Ақтөбеде «Алтын адам» табылды. Қала шетінде топырақ қазуға кіріскен жұмысшылар ғұн заманына жататын жалғыз обаның үстінен түскен. Онда жерленген адам мен жанындағы тұлпары алтынмен апталып, күміспен күптелген. Тосын олжаға тап болған жұмысшылар дереу тәртіп сақшыларына хабар береді. Сол маңға келген археологтар екі күн бойы сол маңды тексеріпті. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Қала шетіндегі карьерде топырақ қазып жүрген жұмысшылар алтынға малынған адам сүйегі шыққанда таң қалады. Жар қабақтан суылдап түскен сүйек пен зерлі бұйымдар біраз шашылып қалған. Ен байлыққа тап болған олар дереу тәртіп сақшыларына хабар береді.
Данат Бақытов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Малдың сүйегі болар дедік. Адамның басы шықты арғы жағынан. Арғы жағынан жалтырап кәдімгі сары темір, алтындар түсе бастады ғой.
Қоршауға алған бұл аймақты археологтар екі күн бойы зерттеген. Олар жалғыз моладағы марқұмның сүйегі кезінде ұрылардан қорғау үшін әдейі жасырын жерленгенін айтады. Себебі, басына ешқандай белгі қойылмаған.
Мейрам Дүйсенғали, Ақтөбе облыстық тарихи өлкетану мұражайының директоры:
-Ғұн дәуірінің яғни 2-4-ші ғасырына жататын жерлеу екенін анықтадық. Жерлеу қазіргі таңда айтуға болады беделді адамның жерлеуі. Ол жерде өте құнды материалдар анықталып жатыр.
Адамның бас киімінен бастап, қолына ұстаған қылышы мен сауыты да алтынмен апталған. Тіпті жанына жерленген атының әбзелдері де алтын-күміспен безендіріліпті.
-Ақтөбедегі «Алтын адам» қазір облыстық өлкетану музейінің сейфінде сақтаулы тұр. Оны енді сараптамаға жөнелтпекші. Бір өкініштісі, алтын адамның үстіндегі киім үлгісін қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Себебі, жұмысшылар көлікпен жер қазған кезде қалақшамен сүйек пен киімнің біраз бөлігін қатты бүлдіріп алған.