Жүзін жасырған бойжеткеннің жаңа өмірі

Алматыдағы №5 қалалық клиникалық аурухананың табалдырығын аттаған бойжеткен Алмагүл Жолдасова жүзін жасырмай, ештеңеден қысылмай  көпшілік алдында жадырап жүргісі келеді. Өкініштісі, 17 жастағы жасөспірімге ондай мүмкіндік жоқ. Бала кезінен гемангиома дертінің зардабын тартып келе жатқан ол үнемі бет перде киіп жүруге мәжбүр. 

опер.jpg

Гемангиома дегеніміз – қан тамыр ісігі. Алмагүлге кішкентай шағында осы сырқат жабысып, кейін уақыт өте келе мұрыны бүлінеді. Яғни, дәрігерлердің көмегімен жарадан құлан-таза айықса да, танауы адам көрместей өзгеріп, тіпті ел алдына көрінуден қалады. Бірақ, бойжеткен тағдырдың мұндай сынағына ешқашан мойыған емес. Бұған дейінгі жасалған операцияларда оның мұрынының ішкі қуыстары қалпына келтіріліп, бір сыннан өткен болатын. Осы жолы  №5 қалалық клиникалық ауруханада оған кезекті ота жасалды. Алмагүл Жолдасованың әрбір қимылы мен денсаулығын қадағалап отырған дәрігерлер бұл кезеңде мұрынның сыртқы пішінін қалпына келтіру үшін бар білген-түйгендерін сарқ етіп, бойжеткенге жаңа өмір сыйлау үшін аянып қалмайтындарын айтады. Ал, операция алдында журналистер алдында еркін сөйлеп, өзінің болашақ жоспарларымен бөліскен ол: «Құдай сәтін салып бәрі жақсы өтсе екен деп тілеймін. Мен де жұрт секілді армандаймын. Келешекте тігіншілік кәсібін дөңгелетсем деймін. Себебі, биыл 9-шы сыныпты бітіргеннен кейін колледжге дизайнер мамандығы бойынша оқуға түстім», - дейді. 

Алмагүл болашақ армандары жөнінде айтып болған соң операция залына аттанатын уақыт та келіп жетті. Ол 17 жасқа дейін күткен отаның бірінші кезеңі қалай өтеді деп уайымдаса да, жүрегінде ешқандай қорқыныш сезімі жоқ екенін мәлімдеді. Ал, отаны жасауға отандық хирургтермен қатар Оңтүстік Кореяның мамандары да келіпті. Бір жағынан қос елдің дәрігерлері тәжірибе алмасып, бір-біріне білмегендерін үйренуді мақсат етіпті. Тіпті, операция залындағы сәттер үлкен залдағы экран арқылы өзге дәрігерлерге көрсетілді. 

№5 қалалық клиникалық аурухананың ақ халатты абзал жандары Алмагүл Жолдасованың мұрынына жара шыққан кезден бастап толықтай өздерінің қадағалауында болғанын, әрбір жетістікке сырқат жанмен бірге қуанып жүргенін жеткізді. Бұйыртса осы отадан соң оны отаның екінші кезеңі күтіп тұр. Яғни, бойжеткеннің мұрынын сыртқы пішінін қалпына келтіру мәселесі осылайша кезең-кезеңімен жүргізіледі. Әрине, екі отадан кейін бір сәтте барлығы орнынан келеді деп кесіп-пішіп айту қиын. Бойжеткенді әлі де бақылауда ұстайтын дәрігерлер оған 6 ай бойы үзбей ем қабылдап, түрлі тескеруден өтетінін айтып отыр. Десек  те, осы уақыттардан кейін Алмагүл Жолдасоваға бет пердені алып тастап, жарқыраған жүзімен алшаң басып жүретін күн де алыс емес. 

№5 қалалық клиникалық ауруханасы бар дәрігерінің орынбасары Мая Өтегенқызының айтуынша, бұл емдеу мекемесі еліміздегі  бірден-бір мамандандырылған орталық болғаннан кейін жыл сайын осындай дертке шалдыққан көптеген адамға ота жасалады екен. Ал, балалар бет-жақ хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Серік Нұрмағанов, «гемангиома көп таралған дерттің бірі», – дейді. Оның дерегінше, туа сала байқалатын жараны дер шағында емдемесе бала өскен сайын жараның орны ұлғая түседі. «Сондықтан уақытында қан тамыр ісігінен емдейміз. Кейін науқастың бет-әлпетін қалпына келтіру отасы жасалады» дейді ол.

mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар