Ел үкіметі қытайдан 100 миллиард теңге несие сұрап отыр

6.jpg

Ел үкіметі қытайдан 100 миллиард теңге несие сұрап отыр

Ел үкіметі Қытайдан тағы қарыз алады. Бұл жолы 100 миллиард теңгеден астам несие сұрап отыр. Екіжақты келісім бойынша бұл берешекті 20 жыл ішінде 2 пайыздық үстемемен қайтаруымыз тиіс. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында аталған келісім бойынша заң жобасы мақұлданды. Бір айта кетерлігі соңғы 3 жылда біздің ел мұндай несиені бірқатар қаржылық ұйымдардан алып үлгеріпті. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады. 

 Кезекті рет қарыз алу жөніндегі заң жобасын қарастырып, қабылдаған мәжілісмендер Қаржы министріне көп сауал қоймады. Смайылов түсіндірді, депутаттар жөн десіп дауыс берді. Бұл жиында сөз алып, «өз бюджетіміздің әлеуеті жетпей ме, неге көршіден тағы қарыз сұрап отырмыз» -деп ешкім бас көтермеді. 

«Нәтижесін экранға беріңіздер. Қатысып отырған 104 депутат, қолдағаны 104. Шешім қабылданды. Рахмет! Осы сұрақ бойынша шақырылғандар сау болыңыздар!» 

Ел шекарасындағы тексеріп-өткізу пунктері халықаралық стандартқа сай келмегендіктен Қытай банкінен несие алуға мәжбүр болдық. Министр Әлихан Смайыловтың айтқанына сенсек, қарызды юаньмен алғанымыз тиімді екен. Себебі бұл валюта доллар сияқты ұшып-қонбайды. Ал шекарадағы бекеттерді бір жөндеп алсақ шаруа оңалып кетпек.      

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:

«9 автомобиль өткізу пунктінің қабілеті тәулігіне 450 ғана автокөлік. Біз осы қабілеттілікті 5400-ге дейін көтеруге жоспарлап отырмыз. Ол дегеніміз қосымша бюджетке салық біріншіден, екіншіден елімізді транзиттік хаб ретінде потенциалын едәуір ұлғайтады».    

Жаңағы 112 миллиард теңгенің 70 пайызы өткізу пунктерін техникалық жабдықтауға жұмсалады. Ол заманауи құрылғыларды қытайдан сатып алуға міндетті екенбіз. Бұл істі тындыруға ұлы қорғанның ар жағынан жұмысшы тартылмайтыны бірден айтылды. Орайы келіп тұрғанда «көрші мемлекетке басқа да қарызымыз бар ма?» - деп сұрап көрдік. 

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:

«Қаржы министрлігінің берілген гарантиялары бар, кепілдіктері бар. 1 миллиард 200 миллион АҚШ долларына сомасында сондай кепілдік қалып отыр. Ол көбінесе жолдарға, Астана қаласының жолдарына бағытталған кредиттер. Басқа органдар алған, ҚазАвтоЖол  және әкімшілік».

Мұндай сомадағы қаражатты алып, негізгі мәселелерді шешу әлемдік практика. Әмбе бюджетке де ауыртпалық түспейді. Мәжіліс отырысынан шыққан Бахтияр Мәкеннің пікірі осы. Соңғы жылдары бюджеттің жайын ойлаймыз деп инвестиция тарту деген желеумен бірақ қарыз алып тастаған екенбіз.  

БАХТИЯР МӘКЕН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: 

«Халықаралық деңгейде тек қана бір мемлекеттен алып отырған жоқпыз. Тек қана Қытайдан алып отырған жоқпыз. Басқа мемлекеттерден, қаржылық банктерден алып отырмыз. Мысалы, халықаралық банктен, Азия банкінен алдық. Көптеген ратификациялар 3 жылдың ішінде менің ойымша 20-30 шақты осындай қаражат алып отырмыз. Мұның да өзіндік пайдасы бар. Экономикамызға инвестиция ретінде».  

Сонда жыл сайын мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаражат мұндай мәселелерді шешуге қауқарсыз ба деген орынды сұрақ туындайды. Инвестиция деп ат қойып, шетелден жыл сайын алынып жатқан несиенің саны мен көлемі арта беретін болса бұл ел экономикасына қалай әсер етуі мүмкін? Экономист Сапарбай Жұбаев былай дейді. 

САПАРБАЙ ЖҰБАЕВ, ЭКОНОМИСТ: 

"Қаржыдан құтыла бермесе көптеген елдер банкрот жағдайына келеді. Еуропа мемлекеттері 100 пайыз қарызбен істеп жатыр. Себебі олардың экономикасының, олардың инфляциясының деңгейі 1-2 пайыз ғана. Ресейге қарсы санкция қолданатын болса рубль жағдайына қарап біздің теңгеміздің жағдайы өзгеруі мүмкін. Ол инфляцияны көтеріп кетуге әсер етуі мүмкін. Біз сонда шетелден алған қарызды өзіміздің теңгеде бүгінгі күні 10 пайызда деп есептесек қайтарып беру мысалы, оны кейін 50 пайызға дейін көтеріп қайтарып беруіміз керек шығар біздің теңгеде".   

«2 миллиардқа жуық қытайлық юаньды қарызды алдық. Мейлі. Оны жұмсайтын бағытты да айқындап қойыпты. Оған да келістік. Енді осы 20 жылға алынған несие діттеген жеріне жеткенше қолды болмай, жемқорлық жайлаған кедендік өткізу пунктерін қайта жөндеуге ғана жұмсалса игі. Ал олардың сапасы қандай болмақ? Ол өз алдына жеке мәселе».



Ұқсас тақырыптар