Канатчин Асхат: Жүлделі 3-ші орын

Рухани жаңғыру: жаңартылған білімнің маңыздылығы

Жүлделі 3-ші орын

Қазіргі жаңа дәуірде ақпарат күннен күнге көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп, жаңару үстінде. Сол ақпараттарды  игеру – бүгінгі таңның басты міндеті. Ақпарат кімнің қолында болса, сол бүкіл әлемге ықпал ете алатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан барлық елдер дамуға бар күштерін жұмсап, бүкіл әлем жоғары сапалы білім алуға ұмтылыс жасауда. Себебі, кез келген елдің экономикасының бәсекеге қабілеттілігі адами ресурстардың даму деңгейіне тура тәуелді. Ал адами ресурстар болса, білім беру жүйесімен тікелей байланысты. Атап айтқанда, білім беру елдің экономикалық күш-қуатын маңызды деңгейде анықтайтын және экономикалық өсудің көзі болатын «адами капиталды» құрайды. 

Демек, біз өскелең ұрпақты уақыт талаптарына сәйкес жаңа әдіс-тәсілдермен тәрбиелеуіміз керек. Бүгінгі таңда мектептің басты міндеті – адамгершілігі мол, шығармашыл, құзіретті, елінің болашағы үшін жауапкершілікті түсініп, міндетім деп қабылдаған азаматтарды тәрбиелеп шығару болып табылады. 

Қазақстан да бәсекеге қабілетті, білікті азаматтарды дайындауға назар қойған. Мәселен, «Болашақ» бағдарламасы жүзеге асып, еліміздің көптеген азаматтары әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарынан білім алып, біраз тәжірибе жинап келіп, елінің болашағы үшін қызмет етуде. Десе де, бұл қазіргі заманның сұранысын өтей алмайды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында табысты болудың басты факторы білім екенін көрсеткен. Ал ендеше еліміздің білім беру жүйесіне біршама өзгерістер енгізуге тура келді.

Президентіміз еліміз 30 дамыған елдің қатарына кіруді мақсат етіп қойды. Ал мектепте білім берудің мақсаты – білім беру сапасын арттыру болып табылады. Бұрын білім беру жалпыға бірдей ортақ ақпарат беруге бағытталса, қазір тәжірибелік дағдылар мен нақты білімді тәжірибеде қолдануды дамытуға бағытталған. Еліміздің білім беру жүйесіне жаңартылған білім мазмұнын енгізумен қатар, жаңартылған бағдарлама бойынша критериалды бағалауды енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оқушыларды бағалау алдын ала анықталынған, нақты критерийлер бойынша жүзеге асып отырады. Жалпы критерийді қойылған талаптарға сай бір нәрсені бағалау кезінде шешім қабылдаудың белгісі, ережесі немесе негізі деуге болады. Мұндай бағалу әдісі оқушылардың білімдері мен икемділіктерін айтарлықтай сапалы, әрі дұрыс бағалауды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, бұл жүйе оқушыларда өз жұмысын барабар бақылау және бағалау, туындаған мәселелердің себептерін өз бетімен анықтап, оларды жою қабілеттерін дамытады.

Бірнеше ондаған жылдар бойы бағалау бір оқушыны екінші оқушымен салыстыру арқылы жүзеге асып келген. Мұндай бағалаудың бірнеше қателіктер бар:

оқушыларға, ата-аналарға және педагогтарға түсінікті болатындай бағалаудың нақты критерийлері жоқ

педагог әр оқушының бүкіл сыныптың жалпы орта деңгейіне қарап бағалайды

қойылған бағалар әр оқушының игерген білімінің жалпы көрінісін бере алмайды

білім беру барысында мұғалім мен оқушы арасында тікелей байланыс жоқ

Ал критериалды бағалау жоғарыдағы мәселелерді шешеді. Критериалды бағалау технологиясының айтарлықтай негізгі басымдылықтарының кейбіреулері мынадай:

бұл әдіс өте анық

оқушылардың білімі алдын ала берілген критерийлер бойынша нақты бағаланады

аталмыш әдіс оқушыларға да, ата-аналарға да, педагогтарға да түсінікті

оқушылар өз-өздерін бағалау дағдысы дамиды

өтілген материалдың сапасын арттырады

Жаңартылған білім мазмұнымен қоса, үштілдік оқыту алға нысана ретінде қойылған. Көпшілікте ағылшын тілін не үшін үйренеміз деген сұрақ туындауы мүмкін. Оған жауап: себебі, бүкіл озық әлем ағылшын тілінде сөйлейді. Ағылшын тілі – ғылым мен технология тілі. Әлемдегі білімнің, ғылыми зерттеулердің басым бөлігі осы тілде жүргізіледі. Әлемдік зерттеулерге сүйенсек, белгілі бір қоғамда ағылшын тілін неғұрлым көп адам игерсе, соғұрлым табыс табу жоғары болады, жұмыссыздық деңгейі төмен болады, оған қоса бизнес құру райы қолайлырақ болады. Ағылшын тілі адамның алдында үлкен мүмкіндіктер ашады. 

Қазіргі таңда, әлемдік бәсекелестік заманында бізге үлкен серпіліс керек. Президентіміздің тың идеялары – жаңа асулардан өтіп, талай белестерді бағындыруға бастайтын серпіліс.  Ал ұстаздар сол серпілісті жасайтын күш болу керек.

канат.jpg


Канатчин Асхат Жантемирович,

«Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру 

орталығының математика пәні мұғалімі.


Ұқсас тақырыптар