Алматы облысында Шеңгелді және Қырғауылды ауылдарының аумағында көне қалалардың археологиялық қазба жұмыстары жалғасуда. Оған облыс бюджетінен 17 млн. теңге бағытталған. Оған қоса таяу арада Сарқан ауданындағы «Қойлық», Ескелді ауданындағы «Ешкіөлмес» петроглифтеріне, Жамбыл ауданындағы «Бұрған сақ» пен «Таңбалытас» қорғандарына археологиялық зерттеу басталады. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Амандық Баталовтың Орталық коммуникациялар қызметінде өткізген брифингісі барысында белгілі болды, - деп хабарлайды Mezgil.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
- Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің және өңірдегі өлкетанушы, географ, тарихшы ғалымдардың бірлескен «Рухы бекем, киелі мекен - Жетісу» ғылыми-танымдық экспедициясына 5 мыңнан астам адам тартылды. Облыстағы киелі орындар туралы ел ішінен жинақталған аңыздар мен әңгімелер, фотоматериалдар екі томдықты құрап, жұмыстың нәтижесін көрсетті. Бірінші томы оқырмандарға жол тартса, екінші томы ертең басталғалы отырған экспедицияның қорытындысында шығарылатын болады, - деді Амандық Баталов брифинг барысында.
Сонымен қатар биылғы жылдың іргелі шарасы ретінде Шоқан Уәлихановтың Қашқарияға барған жолымен жүретін ғылыми-танымдық «Шоқан ізімен» экспедициясын және ҚХР-ға «Мұқали» медиа-экспедициясын атауға болады.