Демография дүмпуі ана мен бала амандығына байланысты

bal-min.jpg

Демографияның негізгі тірегі – ана мен бала. Ана денсаулығы қаншалықты жақсарса, баланың амандығы да арта түседі. Еліміздің демографиялық өсімі табиғи тууға тікелей байланысты. Ана мен бала өлімін азайту бағытында елімізде кешенді шаралар қолға алынып отыр.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайтында Қазақстандағы ана мен бала өлімін азайту жөнінде ресми іс-шаралар жобасы бекітілген. Онда Мемлекет басшысы Н. Назарбаев ана мен бала өлімін азайту және халықтың өмір сүру жасын ұзарту еліміздің қазіргі және болашақтағы даму бағыттарының негізгі бөлігі ретінде қарастырғаны айтылып, «Стратегия-2020» мақсаттарында: 2020 жылға қарай ана мен нәрестелер өлімі көрсеткішін 2 есеге азайтып, қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығын 72 жасқа дейін арттыру көзделген» делінеді.

Министрлік сайтының мәліметіне жүгінсек, шала туған немесе салмағы 500-1500 грамм арасында  болған нәрестелерді аман сақтап қалу мүмкіндігі артып, соңғы 10 жылда 40 пайыздан 61 пайызға жеткен. Мұның себебі, денсаулық сақтау орталықтарының медициналық құрал-жабдықтармен толықтай қамтылуы, мамандардың біліктілігінің артуы, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында заманауи перзентханалардың ашылуы .

Мамандар бала өмірінің саулығы үшін ана денсаулығы маңызды екенін айтады. Сол үшін жүкті әйелдердің күтімі, уақытылы тамақтануы, тұрмыс жағдайы, дер кезінде тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеуге тұруы, дәрігерлерге уақытылы көрінуі аса маңызды.

Статистикаға сүйенсек, елімізде бала туу көрсеткіші жыл санап артып келеді. Орта есеппен күніне 1000-нан артық бала өмірге келеді. Жылына 400 мың сәби өмір есігін ашады. Алайда, бұл ана өлімінің мәселесі түбегейлі шешілді деген сөз емес.

Бұл тұста дәрігерлерді алаң­да­татын бір мәселе бар. Ақ халат­тылардың айтуынша, елімізде жүкті әйелдердің 20 пайызының ғана денсаулығы жақсы, яғни, 80 пайызының денсаулығында түрлі ақау бар. Мамандарың мәлім­деуінше, мұның басты себебі жүкті әйелдердің дер кезінде дәрігерге көрінбеуімен байланысты. Сала мамандарының сөзіне қарағанда, жүкті әйелдердің 50 пайызға жуығы дер кезінде тіркеуге тұрмайды екен. Тиісінше, дәрігерлік кеңес ал­майды, диагнос­тикалық тек­серуден өтпейді. Бұл балада туабітті ақаулардың, тұқым қуалай­тын немесе әйелдің денсау­лығына зиянды аурулардың бар-жоғын дер кезінде анықталу мүм­кіндігін шектейді.

Бала өмірге сау болып келуі үшін әйелдің өз денсаулығына аса мән беруі қажет. Мамандардың айтуынша, ана өлімі көбіне әйелдің аяғы ауыр кезінде, босану кезін­де және бала туғаннан кейін 42 күн ішінде орын алып жатады. Дәрігерлер ана өлімі тікелей және жанама болып екі түрге бөлінетінін айтады. Тікелей түрі жүктілікпен байланысты болса, жанама түрі әйелдің денсаулығына тәуелді.

Арнайы медициналық мекемелерге тіркелген 200 мың ананың 600-і бала тууға мүмкіндігі жоқтар, яғни денсаулығы жарамсыз. Мамандар кейде дәрігерлердің кеңесіне құлақ аспай, бала көтеруді мақсат ететін аналардың барлығына алаңдайды.

Акушер-гинколог Жанар Маратова отбасын жоспарламай, бала сүюді алдын ала ойластырмай ауыраяқ болатын аналардың өте көптігі бұл саладағы оқыс жайттердің тіркелуіне түрткі боп отыр деп санайды.

– Бала сүйгісі келетін ана ең алдымен жүкті болмай тұрып денсаулығын тексертіп, өзінде қандай ақау барын алдын ала білгендері жөн. Бізде бұл жағына көп адам мән бермейді. Жүктіліктің 12 аптасында келіп тіркелетіндер көп. Тіпті, босануға аз қалғанда өзінің тіркеуге келгенін айтатындар бар. Мұндай жағдайда аналарға нақты көмек көрсету қиын. Оларды диагностикалық тексеруден уақтылы өткізе алмағандықтан, мамандар дұрыс кеңес бере алмауы мүмкін, – дейді акушер-гинеколог.

Маманның пікірінше, жаңа туған сәбидің денсаулығы ана денсаулығына тікелей байланысты.

P.S. Ана мен бала денсаулығы – демографиялық саясаттың негізгі көрсеткіші. Соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 1990 жылдармен салыстырғанда 2017 жылға дейін ана өлімі 4,3 пайызға, бала өлімі мөлшермен 3 пайызға азайған. 1990 жылы 1 жасқа дейінгі 9696 бала қайтыс болған. Бұл сол жылы туған бала санының 26,4 пайызын құраған.  Дәл осы жылы тірі туған 100 мың балаға шаққандағы ана өлімі 55-ті көрсеткен. Ал 2016 жылы бала өлімі 8,6 пайызды құраса, ана өлімі туған 100 мың бала бойынша 12,7-ге сәйкес келген. Бұдан біз Тәуелсіздік жылдары ана мен бала өлімінің едәуір азайғанын байқаймыз.

mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар