Смаилова Роза: Жүлделі 2-орын

Рухани жаңғыру: жаңартылған білімнің маңыздылығы

Жүлделі 2-орын

Мен – ұстазбын және солай деп мақтанышпен айта аламын. Өз қалауыммен қадам басқан бұл жолда маман ретінде әрдайым жетістікке жетуді көздеймін. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін білім саласында алға қойған мақсаттарыма ұмтылудамын. Ұстаз үшін баланың жетістігінен артық не бар дейсіз?! Әр шәкірттің бойына білім нәрін құйған сайын жігерлене түсемін. Осы салада еңбек етіп жүргеніме біршама уақыт болса да, алар асуым әлі де көп. Әрине, түптеп келгенде мұның бәрі тек ел игілігі үшін жасалып жатқан игі қадамдар. Халық үшін тер төгіп, неге қызмет етпеске? Себебі, «Қазақстан» атты алып кемеде біздер және біздің ұрпағымыз отыр. Айдын шалқар теңіздің бетінде бір толқынмен жүзіп келеміз. Шүкір дейік, Елбасының сындарлы саясаты елімізді алға қарай жетелеуде. 

ҚР Президентінің ресми сайтында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын Елбасымыздың мақаласы жарияланды. Онда даму сатыларының негізгі қадамдарын көрсете отырып, білім саласындағы негізге бағыттарға басымдық беруді міндет етіп қояды. Тоқтала кетер болсақ, оның бірі - мектептердегі үштілділік. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білу – келешек ұрпақ үшін маңызды. «Тілден тілдің кеңдігі болғанымен, кемдігі жоқ» дейді дана халқымыз. Себебі, тіл – рухани құндылық, білім мен тәрбиенің тұғыры, мәдени қазынаның қайнар көзі. Тіл жүрген жерде болмысымыз бен біліміміз бірге жүреді. Өскелең ұрпақ үшін үштілділіктің қажеттілігі неде деп ойлайсыз? Бұл – олар үшін жарқын болашақ, бақытты өмір, уайымсыз келешек. Сол үшін де әліпті таяқ деп білген әрбір адам биіктерді бағындырып, мемлекетімізді көкке көтеруге ниеттенуі тиіс. Кейінгі ұрпақ «Оян, қазақ!» деп аттандаған кезіндегі Міржақыптарша, халықтың сауатын ашу мақсатында кітап жазған Ахметтерше, мектеп ашып, жанталасқан Ыбырайларша елді көтеру мақсатында қызмет етулері керек. Сол бабаларымыз осындай идеологияны кімдер үшін және не үшін қалдырды дейсіз? Әрине, біздер үшін, келешек үшін, ұрпақ саналылығы мен даналығы үшін қалдырды. Жалпылап келгенде, қазақ тілін білу әрбір қазақ үшін маңызды, себебі, ол – ана тіліміз, орыс тілін білу – барлық қазақстандық үшін маңызды, себебі, ол – ресми тіл, ал жалпы қазақ елі үшін ағылшын тілін білу маңызды, себебі, ол – халықаралық қарым-қатынас тілі. Қарап отырсаңыз, атқарылып жатқан осынау шаруалардың бәрі де, көштен кейін қалмау үшін жасалып жатқан дүниелер екені айдан анық.  

Елбасының бастамасымен алға қойып отырған мақсатымыздың тағы бірі - латын әліпбиіне көшу міндеті. Әрине, кезең-кезеңімен. «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның және ғылым-білім процесінің ерекшеліктеріне байланысты. Мектепте балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жүргендіктен, жас буын үшін ешқандай қиындық болмақ емес» - деп көрсетеді Елбасы өз мақаласында. Мұның ұтымды тұсы мынада: латыншалану, біріншіден – тіліміздің халықаралық дәрежеге көтерілуіне мүмкіндік берсе, екіншіден – еларалық рухани-мәдени байланыстардың артуына жол ашады. Сондықтан, 2025 жылы мемлекетіміздің барлық жазбалары толықтай латын әліпбиіне ауысады деген нақты жоспар бар.  

Рухани жаңғыру мен жаңарудың тағы бір нәтижесі ретінде, 2016-17 оқу жылынан бастап білім жүйесі жаңартылған мазмұнда сабақ беру сатысына көше бастады. Соның негізінде ауыл мектептеріне жағдай жасалып, технология құралдарымен жаңартылып, білім ошақтары жаңа бағыттағы оқулықтармен қамтамасыз етілді. Ұстаздардың біліктілігін көтеру мақсатында орталықтар ашылды. Олар сабақ берудің жаңа әдіс-тәсілдеріне көшіп, жылдар бойы бір жүйемен ғана жүргізіліп келген білімдену саласына үлкен өзгеріс енгізді. Түсіндіре кетсек, жаңартылған білім жеті модуль аясында оқыту әдістерін ұсынады: 1.Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер 2.Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету 3.Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау  4.Оқыту мен оқуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ) пайдалану 5.Талантты және дарынды балаларды оқыту 6.Оқушыларды жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту және оқу 7.Оқытудағы басқару және көшбасшылық. Мұның ұтымды тұстары өте көп: соның бірі – бағалаудағы өзгеріс, яғни, бала бұрынғыша баға үшін оқымайды. Сабақта әр оқушының ынтасы әр түрлі. Сол сияқты кей оқушы ауызша тапсырмаларда ерекше белсенділік танытып, қосымша сұрақтарға мүдірмей жауап берсе, кей оқушы жазба жұмысын мінсіз аяқтап, ауызшаға келгенде күмілжіп қалатыны бар. Осындай іс-әрекеттер кезінде әр оқушының деңгейіне қарай бағалауға мүмкіндік зор. Дәстүрлі бағалауда, оқығанына «5», оқымағанына «3» деп қана баға қойса, мұндағы мақсат – білім алушының жаңа материалды қаншалықты меңгергенін, тапсырманы қаншалықты дұрыс орындағанын, оқытуда мақсаттарына қаншалықты қол жеткізе алғанын байқау. Осы арқылы баланың нені жақсы меңгергенін және қай жерден сүрінгенін анықтау қиын емес. Сонымен қатар, мұғалім сыни ойлауды дамыту мақсатында түрлі әдіс-тәсілдерді қолдана алады. Оқушы барлық мәселеге сын тұрғысынан қарап, оны саралап, талдап, өз ойын дәлелдеу секілді ойды шыңдауды дамытатын әрекеттерді көбірек жүзеге асырады. Сол арқылы бұл сабақтардың көмегімен еркін пікір алмасу, ой бөлісу, зерттеу, тұжырым жасау секілді бала бойындағы қасиеттер тереңдей түседі. Сабақ барысында мұғалім қолданатын түрлі әдістер бірсарынды сабақтардың орнын басуға және түрлендіруге септігі мол. Келесі бір ұтымдылығы – сабақтарда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану мүмкіндігінің молдығы. Оқушы құр тыңдағаннан гөрі, көзбен көріп, қолмен ұстаған ақпаратты әлдеқайда жақсы сіңіреді. Кейс-технологиялар мен ТВ-технологиялар тек оқушы игілігі үшін жұмыс істейді.     

 Жаңартылған білім, біріншіден, интелектуалды ойлайтын, жан-жақты дамыған білімді тұлғаны қалыптастыруға зор септігін тигізеді. Екіншіден, мектеп бағдарламасына оның құрылымы мен мазмұнын, оқытудың әдіс-тәсілдерін қайта қарастыра отырып, өзгеріс енгізуге мүмкіндік береді. Үшіншіден, оқу нәтижелерін, сабақ деңгейін жетілдіруге, дамытуға жағдай жасайды. Төртіншіден, әлемдік стандарттарды енгізу арқылы дамыған отыз елдің қатарына ілігуімізге себепші бола алады. Сондықтан бұл жаңару біздер үшін маңызды. Бүгінгі күні осы салада жүрген оқытушыларға үлкен жүк артылып отыр. Біз, ұстаздар, табысқа қол жеткізуіміз үшін тынымсыз еңбек етуіміз шарт. Өз мамандығын, өз пәнін сүйетін, балаларды жақсы көретін шәкірт тәрбиелеушілер ғана бұл жолда табысты бола алады. Бүгінгі күні мұғалімдерге іздену үшін барлық жағдай жасалған. Қазіргі электронды дәуірде ақпарат табу, ой алмасу, тәжірибе бөлісу қиын шаруа емес. Көлемді кітапханалар да жетерлік. Оқулықтардың электронды нұсқалары да баршылық. Ұстаздарға арналған сайттар, чаттар, курстар, газеттер мен журналдар тынымсыз жұмыс атқарып жатыр. Тек «үйренем, үйренгенімді үйретем» деген ынта-жігер болса жетіп жатыр.

Өз сабақтарымда жаңартылған білімнің әдіс-тәсілдерінің көпшілігін пайдалануға тырысамын. Себебі, дәстүрлі сабақтарға қарағанда жаңа мазмұндалған түрде білім беру әдісі оқушылардың пәнге деген қызығушылығын едәуір арттырды. Әсіресе, топтық және жұптық жұмыстар білім алушылардың селбесе жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, ой-пікірлерін еркін жеткізуге жағдай жасайды. Сабақ барысында сынып түгел қамтылады. Бұрынғыдай оқушылар тек тыңдаумен ғана айналыспайды, білім алуда белсенді әрекет етеді. Зеріккен оқушылар қатары болмайды, есесіне көңілді және қызықты сабақ үйрену үрдісі жүзеге асады. Мұғалім ретіндегі шеберлігімді мен де балалармен бірге осылай шыңдаймын. Келешекте оқытуды сапалы ету үшін, сабақтарымды одан әрі түрлендіруді қолға алмақпын.

Ұстаз ретінде, біздерге қойылатын міндет ортақ. Нағыз маман, білікті мұғалім атану үшін көп ізденуіміз керек. Педагог ретінде қарыштап жұмыс атқаруымыз қажет. Бұл – тек мемлекеттің ғана емес, бүгінгі заман талабы. Білім ошақтарын дамыту арқылы болашақ ұрпағымызды дұрыс жолға бағыттаймыз. Бәйгеден басып озып, көш ілгері шабуымыз үшін талапқа сай табандылық танытуымыз шарт. Барлық нәрсе білімнен бастау алатынын ұмытпайық.

роза.jpg

Смаилова Роза Абдыбаевна,

№ 30 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі.

Алматы облысы, Талғар ауданы, Туғанбай ауылы 



Ұқсас тақырыптар