Бүгін «Әскер-2018» Халықаралық форум алаңында ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов «Роскосмос» Ғарыштық қызметі бойынша мемлекеттік корпорацияның Бас директоры Дмитрий Рогозинмен кездесті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шара аясында қазақстандық және ресейлік тараптар «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін (ҒЗК) құру жөнінде Үкіметаралық келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Хаттамаға қол қойды.
Аталған құжатқа қол қоюы қазақстандық тарапқа бұл жобаны қаржыландыру мәселені шешуге кірісуге мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Сонымен қатар, кездесу шеңберінде екі жақ басқа да бірлескен жобалардың іске асу барысы мен «Байқоңыр» кешеніне инвестициялар тарту мәселелерін талқылады.
Естеріңізге сала кетейік, қазіргі уақытта қазақстандық делегация 2018 жылдың 21-26 тамыз аралығында РФ Мәскеу облысының Кубинка қаласында өтетін «Әскер-2018» IV Халықаралық әскери-техникалық форумының жұмысына қатысып отыр. Қазақстан Республикасы қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің кәсіпорындары экспорттық потенциалы бар қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа үлгілерін ұсынуда.