Астаналық қыз порносайтқа кіргені үшін алаяқтарға "айыппұл төлеген"

1.jpg


Астаналық тұрғын порносайтқа кіргені үшін айыппұл төлеген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полициядағылардың мәліметінше, оларға жергілікті тұрғын хабарласып, белгісіз біреулердің оны алдап, ақшасын жымқырып кеткенін хабарлаған.

2018 жылдың маусым айында қыз ұялы телефонында түрлі сайттарға кіріп, сонда бір сілтемеге басқан. Онда ҚР ІІМ Киберқылмыспен күресі басқармасының атынан ескерту жазылған хабарлама шыққан. Хабарламада порносайттарға кіру үшін Qiwi-кошелекке айыппұл төлеуі тиіс екені айтылған. Ол болса ештеңеге күдіктенбей, ақша аударған.

Вирустық бағдарлама 6 мың теңге көлемінде айыппұл талап етеді екен. Ол ақшаны бір тәулік ішінде аудару керек. Қазіргі уақытта осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Осы орайда полицейлер алаяқтардың мұндай бағдарламаларды компьютерлерде де қолданатындарын айтып өтті.

Құқық қорғау органдарының өкілдері компьютерлер мен смартфондарда күмәнді бағдарламаларды орнатпауға және жарнамалық баннерлердегі сілтемелерге кірмеуге кеңес береді.



Ұқсас тақырыптар