үйі, асығып тұрмын. Кемпірім мен немерем Германияда. Қазақтарды сыйлаймын. Саржалды адамның көзі қалай қиып кетеді дейсің, амал жоқ немерем үшін бара жатырмын. Қазақ десең өзіңе тиеді. Аласыңдар ма өзі, алмайсыңдар ма?» — деп шал ашуланды. Гүлім келісті. Жазушы ойлаған. Он мыңға үй. Қалғанына машина... Оған шал көнбеді. Үй керемет. Екі күн әуре болып кілтті қолдарына алды.

Атама барып құран оқытамыз деп Думан қуанды. Кешкі автобуспен Гүлім мен ұлы ауылға кетті. Мамасын ертіп келмек. Ақылдаспақ. Жоспар құрмақ... Мамасы қуанатын болды. Автобусқа мінгелі тұрғанда Гүлім айтты. Үйді мамаңның атынан Думанға оформить етуіміз керек. Жазушы ойлаған, көзі тірі адамның немересіне мұра қалдырғаны бір түрлі екен. Бірақ үндемеді. Иығынан ауыр жүк түскендей болды. Екі жүз долларды өзіне алып қалды. Енесіне алтын сырға, сақина әпермек. Кешке барып алты бөлмелі үйге жалғыз өзі қонды. Үстіне әкесінен қалған қара тонды жамылып, каминде жанып жатқан отқа қарап жатып ұйықтап кетіпті.

Түс көрді. Үш облыс бірігіп, бұлар аймақтың орталығы болыпты. Халық қуанып жүр екен дейді. Жәнібек ағасы тірі екен дейді. Ұлы әнші үкілі домбырасын қолына алып ән салды.

Саған ғана жан сырымды ашайын,

Саған ғана маржанымды шашайын.

Қосыл кәне әуеніме, домбыра,

Қоңыр кеште қоңыр әнге басайын.

Бәрі мәз. Алтыбақан тербетіліп, кәрі мен жас қуанып жүр. Бықсытып әнебіреу шашлық пісіріп жатыр. Қазақ қызық. Наурызда ғана киетін шапаны мен бөркін бүгінде киіп шығыпты.

Ән домбыра -а...

Жан домбыра -а...

Жазушы жалт қарады. Ертісті кешіп өтіп келе жатқан Кішкентайды ап-анық көрді.

О сұмдық-ай, аяғына күн көсемнің бәтеңкесін киіп алыпты.

Шошып оянды...


Ұқсас тақырыптар