Қытайдың "Өткір қылышы" Тайуаньды тіліп түсе ме?

Тайуань маңындағы жағдай шиеленісе түсті. Қытай өзінің бөлінбес бөлшегі саналатын аралдың маңында ірі әскери жаттығу бастады. Жаттығу үш күнге созылады және «Өткір қылыш» деп аталады. Жаттығудың атауының өзі Бейжіңнің бұл мәселеде кібіртіктеп қалмайтынын аңғартады.


tai_van_ucheniya_20220728_10.jpg

 

Тайуань Қытай үшін қашанда бас ауыртып, балтыр сыздатар мәселе болған. 1946-1949 жылғы Қытайдың ішіндегі өзара саяси күрес және азаматтық соғыстан кейін бас сауғалап, аралға қашқан саяси күштерді Бейжің өзіне басты қауіп санайды. Өткен ғасырда Тайуаньды бірнеше мәрте басып алуы жоспары да жасалды, алайда Қытай Батыстың қолдауынан сескенген-ді.

 

Қытай өзінің ішкі мәселесі санайтын түйткілдерді қатаң шешуге көшті. Шығыс Түркістанда адам құқығын өрескел бұза отырып, «тәрбиелеу лагерьлері» деп атаған түрмелерді салды, мыңдаған халықты қамады. Бүгінде Шығыс Түркістан Батыстық медиада «үлкен абақты» деп те аталатыны сондықтан. Артынша Гонконг мәселесін өз мүддесіне сай шешуге тырысты. 2019-2020 жылдары Гонконгтың миллионға жуық халқы Қытай билігі ұсынған заңға қарсы шықты. Ол заңда Гонконг аймағында тұтқындалған азаматтарды ішкі Қытайға экстардициялау мәселесі айтылған еді. Ресми түрде заңды қабылдау халықтың наразылығынан кейін кейінге шегерілсе де, бүгінде Гонконг билігіне бейжіңшіл саясаткерлер топтаса бастады. Ендігі кезек Тайуаньда деуге болады.

 

Қытайдың ішкі құжаттарында 2049 жылға дейін біртұтас Қытайды құру мәселесі жиі айтылады. 2049 жылы Қытай Халық Республикасының құрылғанына тура 100 жыл. Міне, осы кезге дейін Қытай өзінің аумақтық мәселесін түбегейлі шешуді көздейді. 2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кіруі Қытай тарапынан қандай да бір қарсы реакцияны туындатпады. Алайда мақтаулы Ресей әскерінің ұрыс даласындағы сәтсіздіктері, Қытай қорғаныс министрлігін жаңа заман соғысына дайындалуға итермеледі. Қытай өткен жылы өзінің әскери доктринасына бірқатар өзгерістер енгізгенін айтты, алайда нақты қандай өзгерістер екенін жарияламады. 2022 жылы АҚШ пен Қытайдың арасындағы шиеленіс ауқымы кеңейді. Бірнеше жыл қатарынан сауда соғысын жүргізіп келген қос держава бұл жолы ашық аумақтық тұтастық мәселесінде текетіреске көшуге дайын екенін аңғартты. АҚШ-тың Өкілдер Палатасының спикері (АҚШ-тағы саяси иерархиядағы үшінші тұлға) Нэнси Пелоси 2022 жылы 2-тамызда Тайуаньға барды. Бұл оқиға әлемдік қауымдастықты шулатты, ал Қытай халқын ашуландырды. АҚШ Пелосидің сапарын «Тайуаньның тәуелсіздігін мойындау деп қабылдамаңдар» десе де, бұл ірі саяси қадам болатын. Қытай билігі жауап ретінде Тайуань маңында ірі әскери жаттығу бастады. Дей-тұра Бейжіңнің бұл сапарға қатаң жауап бермеуі Сидің беделін түсірді дейтіндер де бар.

 

2023 жылдың ақпанында АҚШ, Канада және Латын Америкасы маңында бірнеше барлау аэростаттары байқалды. Кейіннен бұл аэростаттардың барлығы дерлік Қытайға тиісілі екені анықталды. АҚШ өз әуе кеңістігіндегі аэростаттарды атып түсірді. Сарапшылар аэростаттарды Қытай билігі Пелосидің жаздағы сапарына жауап ретінде жіберуі мүмкін дейді.

 

Енді міне, Тайуань маңында тағы да дүрбелең. Си төраға 2022 жылдың күзінде өзінің таққа отыру мерзімін тағы бір мәрте ұзартып алғаннан кейін, Тайуань мәселесін толық шешуді басты приоритеттің бірі еткен сыңайлы. Бүгінде Қытай әскері Тайуаньды толық құрсауға алып, зымыранмен соққы жасап, Тайуань әскери флотын жойып, десант түсіру бойынша жаттығу өткізуде. Ал АҚШ жауап ретінде 2023 жылы Тайуаньға 3 млрд долларға қару сату жобасын бекітіп жіберді. Иайуань әскері Украинаның Ресейге қарсы соғыс тәжірибесін де ескеретінін айтқан болатын. Бүгінде 300 мыңға жуық Батыстың қарумен қаруланған әскері бар Тайуань өзінің саяси дербестігін соңына дейін қорғайтынын тағы бір мәрте мәлімдеді. Осылайша әлемнің назары Тайуаньға тағы ауды.

 

Әскери сарапшылар Қытай қазіргі уақытта тікелей соғыс бастамайды деген ойда. Олардың болжамынша 2025-2026 жылға дейін Қытайдың Тайуаньға қатысты агрессивті шешім қабылдауы екіталай. Себебі әлі бірде-бір заманауи соғыста сыналмаған Қытай іскері үшін бұл үлкен шыған әкелуі ықтимал қақтығыс болуы мүмкін.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар