Британиялық Келл Брук кәсіпқой бокстағы жеңілістері жайлы айта келе, ешкім күтпеген мәлімдеме жасады.
Бұрынғы әлем чемпионы Геннадий Головкин мен Эррол Спенстен жеңілгеніне күмән келтірді. Айтуынша, ол бұл жекпе-жектерді одан әрі жалғастырғысы келген, кездесулерді тоқтатуға сүйектің сынып кетуі себеп болған, деп жазды Sports.kz.
"Ойда жүрген көптеген жекпе-жек бар. Орта салмақта Кит Турман мен Мэнни Пакьяомен жұдырықтассам деймін. Сондай-ақ реванш алғысы келсе, Шон Портермен айқасуға болады", — деп атап өтті Келл.
"Мен тіпті жеңілген емеспін. Жеңілістерім сүйектің сынуымен байланысты, сондықтан іс жүзінде мен бірде-бір рет жеңілген жоқпын. Сол кезде шынымен де жеңілдім бе? Рингте соңына дейін баратынымды бәрі біледі. Мені жеңу үшін шын мәнінде мықты жігіт болу керек", — деп мәлімдеді Брук.
Британиялықтың сөзін әрқалай түсіндіруге және қабылдауға болады, бірақ жекпе-жектердің нәтижесі тек боксшылардың ерік-жігері мен құлшынысы ғана анықтамайтынын айтпай кетуге болмас.