АҚЖАУЫН (новелла)

11.jpg

Жатақхананың бір бөлмесінде менімен бірге тұратын екі жолдасым қыдырыстап туыстарының үйіне кеткен. Жалғыз өзім бөлменің ішіне сыяр емеспін. Әлдебір ойлар көңілімді мазалап, дамыл таптырар түрі жоқ. Бөлме ішін ерсілі-қарсылы кезегенімді жаңа аңғарғандай, өзімді-өзім әзер тоқтатып, терезе алдына бір қырындап отырдым. Терезеге бір-екі тамшы тамғанын байқап қалдым. Үшеу, төртеу... әлгі тамшылар мені енді аспанға қаратты. Жаңа ғана шайдай ашық болған көк жүзін бұлт басып қалыпты. Бөлме ішін жаңбырдың иісімен аңқытайын деп желкөзді ашып қойдым. Табиғаттың жұпарынан рахатқа бөлендім де қалдым. Көктемнің салқын ауасы бөлмені жаулап алды. Үстіме жылы киімімді киіп алдым да, желкөзді жаппастан кереуетке шалқалай жатып, кешеден бері оқып жатқан кітабымды қолыма алдым. Кітаптың бетін аша бергенімде кеудеме парақ арасынан ауылдан кеше келген хат сырғып түскені бар емес пе. Сайтан алғыр! Хатты алдым да тектің алдына лақтырып жібердім. Қап, сол бір хат әжептеуір уақытқа есімнен шығап қалып еді, міне, көрдің бе, «тағы да оқы» дегендей дәл кеудеме түскенін...

Көзім ілініп кетіпті. Қанша ұйықтағаным белгісіз, көзімді ашсам, аяқ-қолым мұздап, тоңып жатыр екенмін. Сағат күндізгі екіден үшке өтіп барады. Қыдырып кеткендер әлі келе қоймаған. Есіме бір жолдасымның кеше алып келген магнитофоны түсе кеткені. Ой, мұндай қуанармын ба? Магнитофонды қосып қойдым. Кассетасы да салулы екен, өзімнің сүйіп тындайтын әншім Мақпал әсем де, мұңлы әндерін шырқап, бұлбұлдай сайрай жөнелді. Қанша тыңдасам да жалықтырмайтын әндердің әрбір сөзі көкіректе жатталып қалған. Әншімен бірге өзім де қосылып ыңылдай бастадым... Бүгін маған не болған? Неге сабырсызданып жүрмін? Бәлкім, жаңағы хат ішіндегі жазылған келеңсіз жайдың әсері ме?

Арқамнан бір оқыс күш итергендей тектің алдына келдім де, әлгі хатты еріксіз қайталап оқи бастадым. Жаттанды әдемі сөздермен басталған бір парақ қағаздың ең соңғы сөздерін оқып шыққанда қолдарым дірілдеп, ашу қысып, әзер шыдадым. «Айтпақшы, Гүлайша байға тиіп кеткен, сірә сенен үмітін үзген болу керек, өйткені сен қалада жүрсің, басқа біреуді тауып алады, одан да мен де өз әрекетімді істеп, өз жолымды табайын деген ғой. Кетсе, кете берсін. Саған да кеткені оңды болған шығар, ауылдың салпы етегін неғыласың, ондайлар қалада толып жүрген жоқ па. Көріскенше. 1993 ж. Сапар».

Кеңсірігім ашыды. Терезе сыртында көктемнің кәдімгі ақ жауыны себелеп тұр. Ақжауын – табиғаттың бір кереметі. Ақжауын – мына дүниеге сұлулық сыйлайтын, ырыс әкелетін құбылыс.

Ақжауын басылар емес, қайта күшіне еніп, үдей түскен. Осы бір көрініс өткен шақтағы бір күнімді көз алдыма елестетіп шығуға итермеледі.

 

******

Иә, сол күні де ақжауын дәл бүгінгідей құйып тұрған. Отбасымыздың үлкендері Садықтың Ермегі бүгін келін әкеледі екен деп сонда кеткен. Садық менің көкеммен құрдас әрі дос. Әлгі хаттың кейіпкері – Гүлайшаның әкесі. Отбасының өзге мүшелері өз шаруаларымен жүр. Күн жексенбі болғандықтан үйде отырғанмын. Жарық сөніп қалған. Дәл бүгінгідей терезе алдында жаңбырдың қызығын тамашалаумен болдым. Біркезде ішім пысқандықтан, тысқа шығып, өзімді іңкәр еткен ақжауынның астында қыдырғым келді. Үстіме ұзын етек плащ кидім. Тысқа шыққан бетте ақжауынның иісі тынысымды ашып, көңіл-күйімді желпіндіріп, желіктіріп жіберді. Содан қорада тұрған шұбар атты мініп серуендегенді жөн көрдім. Қораның есігін ашқанда-ақ жануар оқыранып, тыпырши қалды. Шұбардың көңілін аулап мойнынан, тұмсығынан сипадым-дағы, ер-тоқымын салып, ерттеп сыртқа шығардым. Арпаны бітеудей жеп, пішенге тойып тұрған шұбар жұлқынып тұр. Тауды бетке алып жүріп кеттім. «Жаңбырлатып қайда шықтың?» деп сұрағанға «тауда жайылып жүрген сыйырларды түгелдеп қайтпақпын» деген сылтауым дайын.

Шұбар ауыздықпен алысып келеді. Көңіл серпіліп, ішкі сарайып гүлденіп, жан-жүрегім тебіреніп, шаттыққа кенеле түсті. «Жүйрік атқа мінген Құдайын ұмытады» деген рас екен-ау. Тақым артқаннан-ақ айналама тәкаппарлана қарадым. Егер астымдағы атым он рет қамшы ұрғанда бір рет аяғын басатын болса, маған мына дүние, табиғат тым жүдеу көрінер еді-ау.

Ат қамдық жасап, ә дегенде-ақ ырсылдап қалды. Шұбар жылы жаңбыр мен өзінің ыстық теріне малшынды. Көлігімнің терін жегізіп алмаққа, баяу жүргіздім де, ауылдың батыс жағымен орағытып өттім. Садықтың үйі ауылдың бел ортасынан жоғарырақ орналасқан. Келін түсетін болғандықтан үйдің алдында топырлаған ауыл адамдары. «Міне, бүгін біздің үйде қуаныш болады» деп, жарияға жар салып тұрғандай дыбыс зорайтқыштан күмбірлей шығып жатқан әсем ән ақжауынмен қабаттасып, көңілдің кілтін дөп басып самбырлап тұр. Мен тауға қарай жылжи бердім.

Таудың етегіне іліккенімде уақыт сәскеге таяп қалды. Тысырлай жауған жаңбыр жерді едәуір жіпсітіп тастаған. Әдепкіге қарағанда әжептәуір терін жеп, ширап алған шұбар ойнақшып келеді. Тауды бауырлай қалықтаған, тіпті жер бетінен сәл ғана жоғарыда, батысқа қарай баяу жылжыған селдір ақша бұлт мені өзіне ынтықтыра түсті.

Көктегі сонау биіктен зулай өтіп жататын бұлттардың арасын бір рет болса да кешіп өтуді армандайтынмын. Бәлкім, бұл арманым бұлтқа деген ғашықтықтан емес, солар жүзген биіктікке деген құштарлығымнан туған шығар. Көк жүзінен тәкаппарлана қарайтын күркіреуік бұлттардың бір бөлігі міне, қол созым жерден өтіп барады, оған қалай ынтықпассың. Атымның тізгінін жіберіп алып, әлгі бу – бұлтқа жетіп алмақшы болдым. Бірақ сол жерге жеткеніммен әлгі бу – бұлт ұшты-күйлі көзден ғайып болды. Әуелгі жерге қайта барып едім, жаңағы бұлт қайтадан көлбеңдеді. Оған таң қалғаным жоқ. Өйткені, маған сыры түсінікті... Адам баласының өмірі де осыған ұқсас. Кімнің де болса аңсаған арманы қашанда биіктен көрінбек, егер сол шыңға көтерілгенде қол созым жерде тұрған тілегенің қадірін жоғалтып, тағы бір нәрсеге деген құштарлығы оянады. Сондықтан да адамның арманы тірісінде таусылған емес. Бірінен соң бірі... «Адамның тірлігі өлгенде бітеді» дегенді «Адамның арманы өлгенде бітеді» деген дұрыс шығар.

Тебіндеп, көктей бастаған, жаңбырға малшынған раң жердің бетіне төселген жасыл кілемдей көрінеді.

Табиғаттың әсем көрінісін тамашалап таудан ауылға қарай беттедім. Ауыл мен таудың арасы небәрі он шақырымдай. Атқа отыз-қырық минуттық жер. Көлігіңе қамшыны бір бассаң болды жетіп-ақ қаласың. Тау етегінен шыға бергенімде жаңбыр да басылды. Күн батуға арқан бойы қалған.

Егер маған табиғаттың ең бір сұлу сәтін суреттеп бер десе, мен бірінші ақжауынды, жауыннан кейінгі жарқырай шыққан күн нұрына бөленген тау мен даланы сөз етер едім. Осындай көріністерден алған ләззатымды ешнәрсеге айырбастай алмаспын. Бәлкім, бұл жай айтылған сөзім шығар. Табиғат әсерінен алған ләзаттан да артық ләззат кездесер, бірақ бұл шын мәнінде өзіме ұнаған сұлулыққа шексіз құштарлығымның әсерінен айтылған сөзім екеніне күмәнім жоқ.

Әп-сәтте ауылдың шетіне іліктім. Сол кезде үлкен жолмен тізбектеле келе жатқан төрт жеңіл машина ауылға қарай бұрылды. Олар безілдетіп сигналды аямай беріп келеді. Келін алып келе жатыр, келін! Алдынан шыққан ауылдың бозбалаларының екі аяқты, үш аяқты мотоциклдері де кері қарай бұрылып олардың соңынан ілескен. Мен де ауылды жанамалай шаба жөнелдім. Гүлайша не істеп жүр екен, қуанышты шығар деймін.

 

*******

Гүлайша – менімен бір сыныпта оқитын көрікті қыз. Біз бастауыш сыныпта оқып жүргенде ылғи жұбымызды жазбайтынбыз. Келе-келе арамыз ажырай бастады. Табиғи құбылыс қой, бірақ, біз есейген сайын өзгеге білдірместей іштей бір-бірімізге ынтықтығымызды арттыра түстік. Қапысын тауып оңаша қалғанда өзді-өзімізден қатты қысылатынбыз. Осы қысылудың өзі бізді сөйлетпей-ақ іштей ұғындыратын.

Ол сабағын нашарлау оқитын. Тек суретші болуды армандайтын. Оған да онша икемі жоқ, тек он саусағын қажымай-талмай сурет салуға жаттықтыра беретін. Үйіне оны іздеп бара қалсам, алдында шимай шатпақ неше түрлі суреттер салынған парақтар мен түрлі-түсті қарандаштар жататын. Оның салып жатқан суреттерінің қиюын келтіре алмай отырғандағы түрін көргенде аяп кететінмін. Кейде келемеждеп мазақ ететін кездерім де жоқ емес еді. Келемеждегенімде ол ешқандай қарсы сөз айтпай, мұңайып қалатын.

Менің мына дүниенің сұлулығын, табиғаттың әсем көрінісін жаныммен қабылдауыма, сонау алыстан бұлдырап көрінетін көкжиек сызығының құпиясын білмекші болып ұмтылған жан тебірентерлік ішкі сезімімнің бүр жаруына, тылсым тіршілік туралы балалық түсінігімнің қалыптасуына себепші болған осы бір тұлымы желбіреген, талдырмаш қыз болатын. Көкірегі ән еді. Оның мені ынтықтыра түсетіні нәзіктігі, арманшыл да сұлулықты құрметтей білетін сезімге толы жүрегі, адал да ақ көңіл пейілі болатын.

Екеуміз мектептен шыққан бетте бірге қайтатынбыз. Оның мамасының маған: «Қызымды үйге дейін жеткізіп сал, қараңғыда қорқып жүрер» деген сөзі құлағыма жағымды естілетін. Міне, біз дәл осы мезгілде әңгімені қыздыратынбыз. Әңгіменің тақырыбы көбіне сұлулыққа, әсемдікке бағышталатын, өйткені Гүлайшаға ең қызық тақырып осы ғой. Ал махаббат жайлы сөз ете қалатын болсақ, екеуміздің де ауыздан шыққан лебізіміз дірілдеп, қос бетіміздің ұшы қызарып шыға келетін. Сондықтан да біз махаббат тақырыбына жолай қоймайтынбыз, себебі ондай сезімнің алдында әлі де жетіле қоймаған дәрменсіз едік.

Бірде сабақтан кеш қайттық. Үй мен мектеп арасындағы аз ғана арақашықтықта сан қилы сырдың басын шалып, таусылмайтын әңгімемізді тағы да өз арнасына тоғытып, бір-бірімізге сыбырлай сөйлеп келеміз. Кенет ол әңгіме тақырыбынан ауытқып:

Нурик, менің сабағым тым төмендеп кетті. Сол үшін де сенен қысылып жүрмін. Білемін, сен үшін оқып жүрген жоқпын, бірақ ыңғайсыз сияқты. Қанша тырыссам да оқуға деген құмарым тарқап барады. Не істеймін? – деді.

Онда бірге дайындалармыз? Бір-бірімізге көмектесейік.

Керегі жоқ. Не істеймін деп сұрақ қойыппын-ау. Оған жауап іздеп қиналма... Нурик деймін, мен сені жақсы көремін... Ылғи да сені ойлаумен боламын. Бар күш-жігерім сол ойдың иіріміне малтығып, шарасыз күй кешіп жүргенімді білсең ғой, – деді.

Гүлайшаның бұл сөзі мені ыңғайсыз күйге түсірді. Не дерімді білмей, екі бетім дуылдап, басымды төмен салып, бірауық үнсіз қалдым. Іле оның алдында кішкене балаша қысылып тұруды жөн көрмей, бойымды тез жинап алдым да жанарымды тіктей қарадым. Не болса да бірдеңе деуім керек екені белгілі. Бірақ, аузыма сөз түспей, шып-шып терлеген маңдайымды алақаныммен бір сүрттім де Гүлайшаның нәзік саусақтарынан ұстап, үнсіз тұра бердім. Осы сәтте Гүлайша бетімнен бір сүйді де, үйіне қарай жүгіре жөнелді. Азаптан құтылғандай бойым жеңілдеп қалды. Азап деймін-ау... Жоқ, мен сол сәттерде бақытты едім. Бірақ, жүрегімде махаббат алауы әлі өз күшіне ене қоймаған кездегі басымнан кешкен сол бір сәттік бұлыңғыр сезім азап болып көрінген еді.

Ертесіне біз мектепте бір-бірімізден бойымызды аулақ салуға тырысумен болдық. Қайтар кезде мен мектеп ауласынан одан бұрынырақ шығып кетуге қам жасадым. Жалғыз өзім келемін, соңымнан ілескен аяқ дыбысы еміс-еміс естіледі. Өзімді-өзім әрең тоқтаттым да, оны күтіп тұрдым. Сол күні бір-бірімізге тіс жарып ештеңе дей қоймадық. Осылай күндер өтіп жатты. Екеуміз бұрынғыша арамыз жақындай қоймағанымен, бір-бірімізге іштей ынтыға түстік... Сабақ аяқталғанда еңсемізді басқан минуттар басталатын. Бірақ сол зілдің өзіндік ләзатты болатын. Бір-бірімізден қашан айырылысқанша асығатынбыз. Ал айырылысқан соң, қайтадан қайта жолығуды асыға күтіп, дегбірсізденетінбіз.

Мен сегізіншіні бітіріп, қалаға оқуға кеттім. Одан хат үзбей келіп тұрды. Демалысқа барған сайын жолыққанда мауқымызды басып, бір қуанып қалатынбыз.

Ауылдағы құрбыларым оныншыны бітіргенде мен техникумның үшінші курсына аттағанмын. Гүлайша мектепті тәмамдаған соң ауылдап ұзап ешқайда шықпады. Үлкен қалалардың біріне барып жоғары оқу орындарына түсуге талпынбады. Ата-анасы да қыздарын қалаға сүйрелей қоймады.

Онымен соңғы жолыққанымда өмірге деген бұрынғы шалқар көңілі, суретке деген құштарлығы тым төмендеп кеткенін ұқтым. Оның бойындағы бұл өзгеріс екеуміздің жолымызды ажыратып жібергендей болды.

 

*******

Сағат кешкі бестен асып қалыпты. Сырттағы жаңбыр да райынан қайта бастаған. Жауыннан кейін жарқырай шығатын күнді күткеніммен, ол бола қоймады. Түнерген бұлттар баяу жылжып барады. Тағы да Гүлайшаны ойладым. Ойладым да, күйбең тіршіліктің қанжығасына байланып кете барған Гүлайшаны жүрегім езіле аяп кеттім...

Ақжауын басылғанымен жекелеген, сирексіген тамшылар толастар емес. Жылауық тамшылар терезе бетінде сорғалайды. Ол менің жан сарайымнан қайнап шығып, дертті жүрегімді емдеуге ұмсынған шипа-су тәрізді.

Айналайын ақжауын!

 

1995 жыл

Жолдыбай Базар



Ұқсас тақырыптар