Жер мәселесі және Мұхтар Тайжан

Астанада 24 қазан күні агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері бойынша "Astana Agro Forum-2018" форумы өтті. Ауылшаруашылығы министрлігінің ұйымдастыруымен өткен шараға қоғам белсенділері, журналистер, саясаткерлер және Мәжіліс депутаттары, министрлік өкілдері қатысты.  

 2e9836fe-e764-43fc-b47c-c24e1867dbc5.jpg

(Жер митингісі кезіндегі халық)

Мұхтар Тайжан кім?

Біз жер реформасы жайында сөз қозғар болсақ, онда бір адамды аттап өте алмаймыз. Бір адамның үш жылдан бергі жолына қысқаша назар аударсақ, талай дүниенің беті ашылады. Қоғам не айтты, билік не істеді, алда не істеуіміз керек деген сұрақтарға жауап та табылады.

Ол – қоғам белсендісі, Үкімет жанындағы Жер реформасы жөніндегі комиссия мүшесі Мұхтар Тайжан.  Оны «жерді шетелдіктерге жалға беру, сату» туралы толқулар басталғалы бері ең танымал тұлғаға айналды деуге болады. Ол туралы екі түрлі көзқарас бар. Бірі Мұхтар Тайжан Үкіметпен бірігіп, жер туралы заңды түбеегйлі өзгертуге кедергі жасады, халықтың мүддесін сатып кетті десе, енді бірі Тайжанның позициясы Үкімет пен халықтың арасындағы түсініспеушілікке дәнекер болу арқылы елдің пікірін қорғап жүр дегенге саяды.

Мұхтар Тайжан – белгілі саясаткер Болатхан Тайжанның ұлы. Ол осы жер туралы дау-дамай туындамай тұрып қоғамдық пікір-таластарға ашық араласуымен елдің көзіне түскен. Бірақ жер реформасы кезінде Тайжанды сынап-мінейтіндер шоғыры көбейді. Өзі болса, оған қарсы пікір айтушылар мен өсек таратушылардың көздегені ел арасына іріткі салу және белгілі бір топтардың мүддесін қорғау деп мәлімдейді.

Жер туралы даулы заңға 2021 жылға дейін мараторий жарияланған. Жерді қорғау, шетелдіктерге жалға бермеу, қалталыларға сатпау ұранын көтерген кезде елімізде бірнеше мәрте ашық қарсылықтар, митингілер болып, жүздеген адам қуғындалған. Ақыр соңында бірнеше адам сотталып кетті. Дәл осы тұста Мұхтар Тайжан Үкіметтік комиссия құрамына еніп, өзінің пікірін ашық әрі батыл айтты. Ол жерді шетелдіктерге жалға беруге, сатуға тиым салу қажет деген пікірінен танған жоқ. Оның уәжін Үкімет адамдарды да қолдады. Ел іші күрделеніп, дау қызған тұста Тайжан билік өкілдерімен кездесіп, жаңа заң қабылдау қажеттігін айтты. Әйткенмен, оның осы ұстанымы өздерін ұлт патриоты санайтын кейбір азаматтардың шамына тигені байқалады. Содан бері «агент», «биліктің адамы» деген алыпқашпа әңгіме Мұхтар Тайжанның сыртынан әлі айтылып келеді.

 26281A38-2D30-4C37-8D98-31F5089E1E7C_cx0_cy1_cw0_w1200_r1_s.jpg

«Мен агент емеспін»

2016 жылы 19 тамызда комиссияның құқықтық тобының жетекшісі Мұхтар Тайжан жұртшылықпен кездесіп, ел сауалына жауап берген кезінде өзінің ешқандай «агент» емес екенін мәлімдеген.

Түрлі мақсатпен, түрлі адамдар маған қатысты небір әңгімелер айтып жүр. Бағасын ел біледі. Мен комиссияның әр отырысы арасындағы жұмыстарды ашық айтып жүрдім. Отырыстарда сөйлеген сөздерімнің видеоларын да көрдіңіздер. Олай ойлауға негіз жоқ. Билікке, қызметке не үшін баруға болады? Егер ол жерде елдегі экономикалық саясатты өзгертуге, елдің жағдайын жақсартуға нақты мүмкіндік беретін болса, өз білім, тәжірибеңді жүзеге асыра алсаң, жүйе ашық болса, қуана-қуана баруға болады. Ал, мына қазіргі жағдайда ол мүмкін емес. Мен көптің бірі, қолбала болып жүруді қаламаймын. Жалпы, адамды «агент», «биліктің адамы», тағы бірдеңе деп айыптау біздің оппозицияның ауруы десе де болады. Егер біреу «агент» болса, оның біреуден ақша алуы керек, ол сәйкесінше видеоға түсіріліп, жазылуы керек. Яғни, ондай адамды әшкерелеу, айыпты нақты дәлелдеу оңай. Ал, маған қатысты айтылып жүрген айыптаулар құр сөз күйінде ғана қалып отыр. Ешбір дәлелі жоқ, ақылға қонымсыз айыптаулар деп санаймын, – деген болатын Тайжан.

 Одан бері бірнеше мәрте жер комиссиясының өкілдерінің басын қосып, оған қоғам белсенділері мен түрлі топ өкілдерін, өзінің оппоненттерін де шақырып, ашық диалог – дебат ұйымдастырып үлгерді. Бұл дебаттар қоғамдық резонанс тудырды. Осы басқосулар кезінде Тайжанға «биліктің адамы» деген алыпқашпа әңгіме тікелей айтылса да, ол бәріне анық жауап беруге тырысты.

 maxresdefault.jpg

(Қызылордада өткен Жер комиссиясының отырысы)

Тайжан нендей ұсыныс айтты?

Байқап отырсаңыздар, оның қарсыластары мен Тайжанның арасында ешқандай келіспеушілік болмауға тиісті. Өйткені, екі жақта қазақ жерінің шетелдіктерге сатылуына, жалға берілуіне ашық қарсылығын білдіріп келеді. Оның қарсыластары болса, Мұхтар Тайжанның билікпен бірігіп жұмыс істеуін көре алмайтындай сыңай танытады.

Айталық, Тайжан жер туралы дау туған кезде аса өзекті бірнеше мәселені батыл көтерді. Оны Жер комиссиясының отырыстарында билік өкілдеріне тіке айтып, нақты сұрақтар қойды.

Бірінші, латифундистерді шектеу. Қазақстанда миллиондаған жерді иеленіп отырған алып компаниялар бар. оларға белгііл дәрежеде шектеу қою ләзім. Өйтпесе, әлеуметтік теңсіздік, экономикалық тұрақсыздық пайда болады. Қарапйым халық заң аясында жерге иелік етіп, өз жерін игеруге әрі оны инвесторларға жалға беруге мүмкіндік алуы тиіс.

Екінші, жерді шетелдіктерге жалға беруге, ел тұрғындарына сатуға болмайды. Бұл ұстаным Мұхтар Тайжанның негізгі кредосы. Ол өзінің әр сұхбатында айтып келеді. Ел тұрғындарына ұзақ мерзімге сату ақшалы олигархтардың мүддесі үшін тиімді болады деп түсінеді М. Тайжан, Бұл қарапайым жұртшылықтың әлеуметтік тығырықтан шығуына, жер игілігін көруіне тиімсіз.

Үшінші, шекаралық аймақтардағы ауылшаруашылық жерлерін ұзақ жылға жалға беруге әсте болмайды. Оны заң асында сол маңның тұрғылықты тұрғындарына беру керек. Оны дұрыс пайдалану биліктің назарынан тыс қалмауы тиіс.

 Мұхтар Тайжан бұдан өзге де талай өзекті мәселелерді көтерді. Соның бірі игерілмей жатқан жерлерді шетелде тұратын этникалық қазақтарды көшіріп, соларға беру туралы пікірі. Бұл ойы да қоғамға қозғау салды. Дәл осы кезде еліміздегі кейбір белсенділер еліміздегі 10 пайыз жер шетелде тұратын 5 миллион қазаққа қалуы тиіс, олар ертең көшіп келгенде жерсіз қалмасын деп ұсыныс жасаған еді.

 8c1b54047a9d72bd46eb1165d2051194_resize_w_520_h_.jpg

(Ең ірі жер иеленушілер)

Банктегі жерлер, біріңғай салық және жер иесін анықтау

Астанада өткен Астанада агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері бойынша "Astana Agro Forum-2018" форумда Мұхтар Тайжан не көтерді, оның пікірін халық қалай түсінеді деген сұраққа кеңірек тоқталайық. Бұл жолы да Мұхтар Тайжан білгенінен жаңылған жоқ.  

Мұхтар Тайжан дәл осы басқосуда аса маңызды деген үш мәселені көтерді. Әуелі, 2021 жылға дейінгі мараторийді күтпей, жан-жақтылы кесіп-пішілген, қоғамның әр тобының пікірлері мен ұсыныстары қамтылған толыққанды заң қабылдау керек. Бұл заң осыған дейінгі олқылықтарды болдырмау үшін керек. Жерді тек қазақстандықтарға және қазақстандық заңды тұлғаларға жалға беру көзделуі тиіс. Алдағы үш жыл көп уақыт емес. Мараторий біткен күні ел ішінде толқу қайта басталмауға тиіс. Бұдан бөлек, мына мәселелерді баса айтты.

Банкте кепілде тұрған жерлер. Мұхтар Тайжанның пікірінше, елімізде мыңдаған гектар жер банктерде кепілде тұр. Кезінде алған жерлерін банкке кепілге қойып, қыруар несие алған шаруа қожалықтары көп. Бұл жерлер аграрлық сектор үшін өлі жерлер. Банкте кепілде болғандықтан, тусырап бос жатыр.

"Өкінішке қарай, мұндай жерлер өте көп. Қаншама қоршап алынған жер бос тұр, халық та пайдалана алмайды. Президент айтпақшы, бұл жерлерге арамшөп өседі, қасындағы алқаптарға кесірін тигізеді. Сондықтан қазір осында Ұлттық банк, Жоғарғы сот, Бас прокуратураның өкілдері отыр, осы сұрақты мен соларға жолдаймын", – деді қоғам белсендісі.

Біріңғай салық. Мұхтар Тайжан бұл жолы да латифундистерге шүйлікті. Олар жерді жалға алады да, оны мүлдем пайдаланбайды. Салығын төлеп отыра береді. Ал игерілмеген жерге төленетін салық мүлдем аз. Гектарына небары 37 теңге. Егер егін егіп, оны кәдеңізге жаратсаңыз, түрлі салық төлейсіз. Латифундистер жерді игермей, өзінің иелігінде қалдыруды көздеп отыр. Н елге бермейді, не өздері игермейді. Мұны болдырмау үшін біріңғай тиімді салық жүйесін енгізу қажет. Жерді жалға алған соң жұмыс істеп, салық төлеуге міндеттісің.

Бұл жер – кімнің жері? Қоғам белсендісі бізде обьективті, ашық мәліметтің жоқтығынан игерілмей жатқан жердің кімдікі екенін анықтау қиынның қиыны екенін мәлімдеді. Кез келген жердің иесі кім екенін, оны қалай игеріп жатқанын спутниктік мониторинг арқылы біліп отыруға болады. Ол үшін спутниктік мониторингті заңдастыру керек. Солай етсек, кез келген мекеме жер иесінің кім екенін, оны қалай пайдаланып отырғанын жасырып-жаба алмайды.

 Түйін: Жер тағдыры – халық тағдыры. Қазақстан жерінің кеңдігімен емес, оны игеріп, игілігін көруімен мақтануы тиіс. Біз Мұхтар Тайжан көтерген өзекті мәселелерге тоқтала отырып, алда қабылданар Жер туралы заңда қоғам өкілдерінің пікірі ескеріледі деген үміттеміз. Саясаткер Мұхтар Тайжан билік өкілдерімен біріге отырып, оңды істерді қолға алды. Бұл құптарлық әрі қуанарлық жайт. Өйткені, билік – өзіміздің билік. Ол елдің жауы емес...

(Суреттер интернеттен алынды)

www.mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар