Германия Еңбек күнін атап өтті. Осы мерекеге орай Берлинде 500-ге жуық шара ұйымдастырылған.
Сонымен қатар билікке қордаланған мәселелер мен талаптарын жеткізу үшін ондаған мың адам наразылық шеруіне шықты. Шеру тәртібін бақылауға жиналған 5 мыңнан аса тәртіп сақшысына өзге де федералды аймақтардан полиция өкілдері көмекке келді. Берлиннің басқа аудандарында да 20 бейбітшілік акциясы өтеді деп жоспарланған. Қатысушылар арасында саяси партия өкілдері мен қоғамдық және кәсіподақ ұйымдарының мүшелері де бар. Қолдарына жалау мен көрнекі құралдар ұстаған шерушілер Германия астанасының орталық көшесімен жүріп өтті. Бұл кезде қаладағы көлік қозғалысы тоқтатылған болатын. Бранденбург қақпасының алдында пәтердің қымбаттағанына қарсылық білдірген қарапайым тұрғындармен қатар немістің жетекші концерндері мен зауыттарының қызметкерлері де өз талаптары бойынша митингке шықты. Бұл күні наразылық шеруі бүкіл Германия аумағы бойынша өтті. Полиция жасағы Берлин мен Гамбург қалаларында жаппай тәртіпсіздік орнай ма деп алаңдаулы. Ал Кемнитцте тәртіп сақшылары мен халықтың арасында бірнеше қақтығыс орын алғаны белгілі болды.
Константин, «IG Metall» кәсіподағының мүшесі:
- Біздің кәсіподақтағы мыңдаған әріптесім осы шеруге қатысты. Бұл шара жыл сайын ұйымдастырылады. Біз өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты қолдаймыз. Алдымызда әлі талай кедергілер болары анық. Сондай-ақ жылдық табысы жоғары неміс кәсіпорындарындағы жұмысшыларды қысқартуға қарсымыз.
Андреа. «Тегель» әуежайының қызметкері:
- Жұмысшылар үшін 1 мамыр өте маңызды күн. Мен әуе кемелеріне жерден көрсетілетін қызметті жекешелендіруге қарсымын. Бұл ешқандай да пайда әкелмейді. Одан алдымен жолаушылар жапа шегіп жатыр. Өйткені жүктерін ұзақ күтуге мәжбүр.
Дереккөз: 24 хабар