Медицина саласының жас мамандарын тәжірибеден өткізу, біліктілігін шыңдау мақсатында шетелдік және еліміздің үздік дәрігерлерінен, арнайы курстардан өткізу жоспарлы жүзеге асып келеді. 2018 жылдың соңына дейін 8000 жас маманды оқыту көзделген.
Олар ждел жәрдем көрсету, операция жасау, диагностика қойып үйренудің заманауи тетіктерін үйренеді. Бұл медициналық көмектің сапасын әлдеқайда жақсартып, фельдшердің, доктордың және жедел жәрдем қызметкерлерінің біліктілігін көтереді. Ең бастысы, көптеген операцияларды шетелге бармай-ақ осында жасатудың мүмкіндігі туады.
Астана қалалық «№2 қалалық балалар ауруханасының» базасында осындай бір игі шара өтті. Израилден келген травматолог және майтабан бойынша жетекші маман Фишкин Михаэл аурухана дәрігерлеріне арналған мастер класс өткізді.
Израилден келген маман өз саласының үздігі деуге болады. Бұл мемлекет медицина саласында әлемнің көшбасында тұрған елдердің бірі болғандықтан, жыл сайын әлемнің әр түкпірінен ем алуға Израилге баратындардың саны өте көп.
Фишкин Михаэл оқыту барысында нақты практиканы таңдап, өзінің бірінші операциясын жасап үлгерді және ол сәтті өтті. Оған қазақстандық мамандар да қатысты. Халықаралық мастер-класты ұйымдастырушылар тәжірибе мен диагностика, емдеу және оңалту салалары бойынша пікір алмасып, жас мамандардың білімін арттыруға мүмкіндік туғызуды көздейді.
Астана қалалық «№ 2 қалалық балалар ауруханасының» бас дәрігері Біржан Досмаилов халықаралық селбестіктің айрықша маңызға ие екендігін жеткізді.
– Мұндай курстар медицина мамандары үшін ерекше қажет. Халықаралық әріптестіктің арқасында біздің дәрігерлер емдеудің жаңа әдісі мен операция жүргізуді үйренеді. Бұрын шетелге барып емделіп келетін науқастар қазір өзіміздің ауруханалардың қабырғасында-ақ дерттен айыға алады. Біздің емхана заманауи құрал-жабдықпен толық қамтылған, өзге емханалар жасай алмайтын операцияларды біздің дәрігерлер жасай алады. Мұның бәрі де қалалық Денсаулық сақтау басқармасы мен Денсаулық сақтау министрлігі қолдауынсыз жүзеге аспас еді, – дейді бас дәрігер.
mezgil.kz