Жолдау экономикалық тұрғыдан қуаттандырылды

20181018_142720.jpg

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебі Елбасы жолдауын талқылау бойынша дөңгелек үстел өткізді. 

18 қазан күні Экономика және бизнес жоғары мектебінің профессор- оқытушылар құрамы және докторанттардың қатысуымен 2018 жылы 5 қазандағы мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауын талқылады. Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – профессор- оқытушылар құрамы, докторанттар және жалпы білім алушылар арасында жолдаудың маңыздылығын түсіндіру.

 Дөңгелек үстелді экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы, э.ғ.д., профессор Сагиева Римма Қалымбекқызы ашып, жолдаудың еліміз үшін маңызын, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өзектілігін, халықтың әл-ауқатын көтерудегі айқын алар орнын атап өтті. Жолдауда білім беру саласына тоқталып, жоғары оқу орны түлектерінің жұмыспен қамтылуы сынды білім беру үдерісіне қатысты салалардың алар орнының ерекше екендігі талқыланды. Сонымен бірге Римма Қалымбекқызы «Бізді жоғары мектеп жүйесінің қызметкерлерін елімізде алдағы 2019 жылдың «Жастар жылы» болып жариялануы ерекше қуантады. Әлем динамикалы өзгеруде, жастар өздерін кәсіби тұрғыда ғана емес, дамыған ішкі құндылықтары бар және шығармашылық даму мен өзіндік жетілуге ұмтылатын тұлға ретінде де көрсете білулері қажет»-деп атап өтті.

  Қазақстанның даму бағыт-бағдарын айқындаған, еліміздің  экономикасын бағамдатқан, ішкі саясатын қамтыған Елбасы Жолдауын халыққа түсіндіру, насихаттауға арналған мәжілісте сөз алғандар: Экономика кафедрасының профессоры, э.ғ.д. Ж.Я. Әубәкірова еңбек ресурстарының сапасын арттыру мәселелеріне тоқталса, экономика ғылымдарының кандидаттары, доценттер Ж.О. Тумбай,  А.К. Омарова және Ж.З. Оралбаева жолдауда көрсетілген білім беру саласындағы жаңалықтарды талқылап, өздерінің орамды ой-пікірлерін  ортаға салды. Ал еліміздегі туризм саласын дамыту мәселесін э.ғ.д., профессор С.Т. Зиядин көтере отырып, жолдауда айтылған басым бағыттарға айрықша ден қойып, туризм мектебіне байланысты өз пікірімен бөлісті. 

20181018_141236.jpg

Шағын және орта бизнес – тұрақты азаматтық қоғамның діңгегі. Барша қазақстандықтар әл–ауқатының көтерілуі оның дамуымен тығыз байланысты. Дүниежүзілік Банктің бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингінде Қазақстан 190 елдің ішінде 36-шы орынға көтерілді. Экономикасы алпауыт елдер  арасында тұрған еліміз үшін, бұл көрсеткіш мемлекеттің жүргізіп отырған салиқалы саясатының нәтижесі екендігін жоғары мектеп оқытушылары баса айтты.  Жолдаудағы экономикалық көрсеткіштер мен экономикалық бәсекелестікті дамыту жолдарына талдау жасады. Нақты экономиканы өркендету үшін қаржы секторының рөлін күшейтіп, ұзақ мерзімді макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында зерттеу жүргізетін жоғары мектеп ғалымдарының да қосар үлесі қомақты екендігі айтылды. Экономикалық тұрғыдан жолдаудың қуаттылығы, ең төменгі жалақы мөлшерінің 1,5 есе артуы - халықтың әл-ауқатын арттырудағы таптырмас шешім, яғни  әлеуметтік қолдау көрсету болып табылатындығы да сөз болды.

Дөңгелек үстелге қатысушы жастар да келер жылдың «Жастар жылы» болып ұсынылуы – жастарға берілген мүмкіндіктер өрісінің кеңейгендігі екенін тілге тиек етті. Кез келген мемлекеттің болашағы – білімді жастар. Көзі ашық, көкірегі ояу кез-келген білімді ұрпақ өз Отанын дамыту жолында аянбай тер төгеді. Қазіргі бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заманда «жалқаулықты жанға серік етіп жатудың» өзі әбестік. Жалын мен жігерді, ізденіс пен талпынысты талап ететін жастық шақта ел болашағы үшін еңбек ету жастардың басты міндеті екендігін  дөңгелек  үстелге қатысушы жастар алға тартты. 

Талқылау соңында профессор-оқытушылар құрамы мен докторанттар Президент Жолдауында көрсетілген маңызды бағыттарына өз пікірлерін білдіре отырып, Жолдауды толық қуаттайтындықтарын жеткізді.


Бимендиева Л.А.

Экономика және бизнес Жоғары мектебі 

деканының ОӘжТ жөніндегі орынбасары



Ұқсас тақырыптар