Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын қызыға оқып қана қоймай, оны өзімнің кураторлық топтарыммен талқыладым. Елбасының елдің бүгіні мен болашағы туралы ойы, Отанға, елге, ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілігі сүйсінтеді. Ұлттық болмыс пен бірегейлікті сақтай отырып, сананы жаңғырту және білімділікке ұмтылу Елбасы мақаласының негізгі арқауы.
Осынау бағдарламалық мақалада қазіргі уақыттағы ұлттық санаға, таяу жылдардағы міндеттерге қатысты бірқатар мәселелер айтылды. «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында». Осыған байланысты әрбір білім алып жатқан азамат үш тілді меңгеріп қана қоймай, бәсекеге қабілетті, іскер болу керек. «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз». Студенттерге қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес, керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалануда екендігі түсіндірілді.
«Ұлттық бірегейлікті сақтау – біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек. Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Экономиканың кәсіптік сипаты бұрын-соңды ешбір дәуірде мұншама жедел өзгермеген». Бұл – білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлау деген сөз. Кез-келген білімді жас өмір талабына сай мамандықты өзгертіп, нарықтық экономикага бейімделе алу керек. Ең басты капитал білім екендігін түсініп қана қоймай, үнемі жетілдіріп отыру керек. Білім әр адамның рухани азығы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала беретіндігі анық, сол үшін біз үнемі жетіліп, ізденіп, дамып отыруымыз керек.
Қазіргі кездегі латын әліпбиіне көшу ұсынысы да орынды, бұл биологтар үшін аса қиындық тудырмайды, себебі биологияда кездесетін терминдердің көпшілігі латыннан аударылған және біз латын әріптерін арнайы курста оқып танысқанбыз. Сонымен қоса, ағылшын тілін меңгеру арқылы әлемнің кез - келген жерінде отырып, ғылым мен білімнің көкжиегіне шыға алатындығын студенттерге түсіндірдім. Өз кезегінде студенттер тарапынан сұрақтар, ұсыныстар, тілектер айтылды. Топ старостасы Сымбат Медиум: «Мен саяси көзқарастарға аса мән бермеуші едім. Бірақ Елбасы мақаласын қолыма ұстап, оқығаннан кейін көзқарас көкжиегім өзгергендей болды. Өзімнің қазақ екендігіме және елімнің ертеңі біздер екендігімізге мақтана отырып, үлкен жауапкершілік сезіндім. Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс деп ойлаймын. Елiмiздегi бейбiтшiлiк, тыныштық Елбасының салиқалы саясатының негізі. Тәуелсiз елiмiздiң бiрлiгi мен берекесi жолында еңбек етер азаматтарымыз көп болсын деп ойлаймын», деген ойын жеткізді. Топ студенті Әлия Әлімжан: «Бір кездері мен мектепте оқып жургенде «Көшпенділер» фильмін көріп қазақ қызы екендігіме қуанғанмын. Қазір осы жиында да менде сондай сезім болып тұр. Елбасының мақаласы бұрынғы Тәуке ханның жеті жарлыгындай деп айтсам болады. Еліміз күннен-күнге көркеюде. Биыл ЭКСПО көрмесіне барып тамашалап қайттым. Латын әліпбиін де қолдаймын. Бұл елімізде болып жатқан маңызды шаралардың бірегейі. Жастар мұндай жаңалықтардан хабардар болып отыруы керек. Барлық куратор-эдвайзерлер топ арасында осындай талқылаулар өткізіп тұрса, бізде елін-жерін ойлайтын, патриот жастар көбейер еді», - дейді.
З.А. Инелова, б.ғ.к., биология және биотехнология
факультетінің доценті,
Ж.Ж. Чунетова, б.ғ.к., биология және биотехнология
факультетінің доценті