84 жылдық тариxы бар Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры ағымдағы жылдың қазан айының 22-29 күндері аралығында Тәжікстан Республикасы Душанбе қаласында өтетін «ЧОДАРИ ХАЁЛ» VI Халықаралық қуыршақ театрларының фестиваліне қатысады. Биылғы өнер мерекесіне Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркменстан және Украинаның үздік өнер ұжымдары қатысып, өзара тәжірибе алмаспақ. Кәсіби сарапшылардың талдауларын тыңдап, шеберліктерін аттырмақ.
Театр фестивалінің басты мақсаты – қуыршақ театры өнерінің әлемдік кеңістікте даму жолын сақтай отырып, әр елдің репертуар саясатымен кеңінен танысу, өнер ошақтарының шығармашылық тынысын бағамдау.
Фестиваль аясында негізгі бағдарламадағы қойылымдардың көрсетілімінен тыс, мерекелік арнайы қойылымдар, фестиваль қатысушыларының арасында дөңгелек үстелдер мен шеберлік сағаттары, т.б. шаралар ұйымдастырылу жоспарлануда.
Үздіктер бас қосатын өнер мерекесінде Мемлекеттік қуыршақ театры «АНА ЖҮРЕГІ» (авт.: Е.Ионов, реж.: А.Зайцев) драмалық қойылымымен қатысады. Бұл – біздің ұжым үшін зор жетістік. 83-ші маусымда көрерменге жол тартқан спектакльдің тақырыбы мен көрерменге берер ойы, мазмұны мен маңызы ерекше. Қаншама ғасыр өтсе де, өмірдің кілтін ұстап тұрған «ана» мен «бала» ұғымы ешқашан құндылығын жоғалтқан емес. Ана балаға, бала анаға тәуелді. Бірақ, бүгінгі заманда біз бұл түсінікті қалай қабылдаймыз?!. Міне, осы сауалға жауап іздейтін қойылым қуыршақтар бейнесінде тіл қатып, көрерменге ерекше әсер қалдыратыны анық.
Айта кетерлік жайт, аталмыш қойылым а.ж. қыркүйек айының 23-26 күндері аралығында Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театрының ұйымдастыруымен өткен «Ассалаумағалейкум – V» Халықаралық қуыршақ театрлары фестиваліне қатасып, «Ең үздік спектакль» номинациясын иелене отырып, Гран – приді жеңіп алды. Сондай-ақ, қойылым 2019 жылдың маусым айында Ресей Федерациясы Санкт-Петербург қаласында өтетін «КУКART» Халықаралық қуыршақ театрлары фестиваліне жолдама алды.
Өнер ұжымы «Ана жүрегі» қойылымын 22 қазан күні сағат 17:00-де фестивальдің салтанатты ашылуында және 23 қазан күні сағат 9:30-да фестиваль қатысушылары мен сарапшылары, көрерменнің назарына ұсынады.
Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ,
Әкімшілік және ақпарат бөлімінің меңгерушісі