Педиатрия орталығы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен республика бойынша өткен «ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ ДИКТАНТ» шарасына қатысып, алғаш рет латын әліпбиінде диктант жазды.
Жаңа қазақ әліпбиін насихаттау, латыннегізді қазақ әліпбиін практикалық тұрғыда меңгеруге дағдыландыру мақсатында өткен шараға орталықтың басшылық құрамы мен дәрігерлерімен қатар, резидентурада білім алушы студенттер де атсалысты. Мәжіліс залында өткен диктант жазуға 70-тен аса қатысушылармен қатар, әр қызметкер өз қызмет орындарында онлайн режимінде тыңдап, жазды.
Шараны Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басшысы Риза Боранбаева ашып, латын әліпбиіне көшудің мәні мен маңызына тоқталып, бүгінгі шара бірдей уақытта еліміздің барлық аймағында, республика бойынша өтетіндігін ерекше атап өтті.
Алғаш рет латын әліпбиінде диктант жазғандардың арасында жастар да, орта жастан асқандар да, аға буын қызметкерлер де бар. Олар үшін бірден жазып кету қиын болғанымен, жаңа графиканың өзіндік жеңіл тұстары да бар, дейді қатысушылар.
«Бүгін біз үшін латын әліпбиіне көз үйрету, қол жаттықтыру болды. Мен үшін жаңа әліпбимен жазу оңай болмады. Бірнеше әріптерді шатастырдым. Әсіресе, «ы» мен «у», «ұ» мен «ү» әрпін. Дегенмен, сондай қиын емес екен. Бірнеше рет жазып үйренсең, дағдылануға болады. Біздер үшін халықпен тікелей жұмыс істейтін болғандықтан латын әліпбиін бірінші кезекте меңгеру маңызды», дейді орталықтың психологы Гүлжамила Нүсіпжанова.
«Мен бұл шара туралы ести сала, өз мүмкіндігімді сынап көру үшін арнайы қатысып отырмын. Бірнеше тіл білетін мен үшін диктантты жазу оңай болды», деді 1 курс резиденті, жас педиатр маман Зарина Таубалдиева.
Педиатрия орталығының ұжымы "Қазақ" радиосынан тікелей эфирде берілген мәтін аудиосын тыңдап, жазды.
Mezgil.kz