Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея ортақ шекараны минадан тазартып жатыр

1.jpg

Солтүстік және Оңтүстік Кореяның шекарасы тікенекті сымдармен ғана емес, миналармен де күшейтілген. Енді қос Кореяның әскерлері ортақ шекарадағы 800 мың миналарды алып тастауға кірісті. Бұл туралы мемлекеттің шенеуніктері хабарлады, деп жазады Baq.kz ақпарат агенттігі ВВС басылымына сілтеме жасап.

Тазалау жұмыстары алдымен оңтүстікте орналасқан екі елдің шекарасындағы ең қатты күшейтілген ортақ қауіпсіздік аймақ (JSA) саналатын Панмунджом ауылында басталды. Сонымен қатар Корея соғысы кезінде жүздеген сарбаз қаза тапқан жекелеген аумақтарда да миналар алып тасталатын болады. Бұл шешім өткен айда Солтүстік және Оңтүстік Корея басшылары Ким Чен Ын мен Мун Чже Иннің Пхеньяндағы кездесуінде қабылданған еді.

Оңтүстік Кореяның қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, әскерилер алдағы жиырма күнде қарусызданатын аймақтың (DMZ) жалғыз бөлігіне айналған JSA жеріндегі миналарды толығымен тазартады деп күтілуде. Ал тазалау жұмыстары өз мәресіне жеткен кезде күзет орындары мен қарулар да алынып тасталмақ. Осылайша бұл өңірдегі қарусыз әскер шекарадағы шиеленісті шешуге аз да болса септігін тигізеді деп күтілуде.

Сәуір айында Оңтүстік Корея шекарадағы дауыс зорайтқыштары арқылы насихат жүргізуді тоқтатқанын хабарлаған болатын. Бұл да «екі Корея арасындағы әскери шиеленісті жеңілдетуге» бағытталған қадам ретінде бағаланған еді. Ал қазір шекарадағы дауыс зорайтқыштар мүлдем алынып тасталуда.

Қарусызданатын аймақ (DMZ) – Корея түбегі арқылы өтетін ұзындығы 250 километрге, ені 4 километрге созылған жер. Бүгінгі таңда бұл ең көп миналанған және тікенекті сымдармен қоршалған, бақылау камералары орнатылып, электр қоршаулары орналастырылған жерге айналған. Сондай-ақ бұл жерді Солтүстік және Оңтүстік Кореяның әрқайсысынан ондаған мың жауынгер күзетеді. Яғни, бұл шекарадан өту мүлдем мүмкін емес. Ал өткен жылы қараша айында солтүстіккореялық жауынгерлер Оңтүстік Корея шекарасына өткен өздерінің бір адамын атып тастаған болатын. Оңтүстік Корея шенеуніктерінің айтуынша, жеті жыл бұрын басшылыққа Ким Чен Ын келгелі оңтүстікке келетін солтүстік кореялық қашқындар саны күрт азайған.

Корея соғысының 1953 жылы аяқталғанына қарамастан әлі де бір-бірімен жауласып келе жатқан Оңтүстік және Солтүстік Кореяның қарым-қатынасы соңғы айларда жақсарып келеді. Өткен айда екі мемлекет басшылары Пхеньянда кездесіп,денуклеаризация туралы келіссөздер жүргізген еді. Бұл оқиға маусым айында Сингапурде Ким Чен Ынның АҚШ президенті Дональд Трамппен тарихи кездесуінен кейін болды. Айта кету керек, бұл кездесуде екі ел басшылары ядросыз Корея түбегінде жұмыс ісеуге келіскен еді.

Ағылшын тілінен аударған: Алтынай Қуанышбек



Ұқсас тақырыптар