Тулекенова Марал: Жүлделі 3-ші орын

«Менің білім беруге деген көзқарасым қалай өзгергендігі жайлы...»

Жүлделі 3-ші орын

«Ескіден қол үзіп, жаңаға қол жеткізгендер ғана мұғалім бола алады» 

Конфуций

Мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға – мұғалім. Мұғалім балаға тек білім беріп қана қоймай, ол білімді өмірде пайдалана білуді де үйрету керек. Әрине, бұл менің қазіргі ойым. Осыдан 13 жыл бұрын алғаш рет мұғалім болып, сабақ бергенде менің ойым мүлде басқаша болатын. Себебі мен басқа дәуірдің ұстаздарынан тәлім алдым. Яғни ХХ ғасырдың оқушысымын. Менде солар сияқты ұстаз болуға тырыстым. Біздің ұстаздарымыз 45 минуттың көп бөлігін өз еншілеріне алатын. Ал біздің уақытымыз тек сабақтың басында үй тапсырмасын айту ғана болды. Содан соң бүгін апай не айтады екен деп аузымды ашып тыңдап отырушы едік.  Себебі, ол кезде білімді бізге АПАЙ және оның көмекшілері тақта мен бор беретін. Сөйтіп мектепті де тәмәмдап, оқуға түсіп, өзім де мұғалім болып мектеп қабырғасына қайта оралдым. Яғни менде АПАЙ болдым. Несі бар? Мен де өз апайым сияқты оқытамын деп ойладым. Сөйтіп қызығы мен қиындығы қатар жүретін жұмысқа белсене кірісіп кеттім. Күнделікті сабақ жоспарын жазып, мектепішілік шараларға қатысып, сынып жетекшісінің қарбалас жұмыстарымен жүргенде 6 жылдың қалай зымырап өте шыққанын байқамай қалыппын. 

2012 жылдың көктемінде мені курсқа жіберді. Мен барлық ұстаздар өтетін біліктілік арттыру курсы деген оймен бардым. Бірақ 3 ай оқисың деді. Не оқимын? Нені оқытады? Қалай оқимын? деген сауалдар туындай бастады. Кейін алдым ғой бұл сұрақтардың жауабын. Міне, менің білім беруге деген көзқарасым осы сәттен бастап өзгере бастады. Сонда маған білім берген ұстаздарымның әдістерінің дұрыс болмағаны ма? Әрине дұрыс. Себебі олар өз заманына , өз уақытына сай білім берді. Ал уақыт деген бір орында тоқтап қалмайды. Уақытпен бірге заман, заманмен бірге адам да өзгереді. Демек мен де өзгеруім қажет. Осыдан соң мен өзімнің 6 жылда қалай білім бергенімді ой елегінен өткіздім.  МЕН сыныптағы басты тұлғамын. Сабақтың көп уақытында МЕН сөйлеймін. Сұрақты тек МЕН қоямын және оның дұрыс жауабын тек МЕН білуім қажет. Білімді оқушыларға тек МЕН беремін. Яғни толып жатқан мен,мен,мен...... Сонда оқушылар немен айналысқан? Олар кім?  Тек менің айтқанымды тыңдап қана отырған ба? 

Міне содан бері 6 жылдай уақыт өтті. Бәрі түбегейлі өзгеріп кетті деп айта алмаймын. Оған уақыт қажет. Бірақ өзгеріс бар. Қазір мен аз сөйлеп, оқушыларым көп сөйледі. Мен бұрынғыдай жаңа сабақты түсіндірмесем де оқушылар тақырыпты өздері ашып, түсінуге тырысады. Барлық оқушылар сабаққа белсене қатысады. Әр оқушы өзінің ойын айтып, пікір алмасаы. Бір бірінің ойына құрметпен қарай бастады. Яғни оқушы білім алады. Ал мұғалім оған бағыт бағдар беруші. Бұрын неге олай болмады. Себебі еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де көп жылдар Кенес Одағы кезінде қалыптасып қалған жүйеден шыға алмады. Заңдар, құжаттар мен оқулықтарды өзгертуге тура келді. Көптеген дамыған елдердің білім беру жүйесі сарапқа салынып, ішінен озығы таңдалып алынды. Ол- жаңартылған білім беру мазмұны. Қазір ғылым мен техниканың қарыштап дамыған кезі. Оқушының жан жақты ізденіп білім алуына толық мүмкіндік жасалған.  Әрине қиындықтар да кездесіп жатады. Материалдық-техникалық базаның нашарлығы, оқулықтар сапасы, ұстаздардың арнайы курстардан түгел өтпеуі сияқты. Бірақ алға қойған мақсатың барда, оқушылардың сабаққа деген ынтасын көріп тұрғанда бұл қиындықтарды қалайда жеңуге тырысасың. Ең бастысы оқушыға білім беруде тиімді әдіс тәсілдерді таңдай білу керек. Мұғалім барынша білімді болып, ал әдістеме жағынан нашар болса ондай сабақ еш нәтиже бермейді деп ойлаймын.  Мұғалім бір орында тұрып қалмау керек. Біздің алдымызда отырған оқушылар, олардың сана сезімі, ой өрісі үнемі дамып, өзгеріп отырады.  Соған сай мұғалім де өзгеріп отыруы керек. Біз көп әдістердің ішінен ең тиімдісін таңдап аламыз. Соның ішінде өзімізге ыңғайлысын емес, оқушының білім алуына тиімдісін таңдауымыз қажет. Сонда ғана біздің оқытқан, тәрбиелеген шәкірттеріміз білімді, өз білімін өмірде пайдалана алатын, жан-жақты дамыған тұлға болып шығады. 

кызззз.jpg

Тулекенова Марал Ануарбекқызы, 

Алма Оразбаева атындағы 

орта жалпы білім беретін мектебінің 

тарих және география пәндерінің мұғалімі.

Батыс Қазақстан Облысы, Казталов ауданы. 



Ұқсас тақырыптар