Қазақстан ешкімнің қолбаласы емес! Ресей президенттігіне кандидат болған Ксения Собчак Қазақстанға қатысты зілді мәлімдемелер жасайтын әріптестерін қатал сынға алды. Астана экономикалық форумының бүгінгі күні де қызу пікірталастарға толы болды, деп хабарлады КТК телеарнасы.
-Әлем көз тіккен форумның екінші күні. Бүгін сарапшылар экономикадан бөлек, саясат пен қоғамдық мәселелерді көбірек талқылады. Міне, бірінші екінші қабатта оннан астам зал бар. Әр қайсында бірінен-бірі өткен спикерлер қызу пікір талас жүргізуде.
Кең аудиторияны толтырып үлкен кішінің қызығушылығын тудырғандардың бірі - Ксения Собчак. Ресей президенттігіне кандидат болған ол жетістікке жетудің құпиясымен бөлісті. Біпақ әңгіме ауаны саясатқа бұрылып кете берді. Осы жерде Собчак, Қазақ елінің егемендігіне күмән келтіріп, аузына келгенін оттайтын отандастарын сынға алды.
КСЕНИЯ СОБЧАК:
-Тәуелсіздіктеріңізді қатты құрметтеймін. Біздің кейбір саяси тұлғалар, Қазақстан Ресейдің інісі деген секілді аузына келгендерін айтып жатады. Бірақ, бұл барып тұрған бассыздық. Мен мұны Қазақстанды қорлау деп санаймын.
Саясаткер әрі журналист бұл жерде үнемі араға от салып жүретін Жириновский, Лимонов,Соловьев секілді Кремльдің қолшоқпарларын меңзегені анық. Собчак саясаттың көрігін қыздырып жатқанда, көрші залда, болашақты болжаған танымал жапондық физик Митио Каку бастаған ғалымдар да тосылып қалмады. Қызықты мәліметтермен бөліскен оқымыстылар 20 жылдан кейін мамандықтың 40 пайызы жоқ болады дейді.
МИТИО КАКУ, ФИЗИК:
-Ғылымның дамитыны соншалық, бұл жұмыстарды роботтар істейді. Бірақ, құл темірлер мұғалім, тәрбиеші, заңгер, дәрігерлер секілді мамандардың қызметін атқара алмайды. Олар уайымдамаса болады. Ал, есепшілер мен брокерлер, зауыт қызметкерлерін роботтар жеп отырған нанынан айырады.
Ал, робот қаптаған заманда жұмыссыздықпен қалай күресеміз? Бұл әзірге ғалымдар бас қатырып отырған өзекті сұрақ. Жалпы аузы дуалы сарапшылар, экс-президенттер, Нобель сыйлығының лауреаттары қатысқан ауқымды форумда талқыланған мәселе сан алуан. Әр қайсысының әлемде тұрақтылық орнатып, экономиканы арттыру жолында маңызы зор. Ертең мәресіне жететін пікір алмасу алаңында айтылған тың идеялар жинақталып, оның шешілу жолдары қарастырылмақ.