"100 есім" жеңімпаздары Алматы жұртшылығымен кездесті

1.jpg

Алматыда Media Talks Almaty: «Нағыз батырлардың құпиялары» атты IV конференция өтті. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» атты республикалық байқаудың жеңімпаздары көпшілік алдына шығып, өздерінің табысқа жету жолдарымен бөлісті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Шараны ұйымдастырушылар мұндай конференцияның елімізде төртінші рет ұйымдастырылғанын және Алматы қаласында биыл бірінші рет өткізіліп отырғанын айтады.

«Осы жолғы шара «Қазақстандағы 100 жаңа есім» байқауы жеңімпаздарының табысқа жету жолына арналып отыр. Олардың әрқайсысы байқауымыздың жеңімпазы деген атаққа әбден лайық. Кейіпкерлеріміздің өмірлік жолы, ұстанымдары, бастарынан өткерген түрлі қиындықтары үлкен бір тағдыр және ол назар аударарлық жайт» - дейді Media School Kazmedia жетекшісі, танымал теле-радио журналист Махаббат Есен.

Шара барысында волейболдан қазақстандық паралимпиадалық жастар командасының капитаны Серік Есматов, «MBionics» компаниясының негізін қалаушы 24 жасар инноватор Мәулен Бектұрғанов, кинорежиссер Азиз Заиров, жас ғалым-химик Диас Тастанбекұлы және кордиохирург Гүлжан Сәрсенбаева өздерінің табысқа қалай жеткендерін айтып берді.

«2009 жылдан бастап еліміздегі Балалар кордиохирургиясын дамыту жобасына атсалыстым. Аружан Сайынмен бірге «Ерікті дәрігер» жобасына қатысып, жүрек ақауы бар балаларды шетелдік клиникаларға емдеуге жіберіп отырдық. Ол кезде бізде арнайы Балалар кордиохирургиясы жоқ еді. Үш жылдың шамасында 300-ге жуық баланы емдеуге жібердік. 2011 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы арқасында Балалар кордиохирургия бөлімшесін аштық және оның негізін қалаушысы ретінде мен меңгеруші болып тағайындалдым» - дейді «Қазақстандағы 100 жаңа есім» байқауының жеңімпазы Гүлжан Сәрсенбаева.

Ақпарат комиттетінің қоғаммен байланыс және мемлекеттік органдарды үйлестіру басқармасының басшысы Бақнияз Қарашина арамызда қоғамның дамуына өз үлесін қосып жүрген жандардың көп екендігін, алайда оларды көпшілік тани бермейтіндігін айтады.

«Қазіргі уақытта елімізге шетелден Майк Тайсон, Ник Вуйчич сынды үлкен танымалдылыққа ие адамдар келіп, тәжірибелерімен бөлісуде. Біздің арамызда да ондай тұлғалар жетерлік. Күнделікті өмірде біз оларды ескере бермейміз, дегенімен олар қоғамның дамуына өз үлестерін үнемі қосып отырады. Бүгінгі шара арқылы студенттер, жалпы жастарымыз осы азаматтарға қарап, өздерінің өмірлік жолын тауып, алдарына нақты мақсат қоя білуді үйренсе екен» - дейді ол.

Сонымен қатар ол, жеңімпаздардың әрқайсысының жеке әлеуметтік жобалары бар екендігін және мемлекеттік органдарды жұмылдыра отырып, оларға қолдау көрсеткілері келетіндігін жеткізді.

 



Ұқсас тақырыптар