Нұрхайыр Төлеуов төл университетіне келді

DSC_2034.JPG

Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні мерекесі қарсаңында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде журналистика факультетінің 1952 жылғы түлегі Нұрхайыр Телеуовпен кездесу өтті. 

Журналистика факультетінің төртінші буын түлектері қатарында қанаттанған Нұрхайыр Телеуов ҚазҰУ қалашығына келгендегі әсерін жасыра алмады. Кешегі ҚазҰУ-дың бүгінгі келбеті мүлде жаңаша жасарғанын жеткізді. ҚазҰУ қалашығындағы әр нысанды жаяу аралап, университет мұражайына арнайы бас сұқты. Ардагер журналиспен кездесу әл-Фараби кітапханасында жалғасты. Бұл жиынға журналистика, филология және әлем тілдері, сондай-ақ универитеттегі өзге де факультеттердің оқытушылары мен студенттері қатысты. Жиынның алғысөзінде журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы: «Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні мерекесі қарсаңында төл университетіңізге қош келдіңіз. Бұл сіздің мерекеңіз. Қанатыңыз талмасын. ҚазҰУ өзіңіздей түлектерімен мақтанады. Болашақ журналист мамандар үшін сізбен кездесу зор мағынаға ие. Студенттер мол тәжірибе алады. Сізді журналистиканың абызы деп қабылдаймыз. Сіздің журналистік жолыңыз студенттер үшін үлкен мектеп», - деген тілегін жеткізді. 

DSC_2490.JPG

Тоқсанның төріне келген Телеуов ардагер тың әрі позитивті ұстанымымен кездесуге келген қонақтарды бірден тәнті етті. Өзінің журналистік қызметінде кеңестік кезең, тәуелсіздік таңы және жаһандық әлемге куә болғанын айтып, әр кезеңдегі баспасөздің ерекшеліктеріне тоқталды. Қашанда баспасөздің күші басым болатындығын жеткізіп, болашақ журналистерді мерекемен құттықтады. «Журналистика өз маңызын жоймайтын мамандық. Бұл елдің болашағы, бүгіні, ертеңі, тарихы. Заманауи бұқаралық ақпарат құралдары пайда болғанымен олар дәстүрлі журналистиканы жоя алмайды. БАҚ-та жұмыс жасағанда бірыңғай жамандап немесе кілең мақтап жазуды қоштай алмаймын. Тепе-теңдікті сақтау керек. Әр нәрсені адал, шынайы жаза білу керек. Меніңше, журналистерде көбіне өзінің ішкі тосқауылы жетесіне жеткізе жазуға мүмкіндік бермейтін тәрізді. Бұл ішкі цензура деген болар едім. Журналист батыл болуы керек. Ең алдымен позитивті болыңдар. Өзіңе сенімді болуды үйреніңдер. Денсаулықты күтіңдер. Спортпен шұғылданыңдар. Тереңнен ойлап, тек алға ұмтылыңдар», - деді Нұрхайыр Телеуов. Ардагер журналистік шеберханасымен бөлісіп қана қоймай, өзінің ұстанымдары жайлы да айтты. Жастайынан спортты жақсы көрген ол өзінің бүгінгі таңда жүгіру-жаттығуларға, дене шынықтыруға күн сайын төрт сағат уақытын арнайтынын жасырмады. Күнделікті газет-журналдарды оқуды әдетке айналдырғанын, әлі де жазудан алыстамағанын жеткізді.  Өзі күнделік жазумен айналысатынын, алда кітап та шығарып қалу жоспары бар екендігін тілге тиек етті. 

Еңбек жолында тілші, бөлім меңгерушісі, партия комитеті баспасөзінің инструкторы және телеарнада журналистік қызметтер атқарған Нұрхайыр Телеуов Ақтөбедегі облыстық газетте 27 жыл редакторлық етті. Ақтөбеде облыстық телерадиокомитеті ұйымының құрылуына атсалысты. Нұрхайыр Телеуов мектеп қабырғасында жүргенде-ақ қабырға газетіне редакторлық еткен. Ол жазуды бала кезден ұнатқан. Ауылдық мектепте ұстаздық қызмет еткен. Небары 15 жасында ол КСРО Жоғары Кеңесі Президумының жарлығы бойынша "1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы айбынды еңбегі үшін" үкіметтік марапатты иеленген. 

мцмрмфмр м+мгм¦мгмхмрмL.png

Газетте редакторлық еткен жылдары маңызды тақырыптарға қалам тербеп, редакциядағы журналистерді өзекті мәселелерге жазуға машықтандырған Н.Телеуов ізін жалғаған шәкірттерін де ерекше атап өтуді естен шығармады. 1947-52 жылдары журналистика факультетінде маманданған Н. Телеуов өзінің ұстаздарын, қарашаңырақтағы естеліктерін ортаға салды. Айтары мол ақсақалмен болған бұл жиында гуманитарлық саладан өзге жаратылыстану факультеттерінің студенттері ғибратты әңгімелеріне зор қызығушылық танытты. Ол кісінің батылдығы, өмірге деген құштарлығы, мамандығына деген махаббаты, спортқа деген сүйіспеншілігі әр жасқа үлкен ой салды. 

Биыл ҚазҰУ-дың журналистика факультеті өзінің 80 жылдық мерейтойын атап өтпек. Мұндай түлек – факультет үшін асыл қазына әрі тарих. Болашақ журналист мамандар бұл бас қосуда өздеріне пайдалы кеңестер мен нұсқаулар алды.  Өз кезегінде Нұрхайыр Телеуов жеке архивінен құжаттарын ҚазҰУ мұражайына табыс етті. Мейманның төл университеті қонақтың кеудесіне ҚазҰУ-дың мерейтойлық медалін тағып, кәдесый жасады. Ақсақал жастарға ақ батасын берді. Барлық жиналғандар ардагерді ортаға алып суретке түсті. Бұл бір жылы, ілтипатты және ерекше басқосу болды. 


Саягүл Әлімбекова, 

ҚазҰУ журналистика факультетінің докторанты



Ұқсас тақырыптар