ҚазҰУ әлеуметтік жауапты университет деп танылды

1.jpg


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Университеттердің әлеуметтік жауапкершілік желісі» (USRN) беделді ұйымының мүшесі атанды. Халықаралық ұйым Манчестер және Кембридж университеттері (Ұлыбритания), Пекин университеті (ҚХР), Гонконг политехникалық университеті, Вашингтон университеті (АҚШ), Сан-Паулу университеті (Бразилия) сынды танымал ЖОО-ларды біріктіреді. Бұл жайында MEZGIL.KZ тілшісі ҚазҰУ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Әлемде корпорациялар мен бизнес-құрылымдардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға дәстүрлі түрде үлкен көңіл бөлінеді. Әлеуметтік жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруда ЖОО-лардың да атқарар рөлі зор. Университеттер білім беру қызметі және ғылыми зерттемелер түрінде қоғамдық игіліктерді құрып қана қоймай, қоғамдағы әлеуметтік мінез-құлық ережесінің қайнар көзі болып табылады. Заманауи жоғары оқу орнының міндеті білікті мамандар даярлаумен шектелмейді, бүгінде ол қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілікпен толығуы тиіс.

Бұл парадигма жетекші университеттерді адамзаттың аса өзекті және қауырт мәселелерін шешудегі ЖОО-лардың әлеуметтік рөлін нығайту үшін бірігіп, консорциум құруға итермеледі. USRN қызметі заманауи өркениеттің болашағы үшін ЖОО-лардың әлеуметтік жауапкершілігін орындауда мүше-университеттердің тиімді өзара әрекеттесу тұғырнамасын құруға бағытталған.

Сан-Паулу университетінде өткен USRN арнайы конференциясында айтулы ұйым мүшелері қазақстандық жетекші университетті қатарға қабылдау туралы шешімді бір ауыздан қабылдады.

Конференцияда ҚазҰУ-дың БҰҰ тұрақты даму бойынша «Академиялық ықпал» бағдарламасының Жаһандық хабы ретіндегі тәжірибесі кеңінен таныстырылды. ҚазҰУ ұсынған жоғары оқу орындары дамуының жаңа тұғырнамасы – 4.0 университет үлгісі ұйым мүшелерінің үлкен қызығушылығын тудырды. Бұл моделді жүзеге асыруда қоғамдық сананы жаңғыртуға арналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы басты бағдар болып табылады. Ол төрт құрамдас бөліктен тұрады: білім беру, зерттеу, инновациялық-кәсіпкерлік және рухани-адамгершілік.

Бүгінгі күні 4.0 университет үлгісі негізін инновациялық-технологиялық және рухани-адамгершілік тұғырнама үндестігі құрайтын «Al-Farabi University smart city» жобасында іс жүзінде жүзеге асуда.



Ұқсас тақырыптар