Қазақстан Ресейге салынған санкцияларға қосылмайды, алайда өз аумағы арқылы санкциялардың бұзылуына да жол бермейді. Бұл бір жыл бойы Қазақстан билігінің барлық саяси алаңда, сұхбатта қайталап келе жатқан ресми позициясы.
Қазақстанның бұл позициясын «Әль-Жазира» арнасына берген сұхбатында Қазақстанның СІМ орынбасары Роман Василенко тағы да қайталады. «Күн сайын екі ел арасында өте көп көлемде тауар өтеді. Алайда Украинада соғыс басталған күннен бастап біз Ресейге салынған санкцияларға қосылмайтынымызды, өз аумағымыз арқылы санкциялардың бұзылуына жол бермейтінімізді айтқан едік. Бұл қағида сақталады», - деді ол.
Бүгінде Қазақстан мен Ресейдің арасында 51 бекеттен тауар өтеді. Оның ішінде Ресейге санкция салмаған Үндістан, Қытай, Вьетнам және басқа елдердің де тауарлары жеткілікті. Санкциялық тізімдегі тауарлар Ресей аумағына өтпеу үшін Қазақстан 1-сәуірден бастап тауарларды онлайн бақылау жүйесін іске қосты. Жүйе тауардың қайдан келіп, қайда барғанын бақылап отыруға мүмкіндік береді.
Еуропалық қауымдастық Ресейге кезекті санкция пакетін әзірлеуде. 11 санкциялық пакет Ресейге салынған санкциялардың бұзылуына жол берген елдерді «жазалауға» арналуы мүмкін дейді сарапшылар.
Mezgil.kz