Қазақстандықтарға қару ұстауға рұқсат берген дұрыс па? Сарапшылардың пікірі

2.jpg

Қапыда талантты спортшысынан айырылған қазақстандықтар Денис Теннің өлімінен кейін өздерінің қауіпсіздігі жайлы тереңірек ойлана бастағаны рас. Жұрттың көбі Қазақстан полициясына сенуден қалды, тәртіп сақшылары азаматтарды қорғауға қауқарсыз дейді. Сондықтан әр азамат өз қауіпсіздігін өзі қамтамасыз етуі керек. Ол үшін қолға қару керек. Қазір қазақстандықтарға қару ұстауға рұқсат беру мәселесі қоғамда қызу талқыға түсті. Бірі бұл бастаманы қолдаса, енді бірілері үзілді-кесілді қарсы. Sputnik Қазақстан тілшісі осы мәселеге қатысты сарапшылардың пікірін сұрап білді.

"Қару нан тауып жеудің құралына айналып кетеді"

Белгілі заңгер, адвокат Абзал Құспан халыққа қаруды қайтаруға, сату мен таратуға деген қажеттілік әлі туындай қойған жоқ деп санайды. Қару қауіпсіздікті қамтамасыз етудің емес, қарын тойдырудың құралына айналып кетеді дейді.

"Америкада қару өте еркін, ешқандай шектеусіз сатылады деп айтуға болады. Сондықтан барлығы Америкамен салыстырады. Бірақ қару рұқсат етілген елдер мен біздің мемлекетті салыстыруға болмайды. Өйткені ең басты айырмашылық – экономикалық даму сатысында. Экономикасы төмен елде қару дәл қазір нан тауып жеудің құралына айналып кетеді. Ал экономикалық жағдайы жоғары елдерде адам ондай ақымақтыққа бармайды, өйткені ақшасы бар, қарны тоқ, киімі көк. Ал Қазақстанның жағдайын жақсы деп айта алмаймыз. Сондықтан бұл тек экономикасы жоғары елдерде ғана мүмкін.

Заңгердің айтуынша, Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі жоғары, жалақы төмен. Сол себепті қару ұстау керісінше үлкен қауіп-қатердің көзіне айналады.

"Бұл ұсынысқа маман ретінде қарсымын. Ол үшін, ең әуелі экономикалық жағдайымызды түзеуіміз керек. Сонда ғана қаруы бар адамның оны дұрыс қолданатынына үміт арта аламыз. Ал дәл қазір біздің қоғам қару ұстауға дайын емес", — деп санайды Құспан.

"Қылмыскер адамда қару бар екенін білсе, одан сескенеді"

Ал қоғам белсендісі Мұхтар Тайжанның бұған қатысты пікірі басқа. Ол керісінше халықты қаруландыру дұрыс ой деп санайды. Азаматтарға қару ұстауға рұқсат беру әлемдік тәжірибеде де бар дейді.

"Қазір қылмыскер қарапайым халықтың қолында қару жоқ екенін біледі. Сондықтан бассыздық жасап, күндіз, адам қарасы көп жерде халықты тонайды. Ал егер қылмыскер халықта қару бар екенін білсе, онда ол қорқады. Әрине, бірақ қаруды кім көрінгенге емес, психологиялық жағынан проблемасы жоқ, заң бұзып, түрмеде отырмаған адамдарға беру керек", — дейді ол.

Қоғам белсендісінің айтуынша, қаруды заңсыз қолданған адам өзі де жауапкершілікке тартылатынын түсінеді.

"Мәселен, Израильде кез келген адам дүкенге барып, қажет болса автомат та сатып ала алады. Меніңше ол дұрыс. Халықтың қолында қару болса, қылмыскерлер мұны біліп, мынадай бассыздыққа бармас еді. Қазақтар еврейлерден немесе америкалықтардан топас халық емес. Қаруды заңсыз қолданса, өзі де жауапқа тартылатынын біледі", — дейді Тайжан.

Белгілі құқық қорғаушы Айгүл Орынбектің ойы да  Мұхтар Тайжанның пікірімен үндес.

"Бұл ұсынысты қолдаймын, себебі қазіргі таңда біздің ішкі қауіпсіздігіміз тоқырау кезеңінде тұр. Адам өз-өзін қорғауы керек. Қазақстан Республикасының барлық азаматына айтарым: өз-өзімізді қорғау үшін қалтамызда қару алып жүруге тура келеді. Мәселен,  үйіңізге ұры түсті делік. Қолыңызда қорғанатын дәнеме жоқ. Қаруы бар қылмыскерге асүйдегі пышақпен қарсы тұра алмайсыз ғой. Сондықтан қаруға рұқсат беру керек, өйткені полиция бізді қорғай алмайды", — дейді Орынбек.

Ішкі істер министрлігі бұл туралы не ойлайды?

Ішкі істер министрлігінің қару ұстауға қатысты позициясы айқын: қару – қауіпсіздіктің кепілі емес.

"Азаматтардың қолында қарудың болуы қоғамның қауіпсіздігіне кепіл бола ала ма?.. Біз кезінде халықтан травматикалық қаруды алу туралы заңға өзгерістер енгізген едік. Неге? Өйткені криминогендік ахуалға жүргізілген талдау нәтижесі осы қаруды қолдану арқылы жасалған қылмыстың артқанын көрсетті. Халық қаруды өз-өзін қорғау үшін емес, қылмыс жасауға қолданған. Азаматтар бұл өзгерісті жақсы қабылдады, біз қаруды тәркіледік", —деген еді ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов Денис Теннің өліміне қатысты істі тергеу туралы брифингте.

Оның айтуынша, қару азаматтардың қауіпсіздігіне кепіл емес. 

"Қателеспесем, бізде 200 мыңнан астам аңшы бар, олардың қолында бір ғана мылтық емес. Мен желіде жазылып жатқан пікірлерді оқыдым. Халықта қарудың болуы – қауіпсіздіктің кепілі емес. Біз травматикалық қаруға, газға, атыс, тегіс ұңғылы, иір ойықты қарулардың бес данасына дейін рұқсат еттік. Не болды? Травматтан көрінген жерде оқ атып, адам өлтіріп жатқанын көрдік. Заңсыз травматикалық қаруды әлі күнге дейін тәркілеп жатырмыз". – деді Жақыпов.

 

Дереккөз: sputniknews



Ұқсас тақырыптар