Алматы, BAQ.KZ тілшісі. 2018 жылдың 9 айы ішінде Алматы қаласы аумағында 3447 жол-көлік оқиғасы (ЖКО) тіркелген, нәтижесінде 103 адам қаза тауып, 4470 адам жарақат алған. Бұл туралы Алматы қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жандос Мұратәлиев сауалымызға жауап беру барысында айтты.
Оның айтуынша, биыл Алматы қаласының қылмыстық және жол ахаулдары бір қалыпты. Алайда, жол-көлік ахуалы әлі де алаңдаулы күйде.
«Бұл жағдай бірқатар себепке байланысты, соның ішінде көлік санының көп болуы, қала аумағының ұлғаюы, әсіресе жол қозғалысы қатысушыларының ережені сақтамауы қиындық тудыруда. Жалпы биыл қаңтар-қыркүйек айларында қала бойынша 3447 ЖКО тіркелді, 103 адам қаза тауып, 4470-і жарақаттанды. Балалардың қатысуымен 732 жағдай тіркелген, өкінішке қарай 9 бала көз жұмды», - дейді полиция полковнигі.
Сонымен қатар ол жол-көлік оқиғаларының көп бөлігін жаяу жүргіншілерді қағу деректері құрап отырғанын жеткізді.
«Жыл басынан бері 1623 жаяу жүргіншіні қағу дерегі тіркелді, салдарынан 70 адам қаза болып, 1645 жүргінші дене жарақатын алған. Ал маневр жасау ережесінің бұзылуы бойынша 1192 ЖКО тіркелген, нәтижесінде 21 адам қаза тауып, 1471 адам жарақат алған. Жылдамдық режимін сақтамаудан 995 ЖКО тіркелген, оның салдарынан 49 адам көз жұмса, 1175-і жарақат алған», - дейді Мұратәлиев.
Оның айтуынша, апатты жағдайлардың орын алуының негізгі факторы – жол қозғалысы аясындағы жұртшылықтың мәдениеті мен құқықтық қабылдау деңгейінің төмендігі, ережелер мен нормаларға деген дұрыс көзқарасының болмауы. Сондай-ақ жол бойында өзін-өзі ұстау мәдениетінің, жауапкершілігінің төмендігі болып отыр.
Алматы қаласындағы апатты жол учаскелері
- Райымбек даңғылы – 240 ЖКО тіркелген, 10 адам қаза болып, 283 адам жарақат алған.
- Төле би көшесі – 177 ЖКО тіркелген, 5 адам қаза тауып, 210 адам жарақат алған.
- Солтүстік айналым көшесі – 119 ЖКО тіркелген, 10 адам көз жұмып, 139-ы жарақат алған.
- Рысқұлов даңғылы – 130 ЖКО тіркелген, 7 адам қаза болып, 154-і қаза болған.
- Әл-Фараби даңғылы – 97 ЖКО тіркелген, 5 адам қаза болып, 125 адам жарақат алған.
- Сайын көшесі – 72 ЖКО тіркелген, 5 адам қаза болып, 87 адам жарақат алған.
- Сүйінбай даңғылы – 68 ЖКО тіркелген, 9 адам көз жұмып, 80 адам жарақат алған.