О дүниеге барып қайтқан мұғалім

1.jpg

Студент кезiмiзде бiзге бiр оқытушы жантану пәнінен дәрiс оқитын. Сауаттылығы мен кәсiбилiгi өз алдына, біз ол кісінің адамгершiлiгiн де қатты бағалайтынбыз. Сабаққа дайын болмағандарға қырын қарау, қыр соңына түсу дегеннен мүлде ада едi. Оқыған дәрiстерi де ерекше, кез келген студенттi баурап алатын.

Күндердiң күнiнде осы оқытушының беймәлiм қырын байқадық. Әдеттегiдей дәрiс оқылып жатқан уақыт. Бұл жолы оқылған дәрiс бiртүрлi қияли, адам сенгiсiз болып көрiндi. Оқытушы жантанудан гөрi қиял-ғажайып әлемiне енiп кеткендей болды. О дүние, ақырет жазасы, күнәға батпау тәрiздi нәрселердi айта бастады. Бiр кезде артқы партада отырған тобымыздағы бiр жiгiт қарқылдап күлiп жiбердi. Бәрiмiз аң-таңбыз. «Мұндай дәрiстерiңiздi қойсаңызшы, қашанға дейiн ақыл үйретесiз бiзге?!» деп өктемсiдi әлгi сабаз. «Сен мен айтқан дүниенiң мәнiсiн түсiнiп те отырған жоқсың. Кейiн түсiнерсiң, бiрақ ол кезде тым кеш болады ғой», – дедi оқытушы. «Неге кеш болады?» деген студенттiң сұрағына оның жауап бергiсi келмедi. Әлгi бала тықақтап қоймаған соң «сенiң артында шайтан отыр» деп қалғаны. Бiрақ студент оның сөзiне аса мән бермедi. Оқытушының қияли сандырағы десе керек.

Алайда бiр аптадан соң бiздiң топ қара жамылды. Оқытушыға өктем сөйлеп, ескерту жасаған тобымыздағы сол жігіттің қайтыс болғанын естiдiк. Туыстары Рауанның неден көз жұмғаны туралы тiс жармады. Бiрақ онымен жақсы аралас-құраласта болған тобымыздағы жiгiттер Рауанның есiрткiден өлгенiн сыбырлап айтып жүрдi. Рауан соңғы рет есiрткiнiң тым артық дозасын қабылдаған көрiнедi.

Осы кезде менің есіме бiр жетi бұрын болған оқиға түстi. Мән-жайды оқытушы ағайымыздың өзiнен сұрастыра бастадым. Сөйтсем, ағайымыздың көзiне расымен де Рауанның артында отырған шайтан көрiнiптi. «Неге өзгенiң көзiне көрiнбеген нәрсе тек оқытушыға ғана байқалды?» деген сұрақ туындады. Оның мәні бар екен.

Ағайымызға осыдан бiрнеше жыл бұрын операция жасалған екен. Сол операцияда дәрiгерлер оны өлдіге санаған. Себебi ол бiрнеше күн бойы ес-түссіз жатқан. Бiр сәтке жүрек қағысы да мүлдем тоқтап қалған екен. Содан әупiрiмдеп жүрiп қолынан келгенiн жасаған дәрiгерлер оны осы өмiрге қайтарған көрiнедi. Бiраз күннен кейiн ес жиып, өз-өзiне келген соң ол бiртүрлi тылсым құбылыстарды көре бастапты. Өзiнiң айтуынша, Рауанның артынан шайтанның ерiп жүргенiн баяғыда байқаған. Оның бiр апталық өмiрi ғана қалғанын да жақсы бiлiптi. Бұл қасиет оған ана дүниеге барып келген соң дарыған екен.

Ол бұдан бөлек өзге жұмбақ құбылыстардың да сырын бiлетiнiн бертiнде бiлдiм. О дүниеге бiрнеше минут қана барып қайтқан адамның тылсым дүниемен мұнша байланысы барына таңғалдым. Бірде, «ал сонда ана дүниеде көзiңiзге не көрiндi? Ол жақ қандай екен?» деп ақырет жайлы сұрағаным бар. Бірақ, ағай оған жауап бермей қойды. «Кезi келгенде әрқайсымыздың баратын жерiмiз, сонда өзiң көрерсiң», – дедi.

 

 

Сәния БЕКБАТЫР,

 Алаш айнасы



Ұқсас тақырыптар