(әңгіме)
Іште іркілген ойдың толғағы жетіп, дегбіріңді алғанда оны сыртқа шығару үшін тыңдар құлақ, өзіңдей түсінбесе де байыбына барып, ұғынуға тырысар сана иесін іздейсің.
Әзіретберген біраздан бері көңілінде шатқаяқтап, жүйкесін жұлым-жұлым етуге айналған жан сырын, мұқтажын кімге айтарын білмей біршама әуре болды. Күндіз-түні жадынан жарты елі ажырамай, санасына желімделіп қалған әлгі ой мазасын алып-ақ бітті...
Ол не де болса әрнәрседен хабары мол, қақ-соқпен ісі жоқ, көзін ашқалы аралас-құралас келе жатқан әрі қатары, әрі ағайыны, көршісі Қозыбақты әңгімеге тартуға тоқталды.
Оның Қозыбақтан да басқа ақылдасар тұстасы жоқ емес. Бұл жайында олар әлі-ақ естиді де, бірақ ойындағысын жөн-жосығымен, абыройға нұқсан келмейтіндей етіп талқылауды осы құрдасынан бастауды дұрыс көрген.
Әзіретберген кеш түсе жайылымнан келген уақ малды жайғап жүрген немерелеріне бас-көз болғансыды да, Қозыбақтікіне келді. Бұған дейін де бұл әңгімені Қозыбаққа айтпақ болып сан рет оқталған, алайда мұз үстінде тұрғандай тайғанақтап, кібіртіктеп, бір шешімге келе қоймаған. Міне, бүгін жүрексінуін доғарып, ойындағысын ашық жеткізбек.
Жаздың жылы, маңдайды желпіген желтеңді кешінде Қозыбақ сиыр сауып отырған кемпірінің жанында таяғына сүйеніп тұр екен. Құрдасымен бір күннің ішінде бірнеше рет кездесіп, әңгіме-дүкен құрысып, тонның ішкі бауындай араласып-құраласып жүрсе де дәл бүгін Әзіретбергеннің Қозыбаққа тура қарауға батылы жетпеді. Көңіліндегі дітін айтар сәт туғанда бір түрлі ыңғайсыз күй кешкен Әзіретберген оны шетке алып шықты...
– Қозеке, айтарымды айтып алсам да өзіңізден қысылыңқырап тұрмын. Қатар болсақ та бір-бірімізге қалжың айтып, қысыр сөзге бармаппыз. Өз ойыңызды білдіріңіз. Мен ғана шешетін іс емес. Бір қауым елміз. Көмейден шыққан сөзді ел естімей тұрмайды. Басқа ағайындармен де ақылдасармыз. Ең алдымен сізбен ойласып алғанды жөн көрдім, – деген Әзіретберген бастапқы кібіртіктеуінен арылып, өзін еркін ұстады.
– Мұның ешқандай ұяты жоқ, Әзеке. Маған салсаң, құба-құп. Қалт-құлт етіп, кәрілікке жеңдіре қойған жоқсыз. Естіген жұрт естір, өз басында болмаған соң күлер, әжуалар, түйсігі барлары түсінер, – деп Қозыбақ шақшасынан алақанына насыбайын төкті де, қалтасынан мақта алып оған насыбай түйіршіктерін орап, ерніне қыстырды. – Айтпақшы, балаларыңыз не дейді? Оларға бұ жайында айттың ба?
– Жоқ. Өзім қалай айтпақпын? Үлкен ұлым Темірбек түсінер, ал қалғандары келісе қоймас. Оларға бұл қадамымның желіккеннің ісі емес, мәжбүрліктен туындап отырған тіршіліктің әрекеті екенін менен гөрі сіз түсіндірсеңіз дұрысырақ болар еді.
– Жарайды, бұл жағын реттерміз. Ал енді көз тігіп, сөз салмаққа ыңғайланып жүрген ұзын етектіден біреу-міреуіңіз бар ма? Мәселенің ең бастысы осы ғой, – деп Қозыбақ жүзіне күлкі үйіре Әзіретбергенге қарады.
– Әзірге ауыл-аймақта жөні келіп тұрған ешкім жоқ.
– Мына көрші ауылдағы Нұрғабылдың қарындасына емеурін білдірсек қайтеді? Өзінің пұшпағы қанамай, ерден шығып, ағасының үйінде отырғанына да біраз болыпты. Жасы елуден асып қалған деп естимін, – деді Қозыбақ.
– Гүлшараны айтып отырсың ғой. Иә, соның жөні келіңкірейді. Маған жасынан гөрі егделеу тартқаны дұрыс. Алпыстың жетеуіне келген маған жас иіс құшып, жігітшілік жасау не теңім?! Әйтеуір бел бүгіліп, жүріп-тұру қиындағанда құмғанымның суын жылытып, төсегімді қалыңдата салып, күтіміме жараса болғаны да... Талайлар мен секілді, кәрілік деген үңгірдің аузында тұрғанда кемпірі қайтыс болған шалдардың өзіне серік іздеуін «желіккендік, алжығандық» деп күстәналап жатады. Ал, аржағында басқа сыр жатқанымен жұмысы жоқ.
Қозыбақ оның сөзін басын изей қоштады да:
– Иә, жас кезімізде қариялардың, «Құдай жанымды кемпірімнен бұрын ал, келінге етегімді аштыра көрме» деп тілейтіндерін жиі еститінбіз. Енді бұны өзіміз айтатын болдық. Келін мен баланың күтімі кемпіріңдікіндей қайдан болсын, – деді де, – сіздің егдесінен гөрі жастауына ұрынғаныңыз дұрыс. Жасамысы ертең өзіңізбен бірдей ыңқылдап-сыңқылдап жүрсе қайтпексің?
– Әзірге «қыз» таңдауды қоя тұрып, балалардың келісімін алайық. Сосын, ел іші ғой, бір теңіміз табылар, – деп Әзіретберген кетуге ыңғайлана берді, – Қозеке, балаларға құлаққағыс ету сіздің еншіңізде.
– Оған алаңдамаңыз, әлі де ақылдасармыз, – деп Қозыбақ тұстасын шығарып салды.
Әзіретбергеннің үш ұл, бір қызы бар. Кенже ұлынан басқасының бәрін аяқтандырып, көңілі жайлана бергенде кемпірі бұ дүниеден қайтып, пүшәйман жеп қалған-ды. Жетпіске тақап қалғанда серігінен айрылған ақсақалдың кемпірін қара жердің қойнына бергеніне бір жарым жылға жуықтаған. Кемпірін жерлеген күннен бастап Әзіретберген жалғызсырап, елу жыл отасқан серігінің орны ойсырап, үңірейіп қалғанын бір-ақ сезген. Кемпірі Қыжымкүл өзімен түйдей жасты болатын. Байғұс сөзге сараң, томаға-тұйық жан еді. Күйеуінің қас-қабағына қарап, келін жұмсап отырса да, шалының кір-қоңын өзі жуып-шайып, басқа күтіміне де барынша көңіл бөлетін. Аялы да, үйреншікті алақанның жылуын аңсаған Әзіретберген Қыжымкүлдей болмаса да, оның орнын жоқтатпауға тырысатын әйел затының қажеттігін түсінді. Қозыбаққа бүгін сыр етіп айтқан әңгімесінің төркіні осыған байланысты еді.
******
Әзіретбергеннің үлкен ұлы, бұл күнде төрт баланың әкесі атанған Темірбек шаруасын күйттеп, өз шаңырағымен Барқындыда жеке отырған. Темірбек үйіне қарай келе жатқан салт аттының кім екенін ажырата алмай тұрды да, жақындай түскенде барып жолаушыны астындағы жирен қасқа атынан тани кетті.
Қозыбақты бұл үйдің иттері ат-патымен талап, жеп қоярдай шабалана үріп қарсы алды. Темірбек төбеттерін тыйып тастап, қариямен амандасты да «Әзілің жарасса атаңмен ойна» демекші, үлкенмен де, кішімен де әзілдесіп, сөзімен түйреп, қалжың сөзге келгенде таптырмайтын әдетіне салып:
– Ит біткенді шулатып жүрген бұл қай бала десем, сіз екенсіз ғой, – деп Темірбек күле тіл қатты да, іле Қозыбақтың қолынан шылбырды алып, анадай жердегі қадаға атты қаңтара байлап, ер-тоқым тартпасын босатып қойды.
Жайшылықта әзілге жоқ Қозыбақ Темірбектің қалжыңына сөзіне орай:
– Немене, үйіңе келе жатқан жанды бездіріп жіберу үшін ит айтақтайтын болғансың ба? – деп әзілдей сөйледі.
– Ит иттігін жасамай тұра ма? Жаратушы пәрменімен итке таңылған міндетті өзгертуге иесінің шамасы қайдан келсін?
– Ит үреді, иесі айтақтайды, ойда-қырда екеуінің де міндеті жетіскен екен.
– Жетіспей тұрған бір-ақ нәрсе бар, ол – әупілдеп үргенімен бітірген ештеңесі жоқ иттердің балтырдан алып, азуын батырмағаны.
– Итіңнің мені талап тастамағанына көңілің толмай тұрғаннан саумысың?
– Ой, көке, әзілдеген түрім ғой, – деген Темірбек жауаптасудан тиылып, Қозыбақты дөңестеу жерге тігілген киіз үйге бастады.
Темірбектің үйіндегі келін – Бәтима шай әкелгенше қарапайым тоңазытқыш – дымқыл шұңқырға салқындығын сақтап тұру үшін қойылған местегі көженің суынан шөлін басқан Қозыбақ аяғын созып, жанбастай жатты да, жас өскін балалардың сыртта жүргенін пайдаланып, Темірбекке жолаушылап келуінің мәнісін айта бастады.
Қозыбақтың жай ғана әлдебір тірліктерімен өтіп бара жатып, шөлін басу үшін соқпағанын, өзіне қатысты бір жайдың барын сезген Темірбек енді үн қата берген қариядан рұқсатын сұрай сөзін бөліп, қазан-ошақтың басында жүрген әйеліне дауысын көтере:
– Әй, Бәтима қазанға ет сал, итпен қусақ та құтыла алмаған қонақтың үйде отырғанымен ісің бар ма өзіңнің? – деп әзілкештігіне басып күле сөйледі.
Тыстан әйелінің мақұлдаған жауабы естілді.
Қозыбақ:
– Әй, Темірбек-ай, осы өзің кімге тартқансың? Әкең мен шешеңді жақсы білеміз, не де болса, сол нағашы жұртыңда қу түлкідей қутыңдаған біреу бар-ау, – деп кеңкілдей күлді. – Қазан көтеріп, ет асамын деп әуре болмаңдар. Келген бойда бір қойдың басын мүжіп кетесіз десең бір басқа, сенің сүр болып қалған кәрі қойыңның етінен кемпірімнің сылдыр сулы сорпасы артық. Етіңді асып өзің жей бер, маған шай-пәйіңді берсең, сол да жетеді.
– Көке, сізге бір қойдың басын мүжіте алмасам, айдалада несіне қаңғып жүрмін. Үй маңында пышаққа ілінерлік қой жоқ, кешкісін мал өрістен келген бетте ең таңдаулысын сойып, сыбағаңызды әп-сәтте алдыңызға тартамыз. Әйтпесе, қазір-ақ біреуін өңгеріп келе қояйын, – деп Темірбек орнынан көтеріле беріп еді, Қозыбақ оны тізесінен басып, қайта отырғызды.
– Шырағым, біздікі сөздің сірәғасы ғой. Мына тұрған ауылдан осы жерге дейін он бес-ақ шақырым. Сол қашықтықтың өзін басып өтемін деп денем ауырсынып отыр. Шайыңды ішіп, келген ізіммен ауылға қайтамын, – деді Қозыбақ. — Сыбағамызды арнайы келіп жермін немесе кісі жіберіп шақырарсың. Бүгін менің саған айтпақ шаруам бар. Келінді шақыр, ол да тыңдасын.
– Көке, әйтеуір тыныштық па? – деп Темірбек тосын хабар күткендей жаңағы көзіндегі ойнақылық ізім-ғайым жоғалып, Қозыбаққа тіке қарады.
«Еттестерден біреу-міреу қайтыс болса, үш-төрт ауыл ақсақалы, қатын-қалаш жиналып келіп естіртуші еді ғой. Бірақ Қозыбақтың шәниіп жатысына қарағанда жаман атты ештеңе байқала қоймайды. Бәлкім Бәтиманың ет-жақындарынан бірі... Әлде әкесіне... Жамандықты естірту үшін көлік таппай, барлығы араларынан Қозыбақты жіберді ме екен?» – дегендей сұрақтар қаумалаған
Темірбек:
– Әй, Бәтима мұнда кел, – деді.
Темірбектің үрейленуінің, әлдебір тосын хабардың алдын ала белгі берместен жай түскендей, бірден гүрс ете қалатынына өткен жылы шешесі қайтқанда көзі жеткен. Апасының бұ дүниеден қайтқанын естіртуге бір машинамен топтала шыққан ауыл адамдарынан бұрын, екі аяқты мотоциклмен өз тірліктерімен өтіп бара жатқан екі бозбала Темірбектен сүйінші сұрағандай амандасар-амандаспастан: «Апаңыз қайтыс болды ғой, әлі естімедіңіз бе?» деп маңдайдан шоқпармен ұрғандай қойып қалғаны бар. Бүгінгі Темірбектің жайсыз жаңалық болып жүрмесе жарар еді деп қауіптеніп отырғаны, сол бір қайғылы жайтты тосыннан естігендіктен туындаған еді. Қозыбақтың аузынан шығар сөз де осы іспеттес болмаса неғылсын дегендей күдік туындаған. Темірбектің бірден өңі бұзылып, күреңітіп, өзінің аузын бағып отырғанын байқаған Қозыбақ асықпай, малдас құрып отырды да:
– Екеуіңнің де рең-бастарың сұрланып кетті ғой, ешқандай жаман атты хабар айтпақ емеспін. Жай ғана өздеріңмен ақылдасар мәселе болып тұр, – деп жөткірініп алған Қозыбақтың іш-пыстырарлық күткізуі Темірбектің қытығына тигендей. Бәтиманы да әңгімеге араласуға шақырғанына қарағанда, маңызды іс екендігіне шүбәсі қалмаған Темірбек үн қата қойған жоқ. Келгендегі айтпағы – әкелерімен екеуара өткен сұхбат мазмұнын асықпай, мәнермен әңгімелеп шыққан Қозыбақ енді Темірбек пен Бәтиманың пікірін білмекке сұраулы пішінмен оларға көз тастады. Суық хабар естуден құтылған Темірбек арқа-басы кеңіп, кәдуілгі ойнақы кейпіне түсе қалды.
– Уһ, көке-ай! Әйтеуір, тыныштық екен ғой. Ауылдан кім келсе де нендей жайсыз жаңалық айтар екен деп үрейленумен отыратын болдық. Не бәле шықса да, сол ауылдан келген адамнан шығады... Әй, Бәтима, бар, қазанға ет сал, – деп өжеттене Қозыбақтың қарсылығына қарамастан, қонағын дәм ауыз тигізбей қайтармайтынын білдірді.
Қозыбақ өзі айта келген ұсынысқа Темірбектің түсіністікпен қарайтын сыңайын танып, іші жылып қалғандықтан, үй иелерінің қазан көтерулеріне қарсылық етпеді. Ол: «Ауылға асығып барғанда не бітіремін, одан да мұнымен ақылдасып, алдағы істің орайын ойластырып алған жөн», – деп ойлады.
– Сонымен еттің пісуін күтуге тура келді. Ал, жаңа ғана қой соямын деп қопаңдап едің ғой, сой енді, – деп Қозыбақ жайласып жатып алды.
– Жо, жоқ, енді қой соймаймын, бұйырғанын ішіп-жеп кетесіз. Малдың басын қашан тәтеме (ол әкесін тәте деп атайтын) он сегізге толып, бұрымы жер иіскеген аруды әкеп берген күні мүжисіз, – деп Темірбек Қозыбақтың қалжыңдай айтқанына орай орнынан қозғала қоймады. Қозыбақтың негізгі міндеті ет жеу емес, Әзіретбергеннің төсек жаңғыртуына ұлының пікірін білу болғандықтан Темірбекке:
– Сонымен, әкеңнің төсек жаңғыртуына қалай қарайсың? – деді.
Темірбек сәл қабағын түйді де:
– Тәтемнің жағдайын түсінемін. Өзіңіз білесіз, қазір ол кісі Оралбектің қолында. Күтімі жақсы. Қара шаңырақтағы келін жаман емес. Бірақ кемпірінің орны ойсырап қалды ғой... Шешеміздің о дүниелік болғанына жылдан асып қалды. Егер тәтем бас құраймын деп шешсе, сіздердің ұйғарымдарыңыз да осы төңіректе болса, менің қарсылығым жоқ, – деді.
– Сені сөз түсінеді ғой деп келдім. Інілерің мен қарындастарыңа мені салмай-ақ қалғанын өзің келістір. Бала-шағаға сөзімді өткізе алмай, меселім қайтып қалар. «Мына Қозыбақ қартайғанда жеңгетайлық жасап құтырайын деген екен» дегендей әжуаға ұшырап жүрермі.
– Жарайды, оларға өзім түсіндірермін... Сонда тәтемнің қалауы кімге түсіп тұр?
– Ол жағын дәл қазір нақты білмеймін. Екінші шешемізді өздеріміз іздеп, таңдайық десеңдер, кім қой дейді? – деген Қозыбақ қай күнгі Әзіретбергенмен арадағы әңгімеде аты аталған әйелдерді айтпақ еді, бірақ ішіне іркіп қалды.
Темірбек қарап отырмай, қалжыңдағансып:
– Біздің шал құтырайын деген екен... Болашақ шешеміз бізден, яғни өгей балаларынан жасы кіші болып жүрмесе жарар еді, – деп Темірбек кеңкілдей күлді.
Тершіген маңдайын сүлгімен сүрткіштеп, жанбастап жатқан Қозыбақ:
– Әкеңдікі желіккендік емес, мәжбүрлік. Бурадайын зіркілдер күшіміз болмаса да, Құдайға шүкір бүгінгі қырыққа келмей жатып бір әйелге шамасы келмей жүрген талайлардан артықпыз. Қазіргінің жастары «Отызбай», «Қырықбайларды» дүниеге әкеле алмай зорығып жүргенде, «Сексенбай», «Тоқсанбайлардың» әкесі атанған кешегі қариялардың сарқыты – мына біздерді оңай деп тұрсың ба? Жегені – шөп-шалам, ішкені арақ жастардан не қайыр?! Бұрын «бедеу әйелі» дегенді естуші едік, қазір кәзит-пәзитіңнің «белсіз еркек» дегенің қаптап кеткенін біліп жүрміз, – деді де арнайы топырақ салынған құтыға шырт түкіріп қойды.
Түс қайта Қозыбақты шығарып салған соң Темірбек әйелімен кеңесіп, ертесіне бауырларына жолықпаққа ауылға жүріп кетті.
******
Оралбек ағасы Темірбекті тыңдап отырды да:
– Сөз саптауыңа қарағанда, бұл іске құлшынысың байқалып-ақ тұр. Апамызды қара жердің қойнына бергеніміз жылдан сәл ғана асты. Былайғы жұрт не дейді? Абыройды да ойлау керек. Тәтемнің күтіміне Ұлбала селкеу түсіріп, немұрайлы қарап жүр демекшісің бе? Одан да немерелерінің қызығына батып, тыныш күй кешкені артық емес пе?
– Не десек те, әкеміздің көңіліне қарап, қалауына қарсы келмейік, – деп Темірбек бұған келіні Ұлбала не айтар екен дегендей сынай көз тастады.
Ұлбала:
– Өздеріңіз қалай ұйғарсаңыздар мен де соған келісемін. Әйтеуір, үлкен үйдегі келін болған соң атамның күтіміне барынша мән беріп жүрмін. Қария кісінің жайына келіні салғырт қарап, соның себебіиен осындай іске баруға тура келді деп жүрмесеңіздер болды, – деді.
Бұлар сөйлесе келіп, әкелерін қолдап, істі әрі қарай орайластыруды тұстастары шешер деп тоқтамға келді. Қаладағы інілері Құралбек пен көрші ауылға тұрмысқа шыққан қарындастары Айманды шақыртып, олардың да көзқарастарын білуді ұйғарысты.
Әзіретбергеннің тілегі бір-екі күннің ішінде-ақ ауыл-аймаққа айна-қатесіз жайылып үлгерді. Біреулер «Ойбай, не дейсің, Әзіретберген қартайғанда құтырайын депті. Ата сақалы аузына біткенде, қатын аламын деп шала бүлініп жүр екен» десе, екінші біреулері «Қартайғанда келіні мен баласына етегін аштырмайын, өз қотырын өзі қасиын дегені де, жетіскеннен желпілдеп жүр ғой деймісің» деді. Осы іспеттес гу-гу әңгіме тыныш жатқан ауылдың түңлігін «бір сілкіп» өтті. Екі адамның басы қосылса әңгіменің арқауы Әзіретберген жайында болып, оның есімі жалықтырмас тақырыпқа айналды. Мұны қозғамаса ішкен асы бойларына тарамайтындай. Осындай мазмұндағы әңгіме ауанын Әзіретберген өз құлағымен естімесе де, былайғы жұрттың аузында жүргенін іштей сезеді.
Қозыбақ Әзіретберген қатыспаған жиындарда ауылдастарына істің мәнін түсіндірген болады. Мұндайда ағайын-туыстар Қозыбақтың алдында бас шұлғып «дұрыс екен» десе, былай шыға әлденені көкіп шыға келетін.
Әзіретбергеннің күндері бала-шағасымен бір дастарханның басында отыруға ұялғаннан әзер шыдап, тығырыққа тірелгендей күйде өтіп жатты.
Төркінінен жеткен хабар Айманның жүрегіне оқтай қадалып, анасынан айрылып, онсыз да қам көңіл, шерменде күй кешіп жүрген оны тұқыртып тастады. Әкесіне тіке қарап, сөз салғыластырып көрмеген Айман анасының орнын өзгеге бастырмау қажеттігін айту үшін бауырларына жолығуға төркініне келді.
Айманның бұл келісінің мәнісін ә дегеннен-ақ ұға қойған Әзіретберген қызының ауладан кіріп келе жатқанын көрген бетте-ақ өзін кінәлі жандай сезініп, көзіне тура қарай алмай тайсақтай берді. Әке мен қыз аман-есендік сұрасып тұрған сәтте бұрынғыдай емен-жарқын шүйіркелесіп кетпеді. Сағынысқан көңілінің әсерінен қыз әкеге еркелеп, әке қызының маңдайынан иіскеу тәрізді өздері үшін жарасымды қауышу әдеті бұл жолы қайталана қойған жоқ.
Дегенмен әке ниетіне қарсы Айманның ішкі сарайындағы өре түрегелген қатқыл пікір жуасыңқырап, ол сол заматта жаны ашу сезіміне ұласқандай болды. Әкесінің баяғыдай емес, бірте-бірте шөгіп бара жатқанын, денесі еңкіш тартып, кәрілік жағалауына таяп қалғанын ойлап, қыздың көкейін тескен әлгі үзілді-кесілді қарсылықты пікірі әлсіреп, Айманның әлгі жайтқа қатысты оң көзқарасы қылаң беріп қалған.
Төркініне дедектете сүйреп келген істің желісін бауырларымен бірге, төрт көздері түгел отырғанда талқылаудың реті келе қоймайтынын білген Айман не болса да кіші ағасы Оралбек пен жеңгесіне өз көзқарасын айтудың сәтін күтіп, төргі бөлмеде жеке қалды. Темірбек өз мекенінде, ал кіші інісі Құралбектің соңғы емтиханын тапсырып келуіне екі-үш күндей уақыт бар.
Ішкі бұлқынысын бауырлары мен жеңгелеріне түгел ақтармақ болғанымен, екпіні басылыңқырап қалған Айман Оралбек келісімен өзінің не үшін келгенін ә дегеннен-ақ бастап кетті.
Әкелерінің тыста жүргенін пайдаланып, ағасы мен жеңгесіне ақтарыла сөйлеген Айманның әлгінде ғана жуасып қалған ішкі дүниесі қайтадан алғашқы қалпына түсіп, әкесін кінәлай:
– Көкемнің жер ортасынан ауғанда мұнысы несі?.. Біздің көңілімізге қаяу түсіремін деп ойламай ма? – деді ағасына тіке қарап. Ұлбала қалыс адамдай үндеген жоқ. Қайын сіңілісін қоштайын десе, атасы мен қайын ағасына қайшы келетінін біліп отыр. Ал, оны жақтамайын десе «қарияның күтімінен қашқандық дер» деп үнсіз қалуға мәжбүр. Дегенмен, пиғылының түпкі төркінінде атасын жақтар ниеті жатқан еді. Бұл пейілі атасының кір-қоңына, басқа да жағдайына қараудан құтылып қаламын деген ойдан емес, үлкен кісінің жай-күйін шын болмысымен түсінуден туындаған-тын.
Қарындасының сұрағы өзіне бағышталып тұрғандықтан Оралбек жөткірініп алды да:
– Мен осы әңгімені алғаш рет Темірбектен естігенде аз-кем қарсылық еткенмін, бірақ, ол қолдап, құлшынып тұрғандықтан ештеңе дей қоймадым. Біз қаншалықты өзіміздікін дұрыс деп есептесек те, бір жағынан көкеміздің көңіліне қарау бәрінен де маңызды, – деді.
– Көңіліне қарау дұрыс-ақ шығар, бірақ кеше ғана ортамыздан кеткен анамыздың орын әлдекімге беріп қоймақпыз ба? Ең болмаса араға екі-үш жыл салып барып бұл іске ден қоюға болар еді ғой, – деді Айман.
Оралбек: – Сен отбасыңа ескертіп, екі-үш күнге осында қала тұр. Бір-екі күнде Құралбек келеді, ал, ертең Темірбек ауылға ат басын бұрып қалар деп отырмыз. Мен не шешемін, әрқайсымыз әр жерден күңкілдегенше бәріміз жиналып бір тоқтамға келейік. Бүйтіп жасырынып сыбырласқанша әңгімені ашық айтып, көкемізбен бетпе-бет отырып сөйлеселік. Ол кісі де бізден ынғайсызданып, кейінгі уақытта біртүрлі томаға-тұйық болып кетті. Тіпті, ас үстінде де еркін отырудан қалып бара жатқандай, – деді.
– Жарайды, екі-үш күнге қала тұрайын, онсыз да енеме жай-жапсарды түсіндіріп кеткенмін, – деді Айман.
Әзіретбергеннің кіндігінен тараған перзенттердің барлығы араға бірер күн салып қара шаңыраққа жиналды. Ауыл-аймаққа жайылған әңгімеден хабарсыз Құралбек те соңғы емтиханын тапсырып келе қалған. Бұл жиылыстың мәнісін ұққан Әзіретберген сыр білдірер емес. Ортаға киліккен кедергінің туындауы салдарынан перзенттерінен шеттеп, олармен ара қатынасының алшақтап бара жатқанына өзін кінәлі санап, содан еңсесі түсіңкіреген Әзіретберген не болса да бетін ашып алар сәтті тәуекел деп күтім алмақ. Бірақ, қалай дегенде де балаларының алдына барып, талқыға түскісі жоқ.
Кешкі ас үстінде Құралбектен басқасының бәрі баяғыдай емен-жарқын, еркін отыра алмады. Тек ештеңеден хабары жоқ кенже ұл әкесіне еркелегенсіп, оқуының бір жылы қалай өткендігін, не көріп, не қойғанын сөз етумен болды. Әкесінің қасында төрде отырған Темірбек бауырларымен алдын ала болған келісім бойынша бүгінгі жиылыстың мәнісін айтпаққа оқтала берді де, кенет көкесінің көзінше бірдеңе деуге батылы жетпей, тілі күрмеліп, жақ аша алмады. Бір жағынан оған көкесінің ісін талқыға салу сол сәтте әбестік болып көрінген еді. Сондықтан, бауырларымен болған талқылаудың қорытындысын әкесіне оңашада айтпақ болып, ләм-мим дей қоймады. Темірбек сөз бастамағандықтан өзгелері үнсіз. Сол кезде әлгі әңгіменің басталмағаны Әзіретбергенге де, сондай-ақ, Оралбек пен Айманға да жайлы тиді. Өйткені, олар жеме-жемге келгенде бір-бірінен ыңғайсызданып, ұялып, бұл тақырыптың қозғалмауын іштей тілеген еді.
Ас ішіліп болған соң, Әзіретберген бата қайырып, әруақтарға және бұ дүниеден қайтқан кемпіріне бағыштап аят оқыды да: «Мен Қозыбақтікіне барып, әңгіме-дүкен құрып келейін», – деп шығып кетті. Мұнысы балаларына кедергі жасамай, еркін сөйлесулеріне жағдай жасағандық еді. Әзіретберген кеткеннен кейін үй ішіндегілер қызу әңгімеге кірісіп кетті.
Жаны нәзік Айман:
– Мен бұл үйден кеткен адаммын. Сонда да өзімді шыққан жерімнен бөліп қарай алмаймын. Көкеме айтып, райынан қайтарыңыздар, апамның құлағын шулатпай, көрінде тыныш жатқызайық, – деді ағаларына алма-кезек қарап.
Көкесінің төсек жаңғыртамын дегенін енді естіген Құралбек екі ағасына кезек көз тастап:
– Бұл қалай? Жоқ, бұлай болуы мүмкін емес. Апамыздан айрылып, әлі көзіміздің жасы кеппей жүргенде өзгені босағадан аттатып, өгей шешемен қайғымыздың орнын толтырмақпыз ба?.. – деп шыж-быж болды.
– Сендер қызбалыққа салынбаңдар. Мына Оралбек те басында қиқаңдап, бірақ, кейіннен райыннан қайтты. Ал, сен екеуің ат үсті, бір жақты ғана ойлап отырсыңдар. Мен көкеме жетіскеннен келісім берген жоқпын. Иә, апамның орнын ешкім толтыра алмайды... Қазаның қайғысы төс табандатпай, мені айналып өтті деймісіңдер. Сендердің қарсылықтарың жөнсіз. Тірі адам тіршілігін қамдар болар десек, шаужайға жармаспай, қайта ризашылығымызды беріп, жаны да, тәні де еңкіш тартқан көкемізді кәрі қойдың жасындай ғұмыры қалғанда қолтығынан демей білейік, – деп Темірбек бауырларының екпінін баса сөйледі.
Оралбек:
– Сен мені (тете өскендіктен Оралбек Темірбекке «сен» деп айта беретін) жаңа «кейіннен ләм-мим дей қоймады» дедің. Мен не дейін?.. Бәрін сен, көкем, Қозыбақ көке үшеуің шешіп қойыпсыңдар ғой. Шын мәнінде мен бұл іске араласқым келмейді. Үлкен үйде мен қалдым. Демек, көкеміз бас құрар болса, өгей шеше менің қолымда тұрмақ. Одан арғысына өзгелеріңнің қатыстарың шамалы. Қысқасы, үлкендердің ұйғарымына мойынсұнайық. Сөйтіп, «шеше» таңдайық, – деді.
– Сіз қалайша бұл іске араласқыңыз келмейді. Қызық екен. Өгей шешемен бір шаңырақтың астында тұратын болғандықтан, қайта нағыз бас қатыратын сізсіз ғой, – деді Айман. Оралбек үнсіз қалды. Кіші ағасының әлі дүдәмал күйде жүргенін аңғарған Құралбек оны Темірбекке қарсы қою үшін:
– Оралбек аға, отбасы болғандықтан ұрыс-керіс тәрізді келеңсіздік болмай тұрмайды. Көкемнің көңіліне қараймыз деп ертеңгі күні ол кісіні екі оттың ортасына итеріп, тығырыққа тіреп қоймаймыз ба? – деді.
Оралбек:
– Шынында, қыңыр қылығы сойдиған, шайпау мінезді жан болса қайтпекпіз?
Қарындасы мен інілерінің басымдыққа ие болып бара жатқандықтан оларға тоқтау салмақ ниетте Темірбек:
– Иә, алдағы уақытта не боларын ойлаған да жөн. Бірақ, не десеңдер де менің бір білерім – кәрі қойдың жасындай ғұмыры қалған көкемнің көңілін жықпау.
– Айтпақшы, «жаман айтпай жақсы жоқ», әкеміз олай-бұлай болып кетсе, соңында қалған сормаңдайлы әлгі болашақ өгей шешеміз қайда қалмақ? Біздің үйге сіңісіп, үйренісіп кетуі қиын ғой. Бұл жағын да қаперге алған дұрыс.
Бұл жайтқа қатысты ешкім пікір айта қоймады.
Кенет Құралбек:
– Егер көкеміз кішкентайлы болса ше? – деп балалыққа салына төтеннен қойып қалды.
Бұл сөз алма-кезек жауаптасып отырған бауырларды сәл де болса жымыңдатып, үй-ішіне жылы леп әкелгендей болды. Бәрі де қысылыңқырап, жүздерін төмен салды.
Темірбек:
– Көкемнен қалған мал-мүлікке ортақтасатын мұрагер шығып қала ма деп қорқып тұрсың ба? – деді інісіне күле сөйлеп. Олар ду күлді.
Үй ішіндегілердің көңілденген сәтін пайдаланып Оралбек:
– Осымен бұл әңгімеге нүкте қоялық. Нігізгі шешімді үлкендер жағының еншісіне қалдырайық, – деді.
Айманның әлгінде ғана бет-жүзіне ойнап шыққан жымиысы сап тиылып:
– Мен не десеңіздер де қарсымын, апамның орнында әлдекімнің жүргені ішкі жарамды одан сайын тырнай түсетіндей, – деп көзіне жас алды.
Қарындасының жасаураған көзінен анасына деген сарғайған сағынышын аңғарған Темірбек «әңгіме желісін көп соза бермей, осы да жетер», дегендей үнсіз қалды.
Ертесіне кешегі әңгіме барысын әкесіне бұрмалаңқырап, оның жүрегіне жылылық ұялата баяндап берген Темірбек іле Қозыбақтікке жолықты. Қозыбақ көздеп жүрген, басы бос екі-үш ұзын етектінің жай-жапсарынан Темірбекті хабардар етті.
Ал, Айман әкесіне айтпақ арман-мұңын қазақ қызының ибалы, ұяң мінезінің себебінен айта алмай, шарасыздық таныта үйіне қайтты. Құралбек болса, ағаларынан аса алмай, балаң көңіліндегі дітіне тұсау салынғанына мазасызданса да, іштей көкесінің бұл іске мәжбүрліктен барып отырғанын үнсіз мойындағандай.
Екі ұдай күй кешіп жүрген Оралбек әйелі Ұлбалаға қарап:
– Көкем үйге бір «шүйкебас» кіргізсе, қолыңды ыстық суға малып,рахатқа бататын болдың», – деп әзілдегенсіді.
Ұлбала:
– Мен болашақ өгей енемнің мінезі жайлы, жасы өзімнен үлкендеу болса деп тілеп жүрмін. Айтпақшы, «шүйкебастың» күйеуі атам болғандықтан, «үкіметтің» билігі өгей енеге өтетін шығар, – деді күліп.
– Тізгіннен айрылар күн жақындағанына пұшайман жеп жүрсің бе? – деп Оралбек те шымшып өтті. – Үй-ішілік тірлікті дөңгелетіп кетсе, жағаласып нем бар? – деп Ұлбала жымия жауап берді.
******
Темірбек әкесіне серік таңдауды үлкендердің еншісіне қалдырды. Қозыбақ тұстастарын кеңесуге шақырып көріп еді, олардың айтқандарын Әзіретберген жарата қоймады. Былайғы қатарларынан қайран болмаған соң Қозыбақ пен Әзіретберген өздерінше жол іздеді. Олар ойласа келе, үш-төрт ұзын етектіге табан тіреді. Енді тек соларға жолығып, тіл тартып, мәмілеге келу керек.
******
Алдын ала құрылған жоспар бойынша Қозыбақ жолға шықты. Мұндағы мақсат – Әзіретбергенге серік іздеу. Алғашқыда екеуі бірге шықпақ болған. Бірақ, Әзіретберген: «біреу маған қызын дайындап отырмаған шығар. Салып-ұрып жетіп барғаным жөнсіз болар», деп райдан қайтқан. Құрдасының мұнысын жөн көрген Қозыбақ: «Жарайды, сізді әурелемейін. Ал мен жолығуды дұрыс деп тапқан жандардың тамырын басып қайтайын. Көп жүрмеспін. Ары кетсе бір-екі күнді оралармын», деген.
Қозыбақ сапарлап кеткелі Әзіретбергеннің дегбірі қашумен болды. Оралбек жұмысына ерте кетіп, кеш келетіндіктен әкесінің бойындағы өзгерістерді аңғара қоймады. Құралбек пен жеңгесі қарияның кешеден бері тыным таппай, жолға қарайлаумен, әлденені асыға күтумен, бір нәрсенің байыбына бара алмай, күйгелектеп жүргенін аңғармағансыды. Кенже ұлымен еркін сөйлесетін Әзіретберген одан қашқақтап, ал Құралбек жоламай әуре. Тек сыр білдірмей жүрген келіні Ұлбала. «Ата, шәй ішіңіз», «Ата, кешкі асқа кіріңіз», «Ата, теледидар көріңіз, жаңалықтар беріліп жатыр» деген бұрыннан келе жатқан үрдісті пейілінен жаңыла қойған жоқ. Ұлбаланың бұл әдеттегі ісі Әзіретбергенге жасандылық, сыр білдірмеу үшін қолынан келгенін жасағандық деп түйіледі. Өйткені, қария әбден қысыла-қысыла секемшіл болып алған. Тек ештеңемен жұмысы жоқ немерелеріне ғана еркін. Немерелері – Нұртай, Ертай және Сәуле аталарының маңын айналшақтап шықпайды. Өзінен туған балаларынан алшақтаңқырап қалған Әзіретберген немерелерін өзіне тарта түсіп, бейне бір жалғыздықтан арыла түскісі келетіндей.
******
Қозыбақ Ы. ауылына келгенде автобустан түсіп қалды. Жіпсіген маңдайын қалта орамалымен сүртіп, тақиясын оңдап киді де, аз-кем тұрып, осы ауылдағы құдасы, үлкен ұлының қайын атасы Кентайдың үйіне қарай аяңдады. Кентай үйіңде екен. Мән-жайды оңашада сөз етіскен екі құда, кештетіп Нұрғабылдікіне баруды ұйғарысты. Кентай Нұрғабылмен аталас, демек, Қозыбаққа да бөтен емес. Оған қоса, жастары да шамалас. Өлім-жітім, той-домалақтарда жолығысқанда сәлемдері түзу.
Бұлар аулаға енгенде Нұрғабыл есік алдында насыбай түйіп отыр екен. Ол құдаларын көріп, асай-мүсейін жинастырғансыды да, орнынан тұрып қарсы жүрді.
Тұғырынан тая қоймаған Нұрғабыл шапшаң қимылдап, кемпіріне дауыстап қонақ келгенінен белгі берді. Өзі бұларды бастап, үйіге кіргізді.
Мұнтаздай таза әрі жинақы үй ішінен пысық келін мен белі бүгіле қоймаған кемпірдің қолтаңбасы анық аңғарылып тұр.
Бұлардың үстіне Нұрғабылдың қарындасы, Гүлшара кіріп, аман-есендік сұрасып жатқанда Қозыбақтың іші қылп ете қалды да, бойын тез жинап алды. Жеңгесінің тұсын ала бере жайғасқан Гүлшараға қараған Қозыбақ, оған Әзіретбергеннің көңілі сөзсіз толатынына күмәндәнбады. Елуді еңсерсе де бетінің әрі таймағаны, жазық маңдайы, дөңгелек жүзі, толықша келген денесі Қозыбақты тамсантып-ақ тастады. Арсыз көңіл біразға дейін шарықтап, шала бүлінгендей. Өзінің әптер-тәптер көңіл-күйін сездіріп алмау үшін Қозыбақ әңгімеге тиіп-қаша араласып отырды. Көңіл шіркінге не дауа бар? Әдемілік пен жарасымдылыққа кім құмартпайды? Тәні қартайса да жүрек жас күйінде қалады деген рас-ау.
Нұрғабылдың кемпірі мен Гүлшара аз-кем отырған соң бөлмеден шығып кетті.
Қазақта үйіне келген кісіге кім болса да «Неге келдің?» деп сұрамайды. Шаруасын ә дегеннен айта ма, жата-жастана қозғай ма ол қонақтың өзіне байланысты.
Нұрғабыл бұл екеуінің келісінде бір сыр бар екенін әу бастан-ақ сезсе де ештеңе дей қоймады. Келгендегі тірліктерінің ұзын-ырғасын өздері бастасын дегендей. Кентай мен Нұрғабылдың жастары шамалас, ал, Қозыбақтың олардан екі-үш жас үкендігі бар.
Әрнені сөз еткен үшеуі ендігі кезекте негізгі шаруаға көшкенді жөн санағандай, аз-кем үнсіз қалды. Кентай нымшасының өңіріндегі түймелерін шешіп, жамбастап жатқан жерінен оңтайлана, молдасоқынып отырды да:
– Нұреке, үйде тыныш қана жатсам, мына Қозекең келіп, бір әңгіменің ұшын шығарғаны. Өзім де сасып қалдым, – деп өзінің қозғалғалы отырған әңгімеден бұған дейін хабарсыз болғанын білдіре сөйледі. – Ендігі сөзді Қозекеңе берейін, ішіндегісін ақтарсын.
Қозыбақ:
– Нұреке, сізге арнайы келіп отырмын. Мендік қолқа қаншалықты әдепке сай келерін дөп басып айта алмаймын. Өзіңіздің бөтен еместігіңізді ескеріп, көкейімдегіні бүкпейін. Кәрілікке жеңіліп, осы күнге дейін жиған-терген ақылың шашырап, алжуға қадам бассақ, ол да тіршіліктің заңдылығы шығар. Менің айтпағымды жөн десеңіз де, алжығандық десеңіз де өз еркіңіз... Менімен қатарлас ағайыным Әзіретбергенді білесіз. Былтыр кемпірі өлгенде жаназаға қатыстыңыз. Сол Әзіретбергеннің «әлі де тұғырдан тайған жоқпын, бас құрасам» дегендей пиғылы бар. Мәймөңкелемей турасына көшсем, сіздің қарындасыңыз Гүлшара келісімін берсе, оны ендігі қалған өмірінде серік етпек ниетте... Келісімнің мәнісі осы, – деп тоқтады.
Нұрғабыл қозғалақтап:
– Бұйымтайды айтудың сөкеттігі жоқ... Қарыңдасым отбасын құрмады. Қазір жер ортасына тақап қалды. Бұған дейін де сөз салғандар аз болған жоқ... Енді сіздерге оңды жауап бере қояр деп ойламаймын. Мені несін ортаға қыстырасыңдар, жас емес, өзі шешеді ғой, – деді Нұрғабыл жанарын Қозыбаққа қадап. – Дұрысы, жеңгесі арқылы сөйлесіңдер. Өздерің келісіңдер.
Шынында Нұрғабыл не дей қойсын? Тақа бір құтыла алмай жүргендей қарындасына «тұрмысқа шық» демек пе? Үнсіздік орнады. Әркім өз ойымен әуре.
Нұрғабылдың жанын Гүлшараның тағдыры аз жаралаған жоқ... Байғұс қыздың өмір жолы бұрылып келіп өз ауласына тірелгенін ауыр алмаса да, қарындасының өз алдына отау құрып, бала сүйіп, бір үйдің тұтқасы – ана бола алмағанына қиналып, іштен тынатын.
Гүлшара мұғалімдікті бітірген соң өз теңіне қосылған-ды. Бірақ, бала көтермей, ақыр соңында он жылдай отасқан күйеуімен ажырасқан. Содан, әке шаңырағын ұстап қалған үлкен ағасы – Нұрғабылдың қолына келген. Осылайша, Гүлшара бөлек тұруға, реті келсе тағы біреумен көңіл жарастыруға көңілі шаппағандықтан әрі жеңгесінің жайлылығын ескергендіктен қарашаңырақта тұрақтауды қолай көрген. Міне, өзі шыққан шаңырағына қайта оралғалы ғұмырының жиырма жылы жәукемделіпті. Осы аралықта Нұрғабылдың балаларына қарап, ағасының ортаншысы – Серікті өзіне икемдеп, үй ішімен жарасымды қарым-қатынас орната білді. Ауылдағы мектепке мұғалімдікке орналасып, тапқан еңбекақысын ортаға салатын. Осы іспеттес жағымды жайлар, ара-қатынас ауаны оны бөлек тұруға, сөз салып келген өзге біреуге тұрмысқа шығуға мәжбүр ете қоймаған.
Оған бұған дейін де сөз салғандар жетіп-артылды. Бұл бәрінің де меселін қайтарды. Әйелі өлген немесе ажырасқан қолқалаушылардың бетін қайтарғанына өкінбейді де. Өйткені, өзгенің бала-шағасына өгей шеше болғанша, туған ағасының балаларын бауырына басқанды артық көрді. Осының бәрін іштей түйсінетін Нұрғабыл кісі салушылардың әрекеті бос әуре екендігін білсе де ештеңе демейтін. Егер, қарындасын тұрмыс құруға үгіттесе, «Менен құтыла алмай жүр екен» деп ойлар дейтін. Ал, сөз салушыларды өз алдынан кері қайтарса, «Нұрғабыл қарындасының бағын байлап, аяғына тұсау салып отыр», дегендей жұрт сөзіне ілігетінін біліп, бұ түйінді қалай шешерін Гүлшараның өз құзырына қалдыратын. Ал, Гүлшараның кімге болса да айтар жауабы Нұрғабылға түсінікті.
Қозыбақ кешкі автобуспен қайтып кетті... Гүлшараның қимыл-қозғалысы, жүріс-тұрысы жол бойы қарияның көз алдына қайта-қайта келе берді. Ибалы, дене бітімі келісті, елуге келсе де кім-кімді де бір қаратпай қоймайтын реңді, бірақ, бала сүю қызығынан қағылып, өз алдына түтін түтете алмай ғұмыр кешіп жатқан әйелге аяушылығы оянған Қозыбақ терең күрсінді... Көрікті жүзін бұлдап, еркек кіндіктіге «әмірін» жүргізбей, өсек сөзге ілінбей, төсек қызығына бой алдырмай, нәпсісін тізгіндей білген Гүлшараға бұдан да бұрын Әзіретбергеннен әлдеқайда жас әрі дәулетті кісілердің сөз салғанын білгенде бұл Қозыбақ осылайша әуреленбес те еді-ау... Қозыбақ араға үш-төрт апта салып тағы да екі-үш жерді қолқалады. Бірақ, олардың бірде-біреуінен оңды жауап естімеді. Кедергі көп. Ең бастысы – Әзіретбергеннің жасы келіп қалғандығы.
Үміт оты сөне берген соң Әзіретберген райынан қайтқысы келген. Мұнысын Қозыбаққа жеткізіп көріп еді, ол: «Әзеке, жұрттың бәрі құлағдар, естіп қойған, енді кері шегінбелік, қалайда біреуді табамыз» деп көнбеді. Әзіретберген: «Қозеке, өзіңізді де көп әуреледім, осы да жетер» деп, қарсыласып бақты. Дегенмен, екеу-ара кеңесе келіп, тағы бір рет бақ сынап көрелік десті.
Кемпірінің сұрастырып білуі арқылы жеткен хабардың ауанын естіп, Қозыбақ С. ауылына жол тартты. Мұнда да Қозыбақтың таныс-тамыры аз емес. Екі ауылдың арасы айдамал демесең, автобуспен бір күн ары, бір күн бері жол.
Қозыбақтың бұл жерде түп нағашылары бар-тын.
Өзінен жасы үлкен түп нағашысы Сейіт жиеншарының келісінің мәнін ұққаннан кейін оңашада әзілге жеңдіре:
– Е, бәсе, көптен бері ат ізін салмай кеткен жиеншарым арнайы келген екен десем, «қыз» іздеп жүр екен ғой, – деп күле сөйледі. – Үйіңе барғанда Әзіретбергенмен табақтас болып едім, былай жаман кісі емес. Менің жиеншарым жаманды жанына жолатпайды ғой... Мұнда жалғызілікті әйел тұратынын кімнен естідіңдер?
– Ел іші ғой...
– Жігітшілік құрып жүргеніңе қарағанда, бір өзенді арнасынан аунатуға әлі қауқарың жетеді-ау, – деді Сейіт әзілдей.
– Е-е, Сәке, қай бір қуат қалды дейсіз, ағайындықты танытудың әрекеті ғой, – деді Қозыбақ. Сейіт Қозыбқты қолқа салынбақ жесір әйелдің өмірінен хабардар етті.
– Сенің жолықпақ адамыңның аты – Нұрғайша. Бізбен рулас. Жасы елуге ілігіңкіреген болуы керек. Есіңде ме, осыдан жиырма-жиырма бес жылдай бұрын осы кеңшарда директорлық қызмет атқарған Дарабек деген жігіт бар еді ғой. Міне, бұл соның қызы. Әкелері ерте қайтты да, шаңырақтарынан береке тайып, бес бие саусаң да сабаға қымыз толмайтын жайт осылардың басына орнады. Дарабектің бала-шағасы жан-жаққа шашырап, басы құралмай кетті. Әке шаңырағына иелік етер үш ұл бола тұрып, бәрі үлкен үй – қарашаңыраққа жолағысы келмеді. Кейіннен ел-жұрт, ағайын-туыс араласа жүріп ортаншы ұлы – Тортайды сопиып жалғыз қалған шешесіне қарауға қаладан көшіріп әкелген. Бірақ, Тортай ауыл өмірін менсіңкіремей қипақтап жүрді де, бір-екі жылды артқа салып, шешесін алып, қайтадан қалаға көшіп кетті. Даңғыраған бес бөлмелі үйін, қора-қопсысын сатып кетті. Сол тұстары Нұрғайша тұрмыста болатын. Күйеуімен жеті-сегіз жылдай отасып, әлдебір себептермен ажырасып, осында көшіп келген. Ауыл аймақ көптеп-көмектеп, үш бөлмелі қарсы есік там салып берді. Шешесі баласымен бірге қалаға көшіп кеткен жылы көз жұмған. Қазір бауырларымен байланысы онша емес, қолында бесінші-алтыншы сыныпта оқитын бір қызы бар. Екеуі тұрып жатыр. Тұрмыстары төмен. Бірақ қарақан бастарын біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей асырап жүр. Оған сөз салушылар аз болған жоқ, бірақ олардың біріне де оңды жауап бермеді. Сен оған құр босқа сөзіңді шығындайсың-ау, әуреленіп қайтесің, – деп Сейіт жиеншарына сұраулы пішінмен көз тастады.
Қозыбақ:
– Нағашеке, ақыры келіп қалдым, тонымды алып қалар деймісіз, ертең мені ертіп барыңыз, – деді.
Сейіт Қозыбаққа әппақ сақалын желп-желп еткізіп, жесір әйелдің үйіне тізбектеліп барудың ыңғайсыз екенін, одан да сыпайы түрде кемпірі арқылы тіл алысу қажеттігін ескертті. Қозыбақ бұған келісті.
Сейіттің кемпірі Күләй көп ұзамай Нұрғайшаның кештетіп осында келетінін, әңгімелесетінін жеткізді. Кеш түсе Нұрғайша үйге кіргенде Сейіт, Күләй, Қозыбақ үшеуі төргі бөлмеде отырған.
Сейіт:
– Қарағым, мұнда не үшін келгеніңді мына жеңгең арқылы өзің де біліп отырған шығарсың.
– Иә, білемін.
– Мына отырған жиен ағаң. Өздерің сөйлесіңдер. Мен араласпаймын, – деп Сейіт тысқа шығып кетті.
Күләй:
– Қарағым, біздікі жөнін айту. Рас, бұған дейін де ықылас білдіргендер кездесті, бірақ түрлі себептер жолыңды бөгеген шығар... Енді міне, өзің би, өзің хан болатын жердің реті келіп тұр, – деді.
Жүзін төмен салып отырған Нұрғайшаға барлай қараған Қозыбақ оның сыртқы кейпінен-ақ тұрмысын жұпынылық пен жұтаңдық шырмап алғанын анық байқады. Ал, қара торы, күн қақтаған рабайына түскен әжімдер жастыққа тән шырайын келмеске жіберіп, өшіруге айналғандай. Жалғыздықтан шеккен жапасын, бас білген тайдай жуасытып тастаған тағдыр тауқыметін қайта жаңғыртып Нұрғайшаның өзіне тізбектей айтып берсең көз жасына ерік берері даусыз. Келісті мүсін мен бойға біткен сұлулық қанша қартайсаң да өзіндік нышанын кішкене болса да сақтап қалатыны бар емес пе. Сол секілді, Нұрғайшаның сұғанақ көзді бір қаратпай тынбайтын әсемдігін уақыт тозаңы көмкергенімен бәрібір кісіге еріксіз мойын бұрдырар келбеті аз-кем сақталған-ды.
Әзіретбергенге беттің әрінен гөрі, ішкі сарайының әсемдігі, түсінігі мен өзіне серік боларлықтай қабілеті бар жан керектігін жақсы білетін Қозыбақ әзірге сөздің соңын бағып үнсіз отыр.
Күләйдің оң жанбасын ала жайғасқан Нұрғайша жұмсақ үнмен:
– Шынымды айтсам, сіздердің бұл өтілдеріңізге немқұрайды қарай алмай тұрған жайым бар. Сізді жұмсап отырған кісінің отбасы хақында сөз етіңізші. Тек, ақиқатын айтыңыз, – деді.
Қозыбақ Әзіретбергеннің жай-күйінен, отбасы жөнінде бар білгенін тілінің майын ағыза айтып шықты.
Нұрғайша:
– Мені толғандыратыны, ол кісінің жасы келіп қалғандығы. «Өмір барда өлім бар». Алда-жалда олай-бұлай болып кетсе, оның ұл-қыздары мені қабылдай қояр ма екен? Орта жолда қаңғып қалмаймын ба? Оның үстіне бой түзеп қалған қызыма әлгі шаңырақтың балаларына сіңісіп кету қиын ғой... Осы жағы да ойландырады.
– Әзекеңнің әлі белі бүгіле қойған жоқ. Балалары мен келіндерінің де оған деген құрметі ерекше. Рас, сен жассың, ол егде тартқан кісі. Дегенмен, сені мазасыздандырып отырған жайттарды реттеуге Әзекеңнің өресі жетеді. Бұл тұрғыда да біз өзара кеңескенбіз. Балаларының барлығы үйлі-жайлы. Кенжесі ғана бас құрамаған. Онысы қалаға үйір, сонда қалмақ ниетте. Ал қызыңды ешкім сыртқа теппейді, – деп Қозыбақ икемге көнер ниеті бар әйелді қолдан шығарып алмауға тырысып-ақ бақты.
Тақырып әжептәуір талданғанымен, Нұрғайша тарапынан нақты шешім айтылмады. Ол екі аптадай мұрсат сұрап, қабырғасымен кеңеспек болды. Жауабын Күләй арқылы айтпақ.
Қозыбақ ертесіне түс қайта ауылына қайтып кетті. Арты қалай шешілетіні әзірге белгісіз. Бірақ, үміт бар. Нұрғайшаның: «Жасым ұлғайып келеді, қызым да бой жетіп, бұла өсіп келеді, ертең тұрмысқа шыға қалса, барған жеріне мені өзімен бірге қалай алып барады, болашақ күйеу бала қызымның дегеніне көніп, мені қолымда тұрады деп сеніммен айта алмаймын. «Күшік күйеулікке» көне қоймас. Төрт қабырғаға қамалып жалғыз қалудан артық азап бар ма? Бел бүгіліп, еңсе еңкіш тартқанда жаныңа демеу болар, мұңыңды бөлісер біреудің қажеттігі күн өткен сайын айқындалып келеді» деп күрсінуі Қозыбақтың әзірге Әзіретбергенге жеткізер жалғыз ғана жылы хабары...
******
Сол жылы қыстың алғашқы айында Әзіретберген Нұрғайшаны көшіріп алды.
Өгей шешесі бұлардың табалдырығын аттаған күні әкесінің қуанышты реңін, бойындағы құлшыныс табын, жай күндері біліне бермейтін басқа да жағымды құбылыстардың қылаң беруін Темірбек жазбай таныған. Нұрғайшаның өз табалдырығын аттауы құрметіне арналған жиында Әзіретберген қанша жерден өзін сабырлы ұстап, әлгі өзгерістерді сыртқа білдірмейін десе де, онысын тұстастары анық аңғарды. Бірді-екілі қатарлары Әзіретбергеннің бойындағы серпілісті сезгендіктен шығар, бота қалжыңмен оны шымшылап-шымшылап алуды да ұмытпаған. Бірақ, Әзіретберген өзіне бағышталған әзілді сөздерді көңіліне алмайтындай халде еді.
Дене бітімі толықсыған, елуге келіп қалса да қатар-құрбысын, шал-шауқанды жарасымды қылығымен сезімін қытықтар қауқары бар Нұрғайшаға Әзіретбергеннің тоқ көңілмен қарауы Темірбектің көңілін жайландырған. Бұл үшін әкесінің дегені орындалса болғаны.
Темірбек Қозыбақтың кемпіріне әкесі мен өгей шешесіне төсек орынды оңаша, жайлы етіп салып беруді жеңгелері арқылы жеткізді. Қозыбақтың кемпірі – Жамал ымырт үйіріле өзіне жүктелген міндетті орындап, Әзіретберген мен «жас келінге» белгі берді.
Түн ортасында оянып кеткен Темірбек көрші бөлмедегі әкесінің аһылап-үһілегенін, қимыл-қозғалыс сыбдырын құлағы шалды да, жүзі шыдамай аяғының дыбысын сездірместен тысқа шығып кетті. Осы сәттер Темірбектің көкейінде жүрген жұмбақтың шешімін тауып бергендей...
Бөтен ортаға, бейтаныс отбасына Нұрғайша жатырқай енгенімен, келе-келе қалыптасып, бұрыннан осы үйдің бір мүшесіндей сіңісіп кетті. Оралбектің мектеп жасындағы ұл-қыздары Нұрғайша апаларының соңынан еріп келген өгей әпкелеріне бауыр басып, бір-біріне іш тартып, жатсына қойған жоқ. Шаңырақтағы ірі бастылар өз балаларының кіршіксіз көңілін өгей бауырларына бұрғызып, олардың бір-біріне деген туысқандық сезімін орната білуге ықтиятпен зейін қойған. Осылайша үлкендер жағының түсіндіруі санасына сіңген сайын, олар өздерінің туған бауырлар екендігіне шүбәләрі де қалмағандай.
Ауылдастар арасында Нұрғайшаға жаны ашығансығандар: «Ертең Әзіретберген олай-бұлай болып бақилыққа сапар шеге қалса, ол байғұс қайда бармақ, бұл үйде кімім бар деп жүрмек?» деп бір-біріне күбірлесе, «Әзіретберген әлі тың, күші қайтқан жоқ. Қарияның ширек ғасыр ғұмыр кешпесіне кім кепіл, бұ дүниеден қайтқанына дейін жан нәсіп, бәлкім перзент көріп те қалуы мүмкін. Кешегі қара нардай қариялардың соңғы тұяқтарының бірі емес пе? Бір қатынға әзер ие болып жүрген қазіргі жастарға қарағанда мұндай шалдардың бел қуаты күшті, әлі-ақ көресіңдер...» деп ой түйгендер де табылды. Темірбек те осы соңғы пікірде.
Әкелеріне түпкі ойларын жеткізе алмаған Әзіретбергеннің басқа балалары болған іске мойынсұнғандай. Кейіннен бәрінің де еттері үйреніп кетті. Тіпті, Айман жиі-жиі келіп, өгей шешесімен сыр шертісіп қайтатын болды.
******
Нұрғайша жүкті болып, бүкіл ауылды дүрліктірді. «Кімнен екен?..» деп күдікпен қарағандар жетіп-артылды. «Кімнен болушы еді, Әзекең қай жігіттен кем еді» деп, жауап қатқандар да табылды. Алғашында ыңғайсызданып, белін шарт буып жүрген Нұрғайша, нәрестенің іште еркін өсуі үшін, бел бууын доғарған. Ол алғашқыда келіні Ұлбала мен қолдағы бала Оралбектен қатты қысылды. «Олар түсінер...» деп өзін алдаусыратқансыды да.
Уақыты келіп Құралбектен аумай қалған нәресте дүние есігін ашты. Әзекеңнің отбасы бір шабылып, шілдехана өткерді. «Егер Әзекең олай-бұлай болып кетсе, Нұрғайшаның күні нешік?» деп жиі-жиі ойлайтын Қозыбақ, Темірбек секілді жанашырларға бұл қуаныш ерекше әсер етті. Ортада дәнекер бар. Бұл дәнекер бөтен емес, шешесі бөлек болса да осы үйдің өсіп-өнген перзенттерінің бауыры.
Ортада дәнекер болғанды іштей Құдайдан мың мәрте тілейтін Нұрғайша үшін де бұл шексіз, көл-көсір қуаныш, Жаратқанның пендесіне зарықтыра-зарықтыра ақыры жарылқап бере салған бақыты еді.
Өзі дүниеден оза кетсе, бас құрасқан қосағының кейінгі тағдыры қалай болатынына бас қатырып жүрген Әзіретберген Нұрғайшаның құрсақ көтергенін білгенде жүрегі жарылардай қуанған. Содан бастап оның бар арман, ниеті – нәрестенің аман-есен дүниеге келуі еді. Міне, сол діті орындалды...
******
Жарасымды отбасы араға екі жыл салып Әзіретбергенді бақилыққа шығарып салды. Жүрек бірден бүлкілді қимылын тоқтатқан. Жүрек дегеннің ашуы қатты ғой. Қаһарына мінсе, «ал ендеше» деп кенеттен тоқтай салады. Алпыстың тоғызына шыққан қария түгілі, отызында қолына орағын енді алып, қырықтың қырқасында қырман тартамын деп сайланып жүрген жігіт ағалары да жүректің зобалаңынан бірден кетіп жатады емес пе?
Оралбектің қолында қалған Нұрғайшаның ендігі тағдыры кезінде араға түскен Қозыбақты мықтап ойландырды. Сондықтан да Қозыбақ Әзіретбергеннің перзенттеріне өгей шешесіне бірде-бір рет қырын қарамауды тапсырды. Мұны әке алдындағы парызы екендігін қатаң ескертті.
Ауылда өскен, ауыл баласына тән ибалығы мол Оралбек өгей шешесіне әкесінің тірі кезінде көрсеткен құрметін үдетпесе, бәсеңдеткен жоқ. Әрине, шалының үңірейіп қалған орны Нұрғайшаны езіп тастады. Кейде бәрін қойып төркініне тартып кеткісі де келетін.
Бірақ, Оралбектің рұқсат бермейтінін, Темірбектің жолын кесетінін жақсы білетін Нұрғайша Әзіретбергеннің орнында күнін өткізе берді. Осы әлетте өз алдына бөлек шыққысы келетінін бір реті келгенде Қозыбаққа сездірген, бірақ Нұрғайшаның бұл әрекетін ол қолдай қоймаған.
Өгейлікті сездірмеуге тырысқаныңмен бәрі де көкірек қуысында сайрап тұратынын қайтерсің... Шешесі бөлек, әкесі бір кішкентай нәресте ғана арадағы қалт-құлт еткен көпірді тіреп, жасанды сыйластықты шынайы қарым-қатынасқа ұштастырып тұрғандай, ең бастысы бетін мұз көмкеріп, құмыға ағып жатқан өзен – тіршілікке сәулесін төгіп, үміт сыйлайтындай.
Сол жылы Темірбек: «Өгей шешесінен туған бауырыммен қатар өссін», деп, өзінің үш жасар кенже ұлын Нұрғайшаның бауырына салып берді.
Дереккөз: adebiportal.kz