Оңтүстік Кореяда Денис Тенді еске алу кеші өтті

4.jpg

Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы Елшілігі жанында қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді еске алу кеші өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Спортшымен қоштасу үшін еске алу кешіне Денис Теннің достары мен фанаттары жиналды», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Сонгюнгван униаерситетінің саясаттану және дипломатия мамандығы бойынша магистранты Бауыржан Дәуітов.

Сондай-ақ, спортшымен қоштасу кешіне орыс тілінде блог жүргізетін Мин Кен Хва да қатысты.

«Қазақстан мен Корея ұлы чемпиондарынан айырылды. Денис пен оның атасы - Корея мен Қазақстанның батырлары», - деді блогер.

Еске сала кетсек, Астанада өткен Денис Тенмен қоштасу рәсімінде Оңтүстік Корея Республикасының Қазақстандағы елшісі Ким Дэ Сик Денис Теннің өлімін Қазақстан үшін ғана емес, әлемдік қауымдастық үшін орны толмас қайғы деп бағалады. Елші Денистің тәуелсіздік үшін күрескен танымал корей генералы Мин Гын Хоның ұрпағы екенін еске салды. «Асыл досымызды ешқашан ұмытпаймыз», - деді елші.

Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынан Алматы ауруханасында көз жұмды. Іс бойынша екі күдікті қолға түсті.

Кейінірек белгілі болғандай, автокөлік ұрылары Нұралы Қиясов пен Арман Құдайбергенов танымал спортшыны өлтіргендерін әлеуметтік желіден білген.



Ұқсас тақырыптар