Ерікті допинг тестілеу қоғамдастығының (VADA) президенті Маргарет Гудман мексикалық боксшы Сауль Альварестің арнайы бағдарламаға құжат тапсырғанын растады. «Таза бокс» атты бағдарлама Бүкіләлемдік бокс кеңесімен (WBC) бірлесіп жүргізіледі, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз мистер Альварестің өкілдерінен тиісті құжаттарды қабылдадық. Енді, күніне 24 сағат, аптасына 7 күн, жылына 365 күні, былайша айтқанда, жыл бойы тестілеу жүргізілетін болады», - деді М.Гудман.
Айта кеткен жөн, бүгін Сауль Альварес допинг тестілеуден ерікті түрде өту туралы келісімшартқа қол қойғанын жариялады. Оған сәйкес, боксшы кез келген уақытта сынама тапсыруға міндеттеледі. Бұған дейін Головкиннің командасы аталған міндетті алдағы реванштың басты талабы ретінде қойған болатын. Себебі Невада штатының атлетикалық комиссиясы оны алты айға шеттетсе де, допинг тесттерді тапсыруға міндеттеген жоқ.
Сауль Альварес «Таза бокс» бағдарламасына кіргеннен кейін екі жақтың өкілдері реванш бойынша келіссөздерді бастады. «Том Леффлермен келіссөздерді бастадық. Біз рематчтың болғанын қалаймыз. Әрбір мықты боксшы жыл сайын VADA-ның тексеруінен өтіп отыруы тиіс. Өйткені бұл - спортты тазартудың жалғыз жолы», - деді Оскар де ла Хойя ESPN.com-ға берген сұхбатында.
Шетелдік сарапшылардың айтуынша, «Канело» АҚШ-та танымал болса да, Головкинсіз үлкен әрі табысы мол жекпе-жекті ұйымдастыра алмайтынын жақсы түсінеді. Сол себепті GGG-дің талабын орындауға мәжбүр болды. Бұдан бөлек, жанкүйерлер мен журналистердің қысымы қатты болды. Барлығы оның әділ боксшы екеніне күдіктенді. Себебі ақпан айында ол "кленбутерол" атты допингпен ұсталса да, бірден ерікті тест тапсыруға келіспеді. «Канело» VADA-ның бағдарламасынан бас тартса, біраз ақшадан қағылатынын біледі. Себебі қыркүйек айында Головкинге қарсы реванш өтпейтін еді. GGG-дің орнына Гэри О Саливан сияқты слаггермен бокстасуға тура келеді. Ол жекпе-жектен көп пайданың түспейтіні белгілі. Оған қоса, жанкүйерлердің сынына ұшырайсың», - дейді Boxingnews24.com сайтының журналисі Шон Джонс.