Жылдың үздік ақыны анықталды

8.jpg

Қарағанды қаласында ұлт батыры, мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеновтің 100 жылдығына орай «Ұлтына қорған болған ұлы тұлға» атты салтанатты кеш өткізілді. Кеш барысында Жұмабек Ташеневтің жүлдесіне арналған жас ақындардың  арасында «Жылдың үздік ақыны» анықталатын облыстық  жыр бәйгесі, сондай-ақ «Жылдың үздік жазушысы» мен «Жылдың үздік айтыскер ақыны» және  «Жылдың үздік қайраткері» анықталып, жүлделер табысталады.

Жұмабек Тәшенов қазақ даласын бөлшектенуден аман алып қалған бірден-бір тұлға. Баяғыда аңыз-әңгімелерде жаудың қалың қолына қарсы шапқан батыр бейнесі суреттелетін еді ғой. Сол аңыздың шындық екені Тәшенов бейнесінен анық көрініс табады.

Сталин өліп, оның орын тағын иеленген М.С.Хрущев ойына келгенді жасады. Қырым алып Украинаға қосты. Мұнымен шектеліп қалмай тың игеру деген желеумен қазақ даласын түрлі келімсектермен толтырды. Бірақ бұлардың бәрі оның түпкі мақсатының жанында түкке тұрғысыз іс-әрекет еді. Ол халқы аз, жері кең Қазақстанды бөлшектеуді ойға алады. Солтүстіктегі топырағы құнарлы, жері шұрайлы бес облысты Ресейге, мұнайы тасыған Маңғыстауды Түрікменге, мақталы өңір Оңтүстікті Өзбекке бермек болады. Бұл ойын жүзеге асыру үшін сол кездегі  қазақ басшыларын пайдаланып, біреудің қолымен  от көсегісі келген. Алайда ойлағаны болмады. Дінмұхаммет Қонаев солқылдықтық танытқанымен Жұмабек Тәшенов ашық қарсылық көрсетті. Тіпті өзінің пікірімен санаспай, Қазақстанды бөлшектеу әрекеті жалғаса беретін болса әлемдік ұйымдарға арызданатындығын айтып, КСРО конституциясын алға тартты. Оның бұл батылдығы Хрущевтің үрейін ұшырды. Бүкіл одақты дірілдетіп тұрған Генсек Ж.Тәшеновке қарсы келе алмай, ойлаған ойынан бас тартуға мәжбүр болды. Бірақ Жұмабек Тәшеновтің «қауіпті адам» екені айшықталып қалады. Сондықта ол қызметінен, атағы мен лауазымынан айырылып Шымкент өңіріне облыстың екінші лауазымды адамы ретінде жұмысқа жіберіледі.

Ол кісінің еңбегі бертінге дейін айтылмай келді. Тек Тәуелсіздік алып, іргемізді нығайтқан соң жарыққа шығарды. Мақтан тұттық. Мақтан тұтарлық, жас буынға насихаттарлық іс. Жұмабек Тәшеновтің іс-әрекетін насихаттау арқылы бүгінгі мектеп оқушыларын, студенттерді елін, жерін сүйуге тәрбиелеу.

Қарағанды қаласында Тәшенов жүлдесіне арналған бұл шара алғаш өткізіліп отырған жоқ. Жыл сайынғы дәстүрге айналған шара. Берері көп. Ең әуелі қазақ халқының қаһарманы Ташенев Жұмабек Ахметұлының өнегелі істерін, қайраткерлік жолын, асыл мұрасын дәріптеу. Ұлттық поэзиямызды насихаттау, ұрпақты ұлттық ата-дәстүр рухына тәрбиелеу. Жастардың шығармашылығын шыңдау және қолдау. Халықтың рухани, мәдени мұраларын келешек ұрпаққа жеткізу және оны елдің санасына сіңдіру.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік Университетінің Жастар Сарайында өткен салтанатты шараға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекттік сыйлығының иегері Қойшығара Салғара және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекттік сыйлығының иегері,  мемлекет және қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан бастаған бір топ өнерпаздар қатысты. Жұмабек Тәшеновтің өмірі туралы естеліктерін айтып, ұлт тағдыры, ұлпақ тәрбиесі туралы келелі ойларын ортаға салды.

Кештің ресми бөлімі аяқталған соң ортаға жас ақындар шақырылып, өздерінің өлеңдерін оқыды. Сол бойынша қазылар алқасының және ақындардың бір-біріне дауыс беруі арқылы «Жылдың үздік ақыны» болып Жәлел Шалқартанылды. Ұйымдастырушылар алқасы келер жылдың көктем айында Жәлел Шалқардың жыр жинағын жарыққа шығарып беретін болады.

Дереккөз: qasym.kz



Ұқсас тақырыптар