Украинадағы «Өмір үшін» партиясының лидері, Жоғары Раданың депутаты Вадим Рабинович кеше телеарнаға берген сұхбатында «украиндықтардың басына бақ орнатамыз» деп отырған еуропалықтарға сене беруге болмайтынын айтты.
Вадим Рабиновичтің айтуынша, «еуропалықтар көмек көрсету қажет» деген желеумен Украинаның ұлттық байлығын тонап жатыр».
–Қымбатты отандастарым, біздің алдымызда қаржылық апатты жағдайлар тұр. Басты назарымыз қазіргі уақытта жаңа үкіметті сайлауға ауып отыр. Бірақ одан да күрделі мәселе бар. Ол – қаржылық дағдарыс, апатты жағдай. Таяу жылдарда Украина қиын да күрделі кезеңді бастан кешіреді. Бұл – факт. Біз саяси популизммен айналысатындардың сөзіне сеніп қала береміз. Қазір біздің елде қандай жағдай орнағанына назар аудармаймыз. Ақиқатын айтсақ, жақында ғана Ұлттық банк шетелден алған 455 миллион доллар қарызын өтеді. Бірақ оған ешкім мән берген жоқ. Жақында Халықаралық валюта қоры тағы да миллиард доллар беретінін мәлім етті. Бұдан шығатын қорытынды не? Еуропа бір қолымен қарызға ақша беріп, екінші қолымен оны паыздық үстемақымен қайтарып алуда. Өткенде Украинадан тасымалданатын бірқатар орман, ағаш материалдарынан баж салығын алып тастау туралы талап қойды. Олар біздің ұлттық байлығымызды тегін алып жатыр, нақты айтқанда, Украинаның шикізаты мен байлығы тоналуда, –деді «Өмір үшін» партиясының лидері, Жоғары Раданың депутаты Вадим Рабинович отандық телеарналардың біріне берген сұхбатында.
Жоғары Рада депутатының айтқанына сенсек, «2018 жылы Украина шетелдік халықаралық ұйымдарға 12,5 миллиард доллар қайтаруы тиіс. 2019 жылы президенттік сайлау өтетініне және мемелекет басына кім келетініне қарамастан 12,1 миллиард доллар төлеуі тиіс. 2020 жылы болса, 10,2 миллиард доллар берешекті өтеуі қажет. Жалпы айтқанда, таяудағы үш-төрт жылда Киев шетелге жалпы көлемі 117 миллиард доллар қарызын қайтаруы керек».
–Негізі 117 миллиард доллар аз ақша емес. Еуропалықтар бізді осылай бұрышқа тығып, өздеріне кіріптар етіп отыр. Бұл экономиканы дамыту емес, қайтарымы үлкен, бос келген ипотека және игілігі жоқ инвестиция. Басы істейтін кез келген адам мұны алдағы үш-төрт жылда қайтарудың мүмкін еместігін біледі. Біз бұл түрімізбен экономикамызды еш дамыта алмаймыз, қайта қарыз алу арқалы барған сайын шетелдіктерге кіріптар болып барамыз. Мұндай әрекет елді дағдарысқа апарып соқтырады. Ақырында мемлекет дефолтқа ұшырайды, –деді Өмір үшін» партиясының лидері, Жоғары Раданың депутаты Вадим Рабинович.
Расында да, соңғы екі-үш жылдан бері Украина қарыз алумен өмір сүріп келеді. 2016-2017 жылдары Украина Халақаралық валюта қорынан 2 миллиард доллар көлемінде қаржы алғаны белгілі. Биыл аталған қор Киевке тағы да миллиард доллар беруге уағдаласқан. Алайда елдің қазіргі жағдайына қарап, қатты ойланып қалған секілді.
Бұл ғана емес, Украина үстіміздегі жылы тағы да Бүкіләлемдік банктен 0,8 миллиард доллар, ал Еурокомиссиядан 0,5 миллиард доллар алуды көздеп отыр. Қарызға ақша алып, күнелтіп отырған елдің келер жылы жағдайы қалай болады, украиндық сарапшылар осыған байланысты қазір жиі дабыл қағуда.
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
Айқын газеті