Әзербайжан Демократиялық Республикасының 100 жылдығы қазақ елінде атаусыз қалмады

1.jpg


17 мамырда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан мен Әзербайжан мемлекеттерінің достығын нығайта түскен жоғары дәрежелі шаралар өтті. Көрші елден келген қонақтар қатарында Әзербайжан Республикасы Президентінің қоғамдық-саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Али Гасанов, Әзербайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті Елшісі Рашад Маммадов, Әзірбайжан жазушысы, ғалым Сона Велиева, академик Камран Алиев, жазушы Азер Туран, депутат, Әзірбайжан Республикасы, Ұлттық Мәжілісі әзірбайжан-қазақ парламентарлық байланыс бойынша жұмыс тобының мүшесі Низами Джафаров, депутат, Ұлттық Мәжілісі әзірбайжан-қазақ парламентарлық байланыс бойынша жұмыс тобының мүшесі Адил Алиев, Анкарадан Түрксой Академиясының бас хатшысы Дүйсен Касеинов, сонымен қатар әзербайжандық және қазақстандық зиялы қауым өкілдері қатысты. 


2.jpg

 

Әзербайжан Демократиялық Республикасының биылғы 100 жылдығы Қазақстан елінде атаусыз қалған жоқ. Саяси маңызы бар бұл атаулы күн ҚазҰУ-да да өз орнын алды. Шығыстану факультетінде үлкен конференция жұмыс жасады. Атаулы шарада алдымен меймандар әзербайжан халқының ұлы ақыны, драматург  Хусейн Жавидтің 135 жылдығына арналған ғылыми жиында бас қосты. Халықаралық шараның ашылуында сөз сөйлеген ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов жаһандану үдерісінде әр халықтың өз ұлттық болмысын сақтап қалу мәселесі басты назарда тұрған шақта күллі түркі жұрты ортақ құндылықтарды сақтай отырып алға жылжу идеясын алға тартып: «Бүгін университетімізде әзербайжан халқының тарихында орны ерекше көрнекті драмматург, атақты ақын Гусейн Джавидтің 135 жылдық мерейтойын тойлап жатырмыз. Әзербайжан әдебиетінің көрнекті өкілі, поэтикалық драма мен поэзиядағы симоволикалық аллегория жанрының негізін қалаушы, өз халқының тәуілсіздігі мен еркіндігі үшін күрескен, соның салдарынынан 1937 жылы репрессияға ұшыраған, ұлтының біртуар сүйікті ұлы, қоғам қайраткерінің есімі түркі әлеміне белгілі. Ақын еңбектерін талдап, оған баға беру әлі де болашақтағы түркітану ғылымының алда тұрған мақсаты деп білем», - деп атап өтті. Екі ел арасындағы халықаралық қатынасты нығайта түсетін осынау игі шарада Әзербайжан Республикасы Президентінің қоғамдық-саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Али Гасанов: «Маңызды сәтте бірге болып, қуанышымызды бөлісіп отырғандарыңызға алғыс айтамын. Түркі әлеміне ортақ рухани құндылықтарды насихаттау – Әзербайжан мен Қазақстан тарихының, мәдениетінің, рухани мирастарының ортақ екендігін паш етеді. Гусейн Джавид түркі халықтарын бөлектемей, түркі халқына ортақ қызмет еткен тұлға. Ортақ түркі мәдениетін бір-бірімізге таныстыратын, заманауи талаптарға сай мұндай шаралар екі елдің достығын нығайта бермек», - деген ойымен бөлісіп, ризашылығын жеткізді. Түрксой Академиясының бас хатшысы Дүйсен Касеинов: «Бүгінде Қазақстанның ғана емес бүкіл орта Азияның ең танымал университеті – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Әзербайжан Республикасының құрылғанына 100 жыл толу құрметіне арналған үлкен іс-шаралардың тұсауын кескелі тұрмыз. Мұндай ірі іс-шаралардың іске асуы университет басшылығы мен Қазақстандағы Әзербайжан Республикасы Елшісінің нақты жұмысының нәтижесі деп білемін. Түрксой Академиясы түркітілдес бауырлардың ортақ мәдениетіне қатысты шараларға әр уақытта тілекші, қабылдаушы болатыны анық», - деген лебізін білдірді. Әзербайжаннан келген жазушылар мен өзге де қонақтар Гусейн Джавидтің шығармашылығына тоқталып, еңбектеріне талдау жасады. Мәселен, Камран Алиев жазушы шығармаларының кейіпкері Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) болғанын, аналар бейнесін алға тартқанын айтты. Бұл тұжырымды ғалым Сона Велиева да жалғады. Ол Г. Жавидтің тұран әлемін суреттеп кеткенін айтып, оның тұран әлеміне деген сүйіспеншілігін талдады. 


3.jpg


Бұл күні Гусейн Джавидтің  мерейтойына арналған шарадан кейін келген қонақтар ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде «Әзербайжанның тарихы мен мәдениеті» орталығының ашылу салтанатына қатысты. Бұл орталық алдағы уақытта түркітану ғылымының өрісін кеңейтетін, түр¬кітіл-дес хaлықтaрдың тaри¬хы мен эт¬ногрaфия¬сын, мә¬де¬ниеті мен әде¬биетін, ті¬лі мен рухa¬ни мұрасын зерттеп-зерделейтін бірден бір орталық болмақ. Түркітілдес мемлекеттердің беріктігін нығайтатын шараның жалғасы шығыстану факультетінде Әзербайжан халқының тұңғыш Президенті, екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты, түркітілдес елдер арасындағы бірлікті нығайтуға елеулі үлес қосқан көрнекті тұлға Гейдар Әлирзаұлы Әлиевтің 95 жылдығына арналған қазақ тіліндегі «Еліне жол ашқан...» кітабының тұсаукесеріне ұласты. Тұсаукесерде сөз алған Қазақстандағы «Әзербайжандықтар қауымдастығы» республикалық қоғамдық  бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, профессор Абилфас Хамедов: «Бұған дейін Қазақстан Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кітабы әзербайжан тілінде жарық көрген болатын. Бүгінде Әзербайжан Тұңғыш Президентінің кітабы қазақ тілінде жарық көріп отыр. Мемлекеттер арасында қарым-қатынас, достық өте жоғары деңгейде. Қазақ халқының біздің ата-бабаларымызға, ата-аналарымызға көмек бергенін, қиын сәтте қол ұшын созғанын еш ұмытпаймыз. Біз бұл жақсылықты бүгінде отбасымызға, ұрпақтарымызға айтып отырамыз», - деген ықыласын білдірді. Абилфас Хамедов Али Гасановқа «Абай» медалін табыс етті. 


4.jpg


Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бірлесіп, түркі әлеміне ортақ іс-шараларды өткізуі алдағы уақытта да жалғаса бермек дейді тарап басшылары. Жиын барысында екі тарап өзара кәдесыйларын тарту етіп, естеліктермен алмасты. Халықаралық шара барысында ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов атап өткендей, «Университеттер мәңгілік. Ал университетте өткізілетін мұндай шаралар мемлекеттер достастығын берік ете түсуге ықпал етеді». Әзербайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті Елшісі Рашад Маммадов: «Әзербайжанның мерейлі жылы дипломатиялық корпустарда, мемлекеттік органдарда және басқа да мекемелерде аталып өтілуде. Мұндай халықаралық қызмет беделді университет ҚазҰУ қабырғасында да жалғасын тауып отыр. Бүгінгі дамып отырған достықтың фундаменті екі ел Президенттерінің еңбек үлесі, қалаған іргетасы», - деген ойын білдірді. Университет қабырғасында бір күнде бірнеше шараға куә болған Әзербайжан Республикасы Президентінің қоғамдық-саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Али Гасанов қорытынды сөзін: «Күні кеше Астанада бастау алған мұндай игі істердің жалғасы ҚазҰУ-да жалғасын табуы бізді қуантып отыр. Неше күннен бері қазақ елінің әзербайжан еліне деген ілтипатын, құрметін сезініп отырмыз. Біз өз елімізге қазақ елінің махабаты мен мейіріміне бөленіп қайтып барамыз», - деп түйіндеді.

5.jpg

Саягүл ӘЛІМБЕКОВА,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Имидждік саясат және қоғаммен байланыс департаменті



Ұқсас тақырыптар