Уланған ұлттық сананы қалай емдейміз?

 4.jpg

Қазақ жастарына орыстың, ағылшынның тілін, мәдениетін, дәстүрін үйрету арқылы біз олардың санасын сол елдерге тәуелді етудеміз. Сананы отарлау процесі осылай жүрітінін ойланып көрейікші. Көрші ресей мемлекеті ұлы көсем Лениннің тапсырмасы арқылы бұратана халықтарды зорлық зомбылықсыз отарлау саясатын жетпіс жылдан астам уақыт  жүргізіп келді. Оларды ең бірінші тілінен, одан соң дінінен, мәдениетінен, салт-дәстүрінен біртіндеп ада етсең сенің айтқаныңды істеп, айдауыңа көніп жүре береді деп үйретті. Қасқа бас көсемнің даналығы да міне, осында! Осы тәсілмен бізді аз-ақ жылдың ішінде тілімізден де, дінімізден де ажыратып үлгірді. Соның салқынынан тәуелсіз қазақтардың өзі әлі құтыла алмай келеді. Біз құтыла алмай келеміз. Ал, құтылудың жолдары қайсы? Өткенді айтып жылай бермей, енді осы жолды іздейік.

Ұлттық мақтаныштың негізі – тіл деп зиялы қауым әлі айтып келеді. Тіл арқылы уланған ұлттық сананы емдеуге болады. Батыстың, көрші Ресей мен Қытай мемлекеттерінің рухани құлдығынан бізді құтқарса тек ана тіліміз ғана құтқара алады. Ана тіліміз арқылы жас буынға тархымызды, ежелгі жазу мәдениетімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді, ғажайып өнерімізді, дәстүрлі ән, күйімізді, қолөнерімізді, ешкімде жоқ айтыс өнерімізді, шешендік, жыраулық өнерімізді  кеңінен насихаттауымыз керек. Сол арқылы халық даналығын, ұлттың спорт ойындарын (көкпар, қыз қуу, аударыспақ, бәйге т.б.) насихаттау қажет. Бұлардың бәрі Кеңестік жылдарда саналы түрде жойылуға бағытталған еді. Біздің тәлейімізге қызыл империяның ғұмыры қысқа болды. Қысқа болса да біздің бір буынымызды улап үлгірді. Сол буыннан тәрбие алған бүгінгі біздер ұрпағымызды да сол тәрбиемен өсірдік. Әлі де Кеңестік дәуірді аңсайтын қарттарымыз немерелеріне отарлық сананың уын таратуда. Демек біздің санамызды отарлық санадан толық азат ету үшін әлі де көп уақыт керек.

Халқымыздың ерекше қасиеттерін, мысалы: аруақ силау, өлілер мекені зиратты қадірлеу дәстүрін бүгінгі әр діннің ағымында жүрген жастарымызға жүйелі түрде үйрету қажет. Қазақ өліге құрметті – тіріге құрмет деп түсінеді. Себебі бүгінгі тірілер  - ертеңгі аруақ. Сондықтан «өлі разы болмай, тірі байымайды» деген тәмсіл айтқан. Атамекенін ардақтауды «баурайында бабаларыңның зираттары жатыр» деп түсіндірген. Жастарды Отан сүйгіштікке баулудың бір саласы осы болған.

Қазақ халқының жер бетіндегі көптеген елдерге қарағанда әйелдерге деген құрметі ерекше болған. Әйелді бірінші анасы ретінде бағаласа, балаларымның анасы, отанасы деп сыйлаған. Ол туралы көптеген аңызға айналған әңгіме, жыр, дастандар жеткілікті. Соның бірі, әрі бірегейі осы заманға дейін «жұмақ анаңның табанының астында» деп балаларына шеше сыйлау жолдарын үйретіп келгендігі. Өздері ең қасиетті деп жанынан артық көретін асылдарын «Ана тілі», «Жер-ана» деп атауларында да көп мән бар.

Кеңес өкіметі ер мен әйелдің құқығын теңестіру арқылы асыл аналарымыздың ата сыйлау дәстүрін барынша теріс бағытқа салды. Сол арқылы бүгінгі қазақтардың мінез-құлқын бұзды. Күйеулерінің отырған жерін дәретсіз баспайтын аналарымыз енді еріне қарсы шаптығатын, тіпті қол да көтеретін сорақы мінез тапты. Осыдан жалғыз басты әйелдер, жетім балалар көбейді. Айта берсе таусылмайтын мұндай өрескелдіктер қазақ менталитетін барынша өзгертті.

Осы келеңсіздіктерді ауыздықтау үшін құлдық санадан құтылу жолдарын қарастырып, ана тіліміздің мәртебесін барынша көтеруіміз керек. Ол үшін Мемлекетіміздің барлық саласында мемлекеттік тілге айқын басымдылық берілуге тиіс. «Кеше біз қандай халық едік, енді қандай халық болуға айналдық?» деген сұрақтың төңірегінде ел болып ойланып, нәтижелі батыл қадамдар жасауыға міндеттіміз!. Бүгін біз ненің дәнін ексек, ертең соның жемісін  жейтінімізді естен шығармаған абзал.                                                                                                                                                        

Исламғали ҮРКІМБАЙҰЛЫ

 Қазақстан Жазушылар одағының

мүшесі, Панфилов аудандық

«Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің

төрағасы.



Ұқсас тақырыптар