Президент Н. Ә. Назарбаевқа жедел хат

8.jpg



Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Қытайдағы қазақтар тап болған қиын жағдай барша алаш азаматтарын, қара орман халықты қатты алаңдатып отыр. Тәуелсіздік жылдарында елімізге Қытайдан оралған екі үз мыңға жуық қандастардың ішінде бір отбасы екіге бөлініп, бірінің әкесі, бірінің шешесі, енді бірінің баласы екі жақта қалып, зар еңіреп жатыр. Қытайға барып қайта орала алмаған қандастарымыздың басым бөлігі «Саяси үйрену» атты лагерлерге қамалғаны ақпарат құралдарында жария болып келеді. Соңғы бір жылда Қытайдан келетін қазақ көші мүлдем тоқтады деуге болады. Шыңжаңда қалыптасқан саяси қысым салдарынан Атамекенге жете алмай жатқан этникалық қазақтардың ауыр жағдайын Сайрагүл Сауытбайдың басына түскен тағдыр талқысынан анық байқауға болады.

2.jpg

Сайрагүл Сауытбай – Қытайдың Шыңжаң өлкесі Мұңғұлкүре ауданының тұрғыны. Осыдан он жыл бұрын Қазақстанға келіп кеткен. 2016 жылы жазда күйеуі Уәли Сылам мен екі баласы (8 және 13 жас) Қазақстанға көшіп келіп, ҚР азаматтығын алған. Содан бері Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Бәйдібек би ауылында тұрып жатыр. Балабақша директоры болып қызмет істеген Сайрагүл Сауытбай Қытайдың жергілікті әкімшілігінің тарапынан шетелге шығатын паспорты жиналып алынғандықтан, елге келе алмаған. Екі жылдан бері балалары мен жарын Қорғастағы халықаралық еркін экономикалық аймағына бір күндік рұқсат арқылы кіріп, көруге ғана мүмкіндігі болыпты. Отбасынан ажырап, балаларын көруге зар болған жас ана 2018 жылдың сәуір айының орта шенінде Қорғас халықаралық еркін экономикалық аймақ арқылы ебін тауып Қазақстанға қашып өткен. Кейбір деректер бойынша, отбасы Қазақстанда болғандықтан оны «шетелмен байланысы бар сенімсіз адам» ретінде «Саяси үйрену» лагеріне қамауға бұйрық шыққан көрінеді. Екі баласын бір көруді ойлаған ана амалсыздан шекара сызығын кесіп өткен. 22 мамыр күні Қорғас шекара қызметінің офицерлері Сайрагүл Сауытбайды Қытай сұратып жатыр деген желеумен ұстап әкеткен. Артынан іздеп барған күйеуі Уәли Сыламды ұрып-соғып, қоқан-лоқы көрсеткен. Шекара қызметкерлерінің Уәли Сылам отбасына жасаған қысымы әлі тоқтар емес.

Егер Қазақстан тарапы Сайрагүл Сауытбайды Қытайға кері қайтаратын болса, ол отбасымен мәңгілікке қоштасады. Екі бала анасыз жетімге айналады. Оны өмірлік түрмеге жабуы яки өлім жазасына кесуі ықтимал.

 

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Отбасының қамын ойлап, екі баласын көру үшін көзсіз батыл шешім қабылдаған Сайрагүл Сауытбайдың тағдырына араша түсуіңізді сұраймыз. Бір ананы қорғай алмасақ, елдігімізге сын. Ертең досқа күлкі, дұшпанға таба болмас үшін, халықаралық беделімізге нұқсан келтірмес үшін Сайрагүлге босқын мәртебесін беруге ықпал етуіңізді өтінеміз! Шарасыздан жанын шүберекке түйіп, елге боздап келген анаға қорған болу – мемлекеттік борышымыз! Әлемдегі барша қазақтың жалғыз отаны – Қазақстан!

Ана тағдыры – ел тағдыры, халықтың ар-ұжданы екенін естен шығармайық!

Құрметпен,

«Ел аманаты» қоғамдық бірлестігі және Қоғам қайраткелері, белсенді азаматтар.



Ұқсас тақырыптар