Медсақтандыру қоры халыққа тегін қызмет көрсеткен ұйымдарға 325 млрд теңге бөлді

2.jpg

Медициналық сақтандыру қоры жыл басынан бері халыққа тегін қызмет көрсеткен медицина ұйымдарына 325,2 млрд теңге қаржы бөлді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ жыл басынан бері Қазақстандағы медицина ұйымдарына 325,2 млрд теңге көлемінде қаржы бөлді», - деп хабарлайды қордың баспасөз қызметі.

Медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары Ботагөз Жақселекованың айтуынша, 6 маусымға дейін Қормен келісімшарт бекіткен медицина мекемелеріне 325,2 млрд теңге берілген.

«Бұл кепілдендірілген тегін медициналық көмек (ТМККК) шеңберінде халыққа медициналық көмек көрсету бойынша бекітілген келісімшарттардың жалпы сомасының 47 пайызына тең», - деді ол.

Хабарламаға сүйенсек, Сақтандыру қоры ТМККК және МӘМС пакеттерінің қаржылық операторы. Биыл Қор мен емдеу мекемелері арасында ТМККК пакеті шеңберінде халыққа тегін медициналық көмек көрсету бойынша жалпы сомасы 698,9 млрд теңге болатын келісімшарттар бекітілген.

«Жұмыс кестеге сай, медициналық қызмет сапасын бақылаудың жаңа талаптарына сәйкес жүргізіліп жатыр. Бөлінген қаражат медицина мекемелерінің операциялық шығындарын өтеуге жеткілікті», - деді Б.Жақселекова.

Естеріңізге сала кетсек, бүгінгі таңда Қор мемлекеттік тапсырыс бойынша 1359 медицина ұйымымен келісімшарт бекіткен. Оның 599-ы – жекеменшік клиникалар. 2017 жылмен салыстырғанда жеткізуші компаниялар саны едәуір көбейген. Ал, олармен бекітілген келісімшарт сомасы өткен жылмен салыстырғанда 2 есе артып, 93 млрд теңгені құрады.



Ұқсас тақырыптар