Кеше Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіру мақсатында Алматы облысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы келді.
Министр Талдықорғандағы Салтанат сарайында облыс әкімі Амандық Баталов бастаған облыс активімен, XVIII Азия ойындары мен III Паразия ойындарының жүлдегерлерімен кездесіп, Жолдауда қойылған міндеттерді талқылады.
- Төменгі жалақыны өсіру, қолжетімді баспана құрылысын дамыту, педагогтардың мәртебесі туралы заң дайындау мен қабылдау, озық технологиямен жабдықталған онкологиялық орталық ашу, барлық мектептерді бейнебақылау камераларымен 100 % жабдықтау, дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін жаппай салу. Жолдауда атап көрсетілген осы және өзге де тапсырмалар халықтың тұрмыс жағдайын көтеруге, өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Жолдау Алматы облысының одан әрі өркендеуіне мол мүмкіндік беріп отыр. Соның ішінде мәдениет, туризм, спорт салаларын да ерекше атап өтуге болады. Бір ғана Алакөлдің өзінде биылғы жылы миллионнан астам турист демалды. Облыста дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынып жатыр. Бұл жұмысқа өңірдегі меценаттар да белсене қатысуға кірісті. Әлгінде өзім куә болған осындағы жаңа театр – көркемдік дизайны, акустикалық мүмкіндіктері зор өте ерекше ғимарат. Мұндай театрдың ашылуы – аса маңызды мәдени оқиға. Бүгінгі сәтті пайдалана отырып, облыс басшылығымен бірлесе жұмыс істеп, барлық бағытта алдыңғы қатардан көрініп келе жатқан өңір халқына ризашылығымды білдіремін, - деді А. Мұхамадиұлы.
Кездесу барысында «Жетісу» телеарнасының директоры Бейсен Құранбек сөз алып, өңір журналистерінің де Елбасы Жолдауын түсіндіруге белсене кіріскендерін атап өтті. Өз кезегінде Олимпиадалық резервтер дайындау орталығының директоры, еркін күрестен олимпиада чемпионы, Қазақстанның спорт шебері Мәулен Мамыров спорт саласына көрсетіліп отырған мемлекет қолдауына ризашылығын айтып, облыс спортшыларының ел спортын дамытуға қосқан үлестеріне де тоқталып өтті.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Амандық Баталов Жолдауды жүзеге асыру мақсатында өңірде аталмыш құжатта көрсетілген барлық бағыттар қамтылған жоспар әзірленіп, оны орындау шаралары атқарылып жатқанын тілге иек етті.
- Жолдаудың негізгі көтерер жүгі – қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс сапасын жақсарту. Сондықтан Елбасы тарапынан берілген нақты тапсырмаларды басшылыққа алып жұмыс істейміз. Ең алдымен, жаңа жұмыс орындарын ашу, бар кәсіпорындарды жаңғыртудан өткізу, жаңа кәсіпорындар құруға екпін түсіруіміз керек. Мәселен, облыста біз шаруаларға сапалы тұқым беруден бастап ұзақ жылдар тоқтап тұрған қант зауыттарын қалпына келтіруге дейінгі қант кластерін құрдық. Екінші кезеңде осы зауыттарды жаңғыртып, соның нәтижесінде шығынды азайта отырып, алынған өнімнің сапасын арттырдық. Биылғы жылы 400-450 мың тонна қант қызылшасын өңдейміз деп отырмыз. Бұл – рекордтық өнім. Оған қоса басқа да дақылдарға көңіл бөліп келеміз. Биылғы жылы Райымбек ауданында атқарылған жұмыстардың арқасында бір гектардан 500 центнер картоп алдық, ал облыс бойынша жалпы өнім әр гектарынан 180 центнерден айналды. Өмір сүрудің қолайлылығы мен қауіпсіздігі де басты назарда. Талдықорған қаласының өзінде 20-дан астам бейнекамера орнатылды, ал осыдан 4 жыл бұрын олардың саны небары 24 еді. Бұл жұмыс облыстың басқа өңірлерінде де жүргізіліп жатыр. 2 жылдың ішінде тұрғын үймен біріктірілген 100 учаскелік полиция пунктін салдық. Мұндай нысандардың құрылысы әлі де жалғасады. Тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыруды да ұмыт қалдырған жоқпыз. Бір ғана Қапшағай қаласында бұл мақсатқа 670 млн. теңге бөлініп отыр. Осылайша біз ел Президенті өз Жолдауында атап көрсеткен халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту шараларын жалғастыратын боламыз, - деді А. Баталов.