Астанада қайраткерлер ядролық сынақ құрбандарын еске алды

1.jpg

Бүгін ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Əбдірахманов елордада "Өткенді еске алып, болашаққа беттеу" халықаралық конференциясын ашты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Бүгін Астанада Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарты ұйымының (ЯСЖТШҰ) халықаралық конференциясы басталды. Шара 2-ші қыркүйекке дейін жалғасады.

"Біз бүгін - 29 тамыз күні жиналып отырғанымыз бекер емес. Бұл күн Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы тарапынан Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні болып жарияланған. Қазақстан үшін бұл күннің маңызы зор. Себебі бұл күн тек ядролық сынақтардың мол зардабы жайлы еске алып қана қоймай, ұстамы бір мемлекеттердің, азаматтық қоғам өкілдерінің және жеке тұлғалардың ядролық қаупі жоқ болашақ құру мақсатында күштерін біріктіруге бағытталған", - деді Қайрат Əбдірахманов.

Сыртқы ведомство басшысы өткен қасіретті ешқашан ұмытпау керектігін айтып, ядролық сынақ салдарынан зардап шеккен жəне қаза тапқан адамдарды бір минут үнсіздікпен еске алуға шақырды.

Атап өтсек, бүгін басталған конференция Шарттың мәртебесін жоғарылату жолын қоса алғанда жаһандық әлемді құрудағы ядролық қарусыздандыру және таратпаудың рөлін талқылау мақсатында Беделді қайраткерлер тобы мен ЯСЖТШҰ жастар тобының басын біріктірді. Форум барысында Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне орайластырған Бірлескен декларация қабылданады.

ЯСЖТШҰ конференциясының қатысушылары бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны мен Курчатов қаласындағы мұражайға, кеңес ядролық сынақтар орталығына барады. Бұл жастарға аталған сұрапыл қаруды сынаудың адамдар мен қоршаған ортаға тигізген ауыр салдарын көруге мүмкіндік бермек.

31 тамызда конференция қатысушыларының Қазақстан Ұлттық ядролық орталығының басшылығымен, сондай-ақ ядролық қауіпсіздік саласындағы жас мамандармен кездесулері өткізілмек.

Ал 1 қыркүйекте Тәжірибелік алаңы мен Крест сейсмикалық станциясына бару жоспарланған.



Ұқсас тақырыптар