«Рухани жаңғыру: жаңартылған білімнің маңыздылығы»
Жүлделі 1-орын
Жаңа білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты-білім мазмұнының жаңаруымен қатар, критериалды бағалау жүйесін енгізу және оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді. Бұл жаңа мазмұндағы оқулықтардың тиімділігі әр пәндегі оқытылатын бөлімдердің бірдей болуында. Бұл әлі толық дағдылары қалыптаспаған оқушылардың әр пәнді оқытылған тақырыптардың бір-бірімен қайталанып, еске түсіріп, байланыстыра білім алуларына үлкен ықпалын тигізеді. Атап айтқанда «сауат ашу» пәнінен де, «саяхат» бөлімі болса ол бөлім сол кезеңде «ағылшын тілінен», «орыс тілінен», «дүниетану»пәнінен де оқытылып, түсіндіріледі.
Жаңартылған білім берудің маңыздылығы- оқушы тұлғасының үйлесімді қолайлы білім беру ортасын құра отырып сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, АҚТ –ны қолдану, коммуникативті қарым-қатынасқа түсу, жеке, жұппен, топта жұмыс жасай білу. Жаңа білім беру бағдарламасы сыни тұрғыдан ойлауға, шығармашылықты қолдана білуді және оны тиімді жүзеге асыру үшін қажетті тиімді оқыту әдіс-тәсілдерді қолданып бағалаудың да жаңа жүйесін қолдануды талап етеді.Бағалау жүйесі де түбегейлі өзгеріске ұшырап, критериалдық бағалау жүйесіне өтеді. Критериалды бағалау кезінде оқушылардың үлгерімі алдын ала белгіленген критерийлердің нақты жиынтығымен өлшенеді. Оқушылардың пән бойынша үлгерімі екі тәсілмен бағаланады: қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау. Бұл бағалау түрлері баланың жан-жақты ізденуіне ынталандырады.
Қалыптастырушы бағалау – оқушының оқу нәтижесінің үнемі ілгерілеп және дамып отыруына ықпал ететін, мұғалім мен оқушы арасындағы кері байланысын қамтамасыз ететін үдеріс. Сабақ беру мен оқытуды тиімді түрде ұйымдастыру үшін әр оқушының ілгерілеуі мен ағымдағы түсіну деңгейін үнемі анықтап отыру маңызды. Ол қалыптастырушы бағалауда іске асырылып отырады және оқушының оқу жетістіктері туралы шешім қабылдауға мүмкіндіктер тудырады. Қалыптастырушы бағалау оқыту мен оқудың біртұтас құрамдас бөлігі болып, қосымша жаттығулар мен тест тапсырмалары түрінде қабылданбауы тиіс. Қалыптастырушы бағалау үдерісі төменгі кезеңдерден тұрады:
- Оқушыларды анықталған оқу мақсаттары мен бағалау критерийлерімен таныстыру.
- Оқушылардың нені және қандай деңгейде түсінгендігін анықтайтын дәлелдемелердің көрсеткіші бола алатын тиімді орта тудыру немесе олардың басқа іс-әрекеттерін ұйымдастыру.
- Оқушының дамуына ықпалын тигізетін тиімді кері байланыс беріп отыру.
- Оқушыларды бір-біріне өзара оқыту көзі бола алатындай ынтымақтастыру. -Әр сыныпта сабақ беру үдерісінде мұғалім оқу бағдарламасындағы барлық оқыту мақсаттарын қамтуы керек. Пәндер бойынша оқу жоспарында барлық оқу мақсаттары үшін ұсынылатын іс-әрекеттер берілген. Бағалау үдерісін тиімді түрде өткізу үшін мұғалімге:
- оқу мақсатына сәйкес бағалау критерийлерін нақты құрастыру;-тапсырмаларды бағалау критерийлеріне сай құрастыру және дескрипторларын анықтау;
- оқушыларға тиімді кері байланыс беру ұсынылады.
Кері байланыс әрекеті сабақтың әр кезеңінде қолданылып, мұғалімнің оқушымен үздіксіз қарым-қатынаста болып, оқыту үдерісін ары қарай жоспарлауға және түзетіп отыруға жағдай тудырады. Бағалау критерийлері оқу мақсатында не көрсетілсе, тек соны ғана бағалайды және Блум таксономиясында берілген алты ойлау дағдыларының деңгейлерін - білу мен түсіну, қолдану, анализ, синтез және бағалауды көрсетеді. Мұғалімнің бағалау критерийлерін оқу мақсаттарына сәйкестендіріп, нақтылап дайындауы маңызды. Одан кейін мұғалім бағалау критерийлерін сәйкестендіріп, оқушылардың жеке ерекшеліктерін, оқу мазмұнын ескеріп, тапсырма және оның дескрипторларын құрастырады. Дескрипторлар тапсырманы орындаудағы оқушы қадамын нақтылайды, нәтижеге жету жолын анықтайды, сондықтан олардың түсінікті болуы қажет. Әр бөлім аяқталғанда жиынтық бағалау алынып, арнайы баллдармен есептеліп, электронды журналға қойлады. Ата-аналарға арналған «рубрика» толтырылып отырылады. Сондықтан жаңа мазмұнда, табысты білім алуда оқушылардың дағдыларын қалыптастырып, өзін-өзі бағалап, білімін шыңдауда қалыптастырушы бағалаудың маңызы зор екені байқалуда.
Қазіргі кезде жаңартылған бағдарлама бойынша оқып жатқан 2- сынып оқушыларына дүниетану пәнінен сабақ беремін. Одан байқағаным , оқушыларымның көзқарастары, білімге деген құштарлығы өзгеше,өз ойларын еркін айта отырып,тың жаңалықтарды іске асырудың тиімді жолдарын табуға тырысады. Бір-біріне кері байланыс жасап, өтіп жатқан тақырыптың қаншалықты маңызды екенін саралап отырады. Оқушы өз қатесін өзі түзеуіне мүмкіндік беріледі. Содан барып оқушы ынталанып, өзіне деген сенімі артады. Міне, жаңа бағдарламаның маңыздылығы осында. Биылғы жылғы жаңартылған бағдарламаға бірден көшкен 5-7 сынып оқушыларына ол сыныптарға сабақ беретін пән мұғалімдеріне әрине қиынырақ болды. Барлық пән мұғалімдерінің арнайы курстан өтулеріне мүмкіндік болмады. Дегенмен, бұл қиындықтардан шығуда мектептегі «Педагогикалық шеберлік орталығы» курстарынан дәріс алған әріптестердің мектептегі «тәжірибедегі рефлексия» жалпы білім беретін мектептердегі педагогика кадрларының кәсіби даму бағдарламасы негізіндегі жүргізіп жатқан мектеп тренерлерінің курстарының пайдасы ұшан теңіз.
Өткен оқу жылындағы 1- сынып оқушыларының ата-аналары арасында да бағдарламаны түсіну дәрежесінде кедергілер байқалды.Ол кедергілерге: балаларға оқытылатын оқулықтағы тапсырмалардың қиындығын, бағалау түрлері туралы қиындықтарды айтуға болады . Дегенмен, сынып жетекшілерінің ата-аналармен жүргізілетін жұмыстарының да заман ағымына қарай өзгертіп,түрлі әдіс-тәсілдер қолдану арқылы жүргізген жұмыстары өз нәтижесін беруде. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат екенін білеміз. Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай,оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтеріліп отырғаны анық.«Мәңгілік ел» болуымыз үшін бізге ауадай қажетті қасиеттер мен құндылықтардың қайнары тоғысып, ақыл-парасаты толысқан, ғаламдық ғылымды игерген адамдар көп болса, еліміз өркениетті, бәсекеге қабілетті болатыны ақиқат. «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығы емес, адамдардың бәсекелік қабілетімен айқындалады» делінген..
Қорыта келе, жаңа бағдарламаның мәні-баланың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруда жатыр. Оқушы өзінің мектеп табалдырығында алған білімін өмірде пайдалана біліп, бәсекелік қабілетімен айқындала білуі қажет деп ойлаймын. Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған. Ендеше, «Ұстазы талантты болса, шәкірті талапты болады» дегендей талапты оқушыларымыз көп болып, өмірде өз орнын тапсын!
Тауарбекова Ахлима Елкелдіқызы