Біртанов: «Биыл барлық медициналық ұйымдар электронды жазба жүйесіне көшеді»

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов орталық коммуникациялар қызметінде арнайы брифинг өткізді. Ол отандық медицинаның бүгінгі ахуалы мн алда атқарар шаруалар туралы әңгімеледі. Бұл туралы mezgil.kz сайтының тілшісі хабарлайды.

15696621-a264-4bb3-857d-fe88d950e563.jpeg

Елжан Біртанов халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру – ұлттық денсаулық сақтаудың басты басымдығы екендігіне тоқталды. Министр медициналық-санитариялық алғашқы көмектің (МСАК) айрықша маңызы барына тоқталып, ауруды ескерту және ерте күресу ұлттық денсаулық сақтаудың маңызды тетігі екенін айтты.

Ол ДҰҰ/ЮНИСЕФ Алматы Декларациясының қабылдануының 40 жылдығын атап өту мақсатында  медициналық-санитариялық алғашқы көмек және қазіргі заманғы сын-қатерлерді ескере отырып, азаматтардың денсаулығын сақтаудағы оның маңыздылығын арттыру бойынша ағымдағы жылғы 25-26 қазан аралығында Астана қаласында «Баршаның денсаулыққа қол жеткізуі» атты медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі Жаһандық конференциясының өтетінін хабарлады.

Е. Біртановтың айтуынша, амбулаториялық-емханалық желінің ықшамдалуы және алғашқы көмектің қолжетімдігін арттыру қамтамасыз етілген. Мәселен, 2016-2017 жылдары МСАК объектілерінің саны 6% өссе, ағымдағы жылы дәрігерлік учаскелердің санын 10% өсіру және учаскелік дәрігерлерге бекітілген халықтың жүктемесін 14% төмендету нәтижесінде халықтың емханаларға келу саны 23% артқан. Ведомство басшысы сапалы қызмет пен кәсіпке жауапкершілік емделушілердің отандық медицинаға сенімін арттырғанын мәлімдеді.

Министр қайта реттеу мен бизнеске кері ықпал ететін кедергілерді азайту бойынша бірқыдыру жұмыстың қолға алынғанын мәлімдеді. Атап айтар болсақ, 29 санитарлық норманың күші жойылып, 23 қағида қайта қаралған. Осының нәтижесінде, санитарлық талаптар 6 есеге қысқарған. Орынсыз тексеру мен жөнсіз талаптардың азаюы жекеменшік медицина орталықтарының жұмысын жандандырып отыр. Алғашқы медициналық көмек көрсету саласында жеке медициналық ұйымдардың үлесі 2017 жылы бұрнағы жылдармен салыстырғанда 18 пайызға артқан. МСАК объектілеріне жеке инвестиция тарту көлемі де артып келеді.

Министер медициналық көмектің сапасын жақсарту бойынша төрт түрлі іс-шара жобасын ұсынды.

Бірінші, пациенттерді сапалы тексеру және емдеу және базалық консультативтік-диагностикалық қызметтерді алмастыру үшін МСАК дәрігерлері мен мейіргерлерінің құзыреттерін арттыру. Осы арқылы алғашқы медициналық көмекке жоғары санаттағы мамандарды тартуға мүмкіндік туады. 

Екінші, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін және МӘМС жаңа моделін енгізу.  

Үшінші, МСАК бекітілген халықтың тұрғылықты жеріне барынша жақындатылған шағын орталықтарын құру үшін МЖӘ жобаларын енгізу. Төртінші, жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін бекіту, оның аясында жалпы сипаттағы трансферттер шеңберінде жергілікті атқарушы органдарға МСАК кіші шағын орталықтарын құру бойынша міндеттемелер беру ұсынылады.

Елжан Біртанов медицина саласын жаңа технологиямен қамтамасыз ету ісі жүйелі жүріп жатқанын, әсіресе саланы цифрландыру бойынша қыруар жұмыс атқарылғанын, әлі де бірегей жобалардың бар екенін жеткізді.

«Саланы цифрландыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Қалалар мен аудандардың деңгейіндегі медицина қызметкерлерінің жұмыс орындарын компьютерлермен жарақтау 85,2% құрайды. Медициналық ұйымдардың 96%-на медициналық ақпараттық жүйелер енгізілді. Жылдың аяғына дейін барлық медициналық ұйымдардың электрондық медициналық жазылуларға 100% көшуі жоспарланып отыр. Халықтың электрондық паспорттарының саны 11 млн. аса бірлікті құрайды. Бұл медициналық қызметтерді алу, сондай-ақ дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету процесінің ыңғайлылығы мен ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп мәлімдеді Министр.



Ұқсас тақырыптар