Египетте «Ислам бауырлар» ұйымының 75 мүшесі өлім жазасына кесілді

2.jpg

Египет соты "Мұсылман бауырлар" исламшыл қозғалысының 75 мүшесіне өлім жазасын кесті. Олардың 41-і қамауда отыр, 31 адамға үкім сырттай шығарылған. Сот үкімін Египеттің жоғарғы мүфтиіне бекітуге енгізген деп жазады Азаттық.

Өлім жазасына кесілгендердің барлығы 2013 жылы Египетте президент Мұхаммед Мурсидің қызметінен шеттетілуімен келіспей, көшеге шеруге шыққан наразылар мен полиция күші арасында қақтығыстар болған кезде қылмыс жасаған деген айыппен сотқа тартылғандар.

2013 жылы тамызда болған наразылық шерулері кезінде кісі өлтіру, вандализм қылмыстарына барған деген айыптар жалпы саны 700-ден астам адамға тағылған. Бұл іс бойынша келесі сот отырысы биыл қыркүйек айында өтпек.

Amnesty International құқық қорғау ұйымының мәліметінше, Египетте 2013 жылғы тамызда наразылар мен полиция арасында болған қақтығыстар барысында 800-ден көп демонстрант ажал құшқан. Египет билігі 40-тан астам полиция қызметкері қаза тапқан, наразылардың көбінде қару болған дейді.



Ұқсас тақырыптар